Өңірімізде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облысы филиалы қолдауымен, «LEP» әдеби бірлестігі ұйымдастыруымен өткен балаларға арналған «Балауса әлем» прозалық шығармалар байқауының қорытындысы өтті.
Аталмыш байқау облысымызда ғана емес, елімізде балалар әдебиетін заман талабына сай әңгімелермен толықтыру мақсатында өткізілген. Оған Ертіс, Ақтоғай, Жаңақала, Аққулы, Баянауыл, Екібастұз аймақтарынан қаламгерлер қатысқан. Тіпті әскери бөлімнен де шығарма келіп түскен. Әңгімелерді байқауға жіберуге бір ай уақыт берілген. Марапаттау рәсімі Республика күніне орай ұйымдастырылған.
Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалы жанынан «LEP» әдеби бірлестігі құрылған. «LEP»-тің негізгі мақ-саты — өңіріміздегі 45 жасқа дейінгі қаламгерлердің шығармаларын дәріптеу. Көптеген жас таланттарын мамандығына айырбастап, ұмыт қалдыруына жол бермеу, олардың шығармашылығын ояту. Аймағымыздағы тарихи тұлғалар, оқиғалар осындай жас қаламгерлердің арқасында әдебиетке енуі мүмкін.
— Байқаудағы шығармалар негізінен 5 жастан 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің танымына арналған. Барлығы 25 автордан 30-дан астам шығарма келіп түсті. Үздік деп танылған 7 шығарма анықталды. Жеңімпаздардың шығар-
малары Aiqara.kz сайтында жарияланады. Сонымен қатар, республикалық басылымдар да қызығушылық танытып отыр, — деді «LEP» әдеби бірлестігінің жетек-шісі Бейбіт Бөжен.
Балаларға арналған прозалық шығармалар сайысы қаламызда алғаш рет өткізілуде. Әртүрлі тақырыпта келіп түскен әңгімелердің мақсаты — балаларды мейірімділікке, отансүйгіштікке, тәлім-тәрбиеге үндеу. Қазылар алқасының сөзінше, әңгімелерді бағалау арнайы нөмірлер арқылы жүргізілген. Яғни, туынды авторы баға берушілерге белгісіз болған. Бұл байқаудың барынша әділ өтуіне мүмкіндік жасаған.
Ең жас қатысушы — Абай атындағы гим-назияның 9-сынып оқушысы Бейбарыс Ертісбай.
— Мен шабытты өзімнің кішкентай бауырымнан алдым. Оның ойнағаны, қылықтары осы әңгімеме арқау болды. Бұл — менің алғашқы туындым. Қазіргі балалар тез ашуланады. Сондықтан мейірімділік, қамқорлық тақырыбында ертегі жаздым. Алдағы уақытта шығармашылық қабілетімді шыңдау ойда бар, — деді ол.
Балалар әдебиетіне елеулі үлес қосып, ғұмырын арнаған Мұзафар Әлімбаев атамыздың салып кеткен жолымен жас буын өсіп келеді. Аймақта дамуы баяулап тұрған балалар әдебиетіне қосылған жаңа леп болған байқау алдағы уақытта поэзиялық жанрды да қамтымақ.
Сара АВДОЛ.

