Таяуда облыс орталығында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған екі оңалту орталығы ашылды. Денсаулығында кінәраты бар балаларға қызмет көрсететін қос нысанның бірі – Торайғыров көшесі, 46, екіншісі – Академик Шөкин көшесі, 148-үй мекенжайында орын тепті.

Заманауи құрылғылармен жабдық-талған нысан жүйке жүйесі және тірек-қимыл аппараты аурулары бар балаларға арналған. Мекемелер 3 айлық нәрестеден 18 жасқа дейінгі балаларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін амбулаторлық-емханалық қызмет көрсетеді. Қос нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Асайын Байханов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан, ERG демеушілік компаниясының өкілі, Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев қатысты.

Жиналғандарды аймақ басшысы құттықтап, әлеуметтік серіктестерге жылы лебізін білдірді.

— Заманауи оңалту орталығы балалардың игілігі үшін ашылып отыр. Нысандардың бой көтеруіне ат салысқан барша жанға алғыс білдіремін. Мұнда жүйке жүйесі және тірек-қимыл аппараты аурулары бар балалар ем алатын болады. Жаңа орталықтар — мемлекет пен демеушілердің бірлескен еңбегінің жемісі. Бұл ретте «Qh Оңалту орталығы» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы көмегімен мекеме іші толық жабдықталды. Ғимараттар ERG компаниясының демеушілігінің арқасында қайта жаңғырды. Орталық қызмет-керлерінің жұмысына сәттілік тілеймін, — деді Асайын Қуандықұлы.

Жобаның серіктесі — «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева мұндай маңызды жобалар жыл сайын жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Павлодар облысына маңызды жобаларға 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Оның ішінде дәрі-дәрмек, онкология, медицина мамандарының біліктілігін арттыру, оңалту орталықтарын ашу сынды өзекті мәселелерге көңіл бөлінуде.

— Еліміз бойынша әр өңірден ата-аналар біздің қорға өз өтініштерін білдіреді. Олардың сұрауы бойынша осындай оңалту орталықтары бой көтерді. 2025 жылға да жоспар көп. Облыстық онкологиялық диспансерден сәулемен емдейтін құрылғы – сызықтық үдеткішке өтінім түскен болатын. Мұндай аппарат — қатерлі ісікті емдеуде қолданылатын тың әдіс. Жобаның құны 3 млрд 700 млн теңгеден асады. Жергілікті мамандармен келісіп, бұл жұмысты да іске асыратын боламыз.

Өз басым жұмыс барысымен еліміздің түкпір-түкпіріне барамын. Павлодар облысының медицина мамандары өте мықты екенін атап өткім келеді. Көзі нашар көретін балаларға қажетті ем жүргізетін құрылғылар сатып алған едік. Павлодарлық дәрігерлер заманауи тың әдістердің көмегімен оң нәтижеге қол жеткізіп отыр, — деді Л.Шыңғысбаева.

Ак.Шөкин көшесі, 148 мекен-жайындағы оңалту орталығы 3 айлық нәрестеден бастап 3 жасқа дейінгі сәбилерді қабылдайды. Ал Торайғыров көшесіндегі мекеме 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға ем-дом жүргізеді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған қос нысанда емдеу-шынықтыру залы, тренажермен жабдықталған механотерапия бөлмесі, психолог, логопед бөлмесі, балалардың дене моторикасын дамытатын бөлме, тұзды шахта қарастырылған. Тіпті, ата-аналарға арналған шағын тамақтану орны да бар.

Оңалту орталығы директорының орынбасары Алмагүл Әйткенова жыл сайын екі мекеме 600 балаға қызмет көрсететінін атап өтті.

— Ерекше балаларды өсіріп отырған ата-аналар тіркеуде тұрған емхананың учаскелік дәрігеріне барып, жолдама алуы қажет. Соның аясында біздің орталықта оңалтудан өтеді. Мекемелер бір ауысымда 50 баланы қабылдауға қауқарлы. Оңалту курсы 21 күнді құрайды.

Облыс орталығында Лермонтов көшесіндегі оңалту орталығы балаларға қызмет көрсетіп келеді. Жаңа қос нысан жұмысымызды жеңілдетіп, талай баланы аурудан айықтырады деген ойдамыз. Облыс бойынша 3780 бала мүгедектік бойынша есепте тұр. Олардың бәрі жыл сайын тексеруден өтеді. Жаңадан ашылған мекемелер жылына 600 баланы қабылдайтын болады. Енді денсаулығында кінәраты бар балалар Астанаға қатынамай, қажетті емді өзімізде алады, — деді Алмагүл Әйткенова.

Шара соңында мекеме қызметкерлері мен ата-аналар қауымы аймақ басшысы мен демеушілерге ризашылықтарын білдірді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.