Ұл-қыздың жан-жақты болғанын әр ата-ана қалайды. Икеміне қарай түрлі үйірмеге қатыстырып, дарынын ашуға тырысады. Әрине, баршаның ақылы секциялар мен үйірмелерді қалтасы көтере бермейді. Содан тегінін іздейді. Іргесінен таппаса, алысқа апаруға тағы жағдайы жарамауы мүмкін. Міне, осындай мәселелер ескеріліп, елімізде балалардың бос уақытын барынша қосымша біліммен қамтуға ден қойылуда.
Бұл бағыт, әсіресе, аймағымызда мықтап қолға алынғандай. Олай дейтініміз, биылдың өзінде облыс көлемінде іргелі екі білім ордасы есігін айқара ашты. Соның бірі – Екінші Павлодар шағын ауданында ашылған «Алтын сақа» орталығы. Бос тұрған екі қабатты ғимарат жөнделіп, аталмыш аудан тұрғындары талай жылдан бері айтып жүрген армандары орындалды. Себебі, Екінші Павлодарда 19 мыңға жуық бала тұрады. Бірақ, олардың баратын бірде-бір спорттық, өнер ошақтары жоқ еді. Сол олқылықтың орны биыл толды. Мұнда оқушылар үшін инновациялық шығармашылық, музыка, спорт бағытында 17 үйірме тегін түрде балаларға қолжетімді болып отыр. Бір күнде кемі 250 баланы қамтиды. Жалпы, 1 мыңнан аса баланы қабылдауға қауқарлы.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес елімізде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін 100 заманауи нысан салу көзделген. Аймақ басшысы Асайын Байханов аталмыш нысанның ашылуында жаңа қосымша білім беру ұйымы балалардың игілігіне жұмыс атқаратынына сенім білдірді. Сондай-ақ, облыс әкімі Павлодар қаласының әрбір шағын ауданында балалардың қосымша дағдыларын дамытатын орталықтар салынатынын атап өтті.
Күні кеше ғана қосымша білім ордаларының қатарын заманауи тағы бір орталық толықтырды. Ол – Екібастұз қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы. Бұл орталықтың бір ерекшелігі мұнда білім берудің инновациялық тәсілдері қолданылады. Балалар өсімдікті өздері өсіретін ғылыми-биологиялық зертханамен, ландшафтық сәулет және флористика, сондай-ақ, сәнді дизайн мен киім тігу технологияларымен қамтылған. Өнердің сан түрін үйретеді. 7200 шаршы метр аумақты алып жатқан қосымша білім ордасы екібастұздық өрендердің бойындағы өнерін шыңдауға үлкен үлес қоспақ. Жан-жақты ұрпақтың қалыптасуы ертеңіміз үшін аса қажет-ақ.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша бүгінде облыс көлемінде 39 қосымша білім беретін ұйым жұмыс істейді. Оларға қарасты тағы 29 аулалық клуб бар. Бұдан бөлек, мектептерде түрлі үйірмелер мен секциялар ашылған. ArtSport бағдарламасы аясында тегін шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға баратындар қаншама. Осылайша, облыста бүгінде балалардың 96 пайызы қосымша біліммен қамтылып отыр. Мұның бәрі — дені сау, өнерлі де білімді буын тәрбиелеу жолындағы қамқорлық.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.