Баба бейітін адаспай табасыз

Ақп 13, 2025

Павлодар облысында зираттарды цифрландыру қызметі қарқынды жүріп жатыр. Бұл жобаны өткен жылы  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Qamqor-sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы бастаған болатын. Жобаның алғашқы кезеңі бойынша, яғни, өткен жылдың күзінде облысқа қарасты  қаланың аумағындағы 21 жерлеу орнында жұмыстар басталған еді. Бүгінгі таңда сол қабірлердің 80 пайызы тізімге алынып, арнайы қосымшаға енгізілген.

«Qamqor-sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы облыстық филиалының директоры Ислам Төлебайдың сөзінше, бүгінгі күнге дейін 20-дан астам зират орындары цифрландырылған. Олардың қатарында Павлодар, Ақсу, Екібастұз қаласының аумағындағы зираттар, атап айтар болсақ, Атамекен кенті, Мойылды, Жетекші, Байдала, Бірлік, Қаратоғай ауылдарындағы және облыс орталығындағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарының бейітінде тіркеу жұмыстары жүргізіліпті. Сонымен қатар, Ақсу қаласы мен Екібастұз қаласына жақын орналасқан зираттарды цифрландыру жұмысы ойдағыдай жүргізілген. Мамандардың сөзінше, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының басын анықтау қиынға соққан. Себебі, олардың көбінің басына ешқандай белгітас орнатылмаған, тіпті қойылған күннің өзінде жазулары өшіп қалған екен.

—  Зираттағы мәліметтерді түсіріп, базаға енгізу жұмысы әрбір мешіттерге бөлініп берілген. Бұл жұмысты имамдар жергілікті жамағатпен, еріктілермен бірлесіп орындап жатыр. Жауапты аза-маттар зират басына қойылған құлпытасты фотоға түсіреді де, қосмша арқылы базаға енгізеді. Сол келіп түскен фотосурет арқылы марқұм туралы мәлімет картаға қосылады. Ал жазуы өшіп қалған құлпытастар мен ешқандай белгі орнатылмаған қабірлерді анықтау үшін зират басындағы шырақшылармен, марқұмдардың ұрпақтарымен, ағайын-туыстарымен жұмыс жүргізіледі.

Зираттарды цифрландырудың процесі мынадай: Қызметкерлер марқұмдардың басына қойылған құлпытастарды, бастақтайларды суретке түсіріп, оны арнайы платформаға жүктейді. Осылайша, сіз дүниенің қай түкпірінде жүрсеңіз де, туыс-туғандарыңыздың қай зиратқа қойылғанын көріп отырасыз. Бұл жобаның басты мақсаты — мұсылман зираттарын бірізділікке түсіру болып отыр. Сонымен қатар, жерлеу қызметі де іске қосылатын болады.

— Жалпы, бұл қызметті әртүрлі түсініп жүргендер бар. Дегенмен көпшілік қолдап отыр. Мысалы, қазіргі үлкендердің көбі өздерінің әке-шешелерінің, ата-бабаларының жатқан жерін біледі. Ал ол кісілер жанымызда мәңгілік жүрмейді. Бұл — өмірдің заңдылығы. Үлкендердің көзі кеткенде кейінгі ұрпақ сол ата-бабаларының жатқан жерін таба алмай қалуы мүмкін. Сонда арнайы қосымша арқылы аты-жөнімен, дүниеге келген және дүниеден өткен күні арқылы оңай тауып алуға болады, — деді Ислам Төлебай.

«Qamqor-sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының тағы бір қызметі – дүниеден өткен адамды ақтық сапарға аттандыру рәсімін бірізділікке түсіру. Атап айтар болсақ, қонақасын беру, зираттардың басын көтеру тәртібі үнемі осы ұйымның бақылауында. Биылғы жоспарымыз — ауыл-ауылдарды аралап, Діни басқарма бекітіп  берген жерлеу рәсімін халыққа түсіндіру, дейді мамандар. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Жерлеу» деген қосымша іске қосылады. Онда жерлеу орындарын алу, жерлеу рәсімін жүргізу тәртібі, ас беру тәртібі, қайтыс болғаны туралы анықтамалар алу сияқты қызметтер көрсетілетін болады.

Тілеуберді САХАБА.