Қазіргі таңда облыс бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1 480 бала бар. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігінің әке-шешесі тірі көрінеді.
Осындай жеткіншектерге пана болған балалар үйінің тәрбие-ленушілерін қамқорлығына алатын кәсіби қабылдаушы отбасы институтын құру мәселесі өзекті болып тұр.
Оның міндеттері мен талаптары қандай? Нәтижеге қол жеткізу үшін қандай жұмыстар жүргізілуі керек? Осы және өзге де сұрақтар «Баланың бақытты мекені – отбасы» атты дөңгелек үстел отырысында талқыланды.
Павлодар қаласындағы «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында ұйымдас-тырылған айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, «Ұлттық бала асырап алу» агенттігінің басшысы Фарида Рахметова, «Ана үйі» қоғамдық қорының өңірлік филиалының маманы Әсел Әбішева және бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Алғаш болып сөз алған Айгүл Қайыр-тасқызы ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамайтын отбасыларының салдарынан тірі жетімдердің қатары көбейіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, облысымызда осындай 1 мыңнан астам бала бар екен. Бүгінгі таңда интернаттық мекемелер мен балалар үйлеріндегі барлық тәрбиеленушіге мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуда. Десе де, әр бала үшін отбасының орны бөлек екенін айтқан агенттік басшысы Фарида Рахметова бұл мәселеге қатысты қолға алынып жатқан жоспарлар мен жұмыс жайын баяндады.
— Қазақстанда баланы отбасына қабылдаудың бірнеше формасы бар. Атап айтар болсақ, баланы асырап алу, қамқоршылыққа қабылдау, патронат болу және қабылдаушы отбасының қамқорлығына алу. Ал 2025 жылы елімізде кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіледі деп жоспарлануда. Сол бойынша толық отбасы болуы шарт және баланы таңдай алмайды. Яғни, қиын жағдайға тап болған жеткіншектер бірден қабылдаушы отбасына орналастырылады. Мұндағы басты мақсат — баланың ешқандай мекемеге бармай, бірден отбасына қабылдануын қамтамасыз ету болып табылады. Кәсіби қабылдаушы отбасындағы ерлі-зайыптылардың жас мөлшері 30-дан зейнет жасына дейін болуы тиіс. Сондай-ақ, олар алдын ала психологиялық дайындықтан өтуі қажет немесе интернаттық мекемеде жұмыс істеген адам болуы керек. Отбасындағы бала саны 4-тен аспауы тиіс. Әрбір кәсіби қабылдаушы ата-анаға бала күтімі мен тәлім-тәрбие берудегі қызметі үшін ай сайын
70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы төленеді, — деді «Ұлттық бала асырап алу» агенттігінің басшысы.
Айта кетерлігі, аталмыш агенттіктің «Отбасымды іздеймін» атты пилоттық жобасын Павлодар облысы алғашқылардың бірі болып қолдаған. Жоба аясында интернаттық мекемелерде түсірілім жасалып, әлеуметтік желілерде жарияланбақ. Сол арқылы балғындарды бауырына басқысы келетін ата-аналар қатарын арттыру көзделуде, дейді мамандар.
Жалпы, 8 жылдың ішінде «Ұлттық бала асырап алу» агенттігінің көмегімен 1961 бала қазақстандық отбасыларына орналасқан. Олардың 248-нің денсаулығында кінәрат бар, яғни, түрлі диагнозбен ауыратыны анықталған. Мұндай жеткіншектерді қанатының астына алған отбасыларына атаулы материалдық көмек, балалардың денсаулығын қалпына келтіру және оңалту түрінде қолдау көрсетілуде. Өкініштісі, бүгінде 4 мыңнан астам бала әлі де ата-анасын тағатсыздана күтуде. Бұл мәселе кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу арқылы ғана шешімін табады, дейді сарапшылар.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесі басты назарда екенін атап өтті. Ал «Ана үйі» қоғамдық қорының өңірлік филиалының маманы Әсел Әбішева балалардың бақытты өмір сүруі үшін әр аудан мен қалада арнайы орталық ашу жоспарда бар екенін айтып, сол арқылы түрлі отбасындағы күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік туатынын тілге тиек етті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын енгізудің маңызы зор екенін түсініп, қолдау білдірді. Сонымен қатар, ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Нұржайна ШОДЫР.