Балаларға бағыт береді

Нау 20, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Өңірде балалар үйінің тәрбиеленушілерін кәсіби бағдарлау, олардың жұмысшы мамандықтарға оқуға түсуіне жағдай жасау бағытында тағы бір оң қадам жасалмақ. Осы мақсатта облыста «Samruk Umiti» жобасы жүзеге асады.

Павлодар облысының әкімдігі мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Соған сәйкес, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобалар қоры біздің өңірде «Samruk Umiti» жобасын іске асырып, оны қаржыландыруға ниетті.

Аталмыш жоба балалар үйінің 8-9-сынып оқушыларын колледждерге жұмысшы мамандық-тарға оқуға түсуге дайындап, жетім балаларды ересек өмірге бейімдеуге бағытталған. Сондай-ақ, қор балалар үйінің түлектерін «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларына жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.

Қол қою рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов пен қордың бас директоры Альфия Адиева қатысты. Аймақ басшысы жоба іске асатын болса, білікті мамандардың шығатынына сенім білдірді.

— «Samruk-Kazyna Trust» қорының «Samruk Umiti» жобасы балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін ерте жастан мансаптық бағдар-лауға үйрететініне қуаныштымыз. Биыл 54 түлек мектеп бітіреді және олардың алдағы тағдырына бейжай қарай алмаймыз, — деді облыс әкімі.

Жалпы, өңірде балалар үйінің тәрбиеленушілері назардан тыс қалған емес. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, олар колледж, жоғары оқу орнын тәмамдағанға дейін жан-жақты көмек көрсетіледі. Бұл жұмысты «Жас ұрпақ» жасөспірімдер үйі жүргізеді. Бұл ретте түлектердің барлығы толығымен жұмысқа орналастырылатынын да атап өткен жөн.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.