Балаңыз не көріп жүр?

Мам 29, 2025

Қазіргі заманның адамдары интернеттің игілігін көрумен қатар, зардабын да тартуда. Әсіресе, әлі ақ пен қараны айыра алмайтын балғындардың басым бөлігі интернет иіріміне батып, тұңғиыққа толы әлемнің шырмауында жүрген жайы бар. Соның салдарынан қатыгез, қайырымсыз ұрпақ өсіп келеді, дейді психолог мамандар. Тіпті, ұялы телефонға телмірген балалардың тілі тежеліп, өз ойын еркін жеткізе алмай, айналасындағы адамдармен араласудан қалғаны жайлы да аз айтылып жүрген жоқ. Дабыл қағарлық жағдай, әрине. Бұған тосқауыл қою мүмкін бе?

Жас буын жапа шегуде

Жақында ғана әлеуметтік желілерде сырт көзге балалар мультфильмі сияқты көрінетін зиянды видеолардың таралып жатқаны жайлы ақпараттар жарық көрді. Мамандардың сөзіне қарағанда, оның мазмұнында жасырын деструктивті бағыттағы көріністер бар екені анықталды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті де мәлімдеме жасады. Аталмыш мекеменің мәліметі бойынша, мұндай видеолар мен мультфильмдер балалардың тәлім-тәрбиесіне, адамгершілік құндылықтарына кері әсерін тигізіп, жайсыз мінез-құлық қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан баланың не көріп жүргенін әрдайым бақылап отыру керек, дейді комитет өкілдері.

— Ата-аналар баланың қандай контент көріп жүргенін және кімдермен байланыс орнатып отырғанын қадағалап, үнемі ашық әңгімелесіп, сыни ойлау қабілетін дамытуы қажет. Күмәнді видеоларды анықтаса, дереу құзырлы органдарға хабарлаған жөн. Ата ананың контент таңдауға белсенді араласуы — баланың цифрлық қауіпсіздігінің негізгі кепілі, — делінген балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы балаларға қолжетімді болып жатқан бұл видеолар алдымен жас буынның психоэмоциялық саулығына қауіп төндіріп қана қоймай, таным-түсінігінің дамуына да кері әсерін тигізбек.

Бір анығы, бүгінде әлеуметтік желілер арқылы «Brainrot» (аудармасы — мидың шіруі) хэштегімен біздің жеткіншектерге жеткен қысқаметражды анимациялық роликтердің зиянды екені дәлелденді. Олардың ұзақтығы небары 15-45 секундты ғана құрайды. Қай-қайсысының да мазмұны ақылға қонымсыз. Мәселен, бір роликте бірнеше рет қайталанатын «траллалеро, траллалеро» сөзінің аудармасы Аллаға тіл тигізу сынды мағынаны білдірсе, «бомбардино крокадило» мультфильмінің бірқатар көрсетілімінде «мен Палестинадағы балаларға бомба тастағанды ұнатамын» деген сөздердің астыртын дыбыстық қабат арқылы енгізілгені белгілі болған. Бұл жағдайлардан кейін аталған видеоларды балаларға көрсетпеу керектігі қатаң ескертіліп, тиісті жұмыстар қолға алынуда. Осыған байланысты таяуда балалардың құқықтарын қорғау комитеті цифрлық жағдайда құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған ұсыныстар пакетін әзірлеп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай ақ, ҚР Ішкі істер министрлігіне жолдады.

Жалпы, интернеттегі қауіптен балаларды қорғау мәселесі күн тақырыбында өткір тұр, дейді министрлік өкілдері. Тіпті, соңғы кезде қазақстандық оқушылардың өздері жайлы ақпараттар мен суреттерін бейтаныс адамдарға жіберуі туралы деректер де тіркелген. Мұның соңы балалардың қиындықтарға тап болуына әкеліп соғатыны белгілі.

— Біз ЮНИСЕФ қорымен бірлесе «Kazakhstan Kids Online — Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» тақырыбында 1200 баланың қатысуымен әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Оның нәтижесі балаларға интернет кеңістігіндегі қауіп тәуекелдерінің деңгейі жоғары екенін көрсетті. Мәселен, әр 10-ыншы бала бейтаныс адамға өзінің фотосын жолдаған. Әр 11-інші қыз бөтен адаммен кездесуге барған. Бұл әр педагог, әр ата-ана баласымен өте жоғары сенімге негізделген қарым-қатынаста болуы маңызды екенін көрсетеді. Ондай қарым-қатынас тек мейірім мен махаббат болған отбасында ғана болады, — дейді балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова. Бұған қарап, елдегі әрбір 10 баланың біреуінің өмірі қыл үстінде тұрғанын аңғарамыз. Ойланарлық жағдай…

Ата-аналар алаңдаулы

Қазіргі таңда оқу жылы аяқталып, балалардың демалысқа шыққанын ескерсек, ата-аналарға жүктелер жауапкершіліктің де артатыны сөзсіз. Алайда қоғамда орын алып жатқан аталмыш жағдай алдымен жұмысбасты ата-аналарды алаңдатуда. Себебі, олар балаларын зиянды контенттерден қорғау қиынға соғатынын алға тартуда. Сондай ананың бірі — Павлодар қаласының тұрғыны Жанна Ерболқызы:

— Жолдасым екеуіміз де таңнан кешке дейін жұмыста боламыз. Үш балам үйде өздері қала береді. Шыны керек, олардың қай-қайсысы да телефонсыз жүрмейді. Алып алайын десем, арасында хабарласып, жағдайларын біліп тұруымыз керек. Әйтпегенде, алаңдаймыз ғой. Әрине, «біз жоқ кезде олар интернеттен не көреді екен?» деген мәселе мені қатты мазалайды. Бірақ тірі адам тіршілік етуі тиіс. Үйде балаларды қараймын деп қол қусырып отыра алмаймын. Өйткені, ай сайын ипотека, банктегі қарыздарды төлеуіміз қажет. Сондықтан бар үмітіміз – мемлекетте! Яғни, мемлекеттің
қолдауымен интернеттегі әрбір ақпарат, видео, мультфильм, ойындар жіті тексеріліп, балалары-мызға зиян келтіретін сайттар жойылса екен деген өтінішім бар, — дейді. Бұл – көптеген ата-ананың ортақ тілегі екені сөзсіз. Десе де, баласының әр қадамын қатаң қадағалап, бос уақытын тиімді өткізу үшін ештеңеден аянбайтын, уақыт таба алатын ата-аналардың да аз емес екенін айта кеткен жөн.

Ал күнделікті күйбең тірлік пен жұмыстан қолы қалт етпейтін «жұмысбасты» ата-аналарға психологтардың да айтары бар. Олардың сөзіне қарағанда, ата-анасының бақылауынан тыс қалып қоятын жеткіншектер бірінші болып интернеттегі қауіпті дүниелерден жапа шегеді әрі мұндай балалардың психикасы да тез бұзылатын көрінеді.

— Қандай жағдай болса да, баланың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты жан – оның ата-анасы. Сондықтан әр әке-шеше бауыр еті баласының саналы әрі салиқалы азамат болып өсуі үшін тәрбиесіне, біліміне, немен айналысатынына, кімдермен араласатынына, интернеттен қандай сайттарды көретініне дейін күнделікті қадағалап, бір сәт көңіл бөліп, мейірім төгіп отырғаны дұрыс. Ал жұмысты сылтау қылып, баланың іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына немқұрайлы қараудың соңы оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармаған жөн, — дейді Павлодар қаласындағы Жұмабек Тәшенев атындағы мектептің психологы Катия Абылай.

Қандай жұмыс жүргізілуде?

Соңғы кезде орын алып жатқан осынау жағдайларға мемлекеттік деңгейде де мән берілуде. Соның дәлеліндей, таяуда елімізде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 58 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталған. Сонымен қатар, жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тарту белгілері бар 11 арнаны көруге тыйым салынды.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздік мәселесі мен құқықтарын қорғау жайлы кеңесте белгілі болды.

— Ата-аналар және ұстаздармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мектеп және медицина психологтарымен тығыз байланыс орнатылуы қажет. Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер институтымен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Оның қызметі тек әрекет етуге емес, алдын алуға да бағытталуы тиіс. Біз балалардың өміріне қауіп төнуіне жол бере алмаймыз, барлық уәкілетті орган алдын ала әрекет етуі қажет, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Жалпы, балаларды интернеттегі зиянды ақпараттардан, қауіпті мультфильмдер мен ойындардан қорғау мәселесі бұған дейін де қолға алынып келе жатқанын атап өткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірімізде де үздіксіз жүргізілуде. Айталық, облыстық білім беру басқармасының тәрбие жұмысы мен қосымша білім беру бөлімі ұсынған ақпарат бойынша интернеттегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілерге, әртүрлі қауымдастық аккаунттарына, танысу сайттарына мониторинг жасалуда. Сондай-ақ, аймағымызға қарасты білім беру мекемелерінде ойын-сауық ресурс-тары мен әлеуметтік желілерге қолжетімділікті шектеу жүйесі орнатылған. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова мектептерде балалардың зиянды сайттарға кіруіне мүлдем рұқсат берілмейтінін алға тартып, бұл жөнінде «Қазақтелеком» АҚ-мен меморандум жасалғанын мәлімдеген болатын.

Демек, білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігі қадаға-ланғанымен, үйдегі жағдайына кім жауапты деген мәселе әлі де ашық тұрған жайы бар. Өңірдің бас ұстазы Самал Айтқазинаның айтуынша, балалар арасындағы құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық оқиғалары да мектептен тыс жерлерде орын алады екен. Себебі, сөз басында айтып өткеніміздей, қазіргі қымбатшылық заманда күнкөріс қамымен жүрген ата-ананың көбі жұмыстан босамаса, енді бірі баласымен ашық тіл табыса алмайды, тәртібіне көңіл бөлмейді. Ал мұның соңы орны толмас өкінішке әкелуі әбден мүмкін…

* * *

Осылайша, интернеттегі зиянды ақпараттардың салдарынан жас буынның санасы улануда. Оның алдын алу үшін мыңдаған сайттар бұғатталып, түрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, әлі де қауіптің беті сейілмей тұр. Оның алдын алу үшін не істемек керек? Сіз қандай ой қосасыз, құрметті оқырман?

Нұржайна ШОДЫР.