Жақында мыңнан астам ұландық қызмет ететін Павлодар қаласындағы №5512 әскери бөлімінің құрылғанына 35 жыл толды. Осыған орай облыс орталығындағы «Достық үйінде» салтанатты шара өтіп, жиын барысында әскери қызметтегі кәсіби шеберлігі үшін бір топ әскери қызметшіге Алғыс хат беріліп, ұзақ жыл елеулі еңбек етіп жүрген қызметкерлерге сый-құрмет көрсетілді.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, №5512 әскери бөлімінің іргетасы 1989 жылы 23 қазанда қаланған. Содан бері қоғамдық тәртіпті сақтауға, әр түрлі апаттық жағдайларда елдің қасынан табылуға дайын аталмыш әскери бөлімнің жауынгерлері Отан алдындағы борышын қалтқысыз, асқақ абыроймен атқарып келеді. Бөлім командирі Арман Пернеқұлов 35 жыл бойы өзіне жүктелген міндетті адал орындап келе жатқан әскери бөлімнің тарихы туралы тоқталып, бүгінгі күні ел қалқанына айналған білікті мамандарға, офицерлер мен сарбаздарға алғыс білдірді.
– Әскери бөлім қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен тыныштықтың сақталуына айрықша еңбек етуде. Республика күнімен тұспа-тұс келген әскери бөлімнің құрылған күні қызметкерлер үшін ғана емес, еліміздің әскери саласы үшін маңызды күн болып саналады. Жалпы, ұландықтар қоғамдағы елеулі оқиғаларға да асқан қырағылықпен көзге түсуде. Айталық, биыл Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде елордадағы қоғамдық тәртіпті қадағалаған әскери қызметшілер жоғалған смартфондарды тауып, көшеде көз жазып, үйін таппай адасқан балаларды ата-анасымен қауыштырды, – деді әскери бөлім командирі.
Айта кетерлігі, №5512 әскери бөлім биылғы жылы инспекторлық тексерістен сәтті өткен. Шара аясында сарбаздардың күнделікті оқу-жаттығу кезінде қолданатын қару-жарақ түрлері көпшілікке көрме ретінде ұсынылды. Аталған әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Мират Құсановтың айтуынша, әскери бөлімде атқарылар міндет әр қилы. Алайда қоғамдық тәртіпті сақтауда, ел тыныштығын күзетуде барлық сарбаздың міндеті ортақ.
– Мен азаматтық борышымды өтеп жатқан әскери бөлімнің 35 жылдығы аталып өтті. Бүгінде мұнда еліміздің әр облысынан келген жас жауынгерлермен жолдас болдық. Әскери бөлімдегі өмірім өзіме қатты ұнайды. Бөлім командирі, офицерлер құрамы үйреткен әскери дағдыларды бойымызға сіңіріп, әскери техниканың қыр-сырын меңгерудеміз, — деді жас сарбаз.
МҰҚЫШЕВ.