Соңғы кезде кәмелетке толмаған балалардың өлімі көптеп тіркелуде. Әсіресе, үй жағдайында орын алған өрт талай бүлдіршіннің өмірін жалмап, ата-аналарын қайғыға көміп кетті. Бұл жағдайға байланысты қоғамның пікірі сан алуан. Бірі үйге кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырған ата-аналар кінәлі десе, екінші топ аталмыш қайғылы жағдайлардың салдарын қазіргі қымбатшылықтан іздейді. Яғни, айлығы шайлығынан артылмай, бір тапқанын екінші айға жеткізе алмаған көп балалы ата-аналар күндіз де, түнде де жұмыс істеуге мәжбүр. Міне, мұның соңы түрлі қайғылы жағдаймен аяқталғанын көріп, біліп жүрміз. Осы орайда 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдыруды заңмен тыйым салу ұсынылып отыр. Мұндай заң дәл қазіргі қоғамға керек пе? Мәселені «Алаң» айдарының талқысына салып көрдік.
Динара ЗӘКИЕВА, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
— Мен ата-аналарға 12 жасқа дейінгі балаларын үйде жалғыз қалдыруға заңмен тыйым салуды ұсынып отырмын. Мұндай ұсыныс жасауыма себеп көп. Жақында Ақмола облысы Бұланды ауданы Шұбарағаш ауылындағы жеке үйде өрт шығып, салдарынан 2017 және 2021 жылғы екі бала уланып шетінеді. Оның алдында Қостанай облысының Жітіқара ауылында жер үй өртеніп, бес бала ажал құшты. Әрине, қайғылы жағдай. Мұндай мысалдар жеткілікті. Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылдың басынан бастап елімізде балалардың қазасымен аяқталған 15 өрт дерегі тіркелген, бұл оқиғалардың көбінде балалар үйде жалғыз қалған. Осы деректерді талдай келе, 12 жасқа толмаған балаларды кәмелетке толған адамдардың қарауынсыз қалдыруға тыйым салу жөніндегі заңнамалық шараларды пысықтау қажет деп санаймын. Әрине, қолдауға мұқтаж отбасылар мемлекет тарапынан көзделген көмек бағдарламаларымен қамтамасыз етілгені маңызды.
Сандуғаш ОМАРОВА, Аққулы аудандық кәмелеттік жасқа толмағандар тобының учаскелік инспекторы:
— Бұл жерде қарама-қайшылықтар көп. Кез келген ата-ана жұмыс істеп, баласын ешкімнен кем қылмай өсіріп, тәрбиелегісі келеді. Бірақ барлығына бірдей ыңғайлы жұмыс кестесі табыла бермеуі мүмкін. Кейбір ата-аналарға түнгі ауысымның жұмысы бұйырады. Дегенмен табыс табу үшін кәмелеттік жасқа толмаған балаларды қараусыз қалдыруға мүлдем болмайды. Бірақ бұның шешімі ретінде заңмен тыйып тастау дұрыс емес. Сондықтан, барлық ауыртпалық пен мәселенің шешімі ата-аналарға жүктеліп отыр. Яғни, ата-аналар өзіне де, балаларына да қолайлы бір жолын қарастырып табу керек. Мысалы, отбасында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып, ол есін білетін кез келген балаға түсіндірілуі тиіс. Сонымен қатар, баланың ең үлкені кәмелеттік жасқа толмаған жағдайда үйде ата-әжелерінің бірі не болмаса басқа да жақын адамдар болғаны жөн. Бұл әсіресе ауылдық жерде тұратындар үшін өте өзекті болып саналады.
Бүгінгі таңда әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасыларды жиі бақылап, рейдтік шараларын тұрақты өткізіп тұрамыз. Бұл ретте мектеп өкілдерімен, учаскелік полиция қызметкерімен, төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп өткіземіз. Барлығының мақсаты, мүддесі бір. Ол – кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғау, ата-аналарының салғырттығы салдарынан болатын түрлі қауіп-қатердің алдын алу.
Нұргүл БАЙЖІГІТ, көпбалалы ана:
— Мен көпбалалы анамын. Балаларымның тамағы тоқ, киімі бүтін болуы үшін екі ауысымда жұмыс істеймін, жолдасым да солай. Біз түнгі ауысымға шыққанда балалар үйде өздері ғана қалуға мәжбүр болады. Әрине, алаңдаймыз, бірақ басқа таңдауымыз жоқ. Егер мен балаларды ғана қарап, күндіз түні үйде отырсам, жалғыз адамның тапқан табысын бес баланың қажеттілігіне жеткізе алмаймыз. Сондықтан, 12 жасқа дейін балалардың үйде ата-анасыз қалуына заңмен шектеу қою туралы ұсынысқа қарсымын. Егер, ондай заң шығаратын болса алдымен көпбалалы отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуы тиіс. Мысал ретінде айтар болсам, менің орташа айлық табысым 200-300 мың теңге аралығында. Егер балаларды қараусыз қалдыруға болмайды деген себеппен біздің жұмыс істеуімізге қарсы болса, оған заңмен тыйым салатын болса, сол бес баланың жәрдемақысын кемі 200 мың теңгеге жеткізсін. Міне, сонда мен балаларымның қауіпсіздігі үшін үйде отыруға дайынмын.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.