1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облысымызда «Дәрігер — балалардың қорғаушысы» ұранымен кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
Облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ирина Орсагоштың айтуынша, мереке қарсаңында балалардың денсаулығын қорғауға, алдын алу шараларын қолға алуға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударылмақ. Осыған орай ашық есік күндері өткізіліп, дәрігерлер емханалар мен стоматологияларда кеңес бермек. Әсіресе, шалғайдағы ауыл балаларына айрықша көңіл бөлінетін болады.
— Ата-аналар, балалар мен жасөспірімдер үшін шеберлік сыныптары, тренингтер және дәрістер өткізіледі. Сондай-ақ, жүктілікті жоспарлау, гигиена сақтау, дұрыс тамақтану, балалар жарақатының алдын алу туралы да кеңестер беріліп, «Дені сау балаға арналған 10 әдет» атты парақшалар үлестіріледі, — деді Ирина Орсагош. Оның айтуынша, мереке қарсаңында балаларға арналған шығармашылық байқаулар мен қызықты іс-шаралар да ұйымдастырылады.
Баспасөз мәслихатында облыстағы штаттан тыс балалар бас гастроэнтерологы Сәуле Штаева да сөз алып, жазғы демалыс кезеңінде жеткіншектерді уланудан, зиянды тағамдардан сақтау жолдарымен бөлісті.
— Сапасыз өнімдер мен көше тағамдарын тұтыну, санитарлық нормаларды сақтамаудың соңы улануға әкеліп соғады. Сондықтан балалардың не ішіп-жеп жүргенін бақылауда ұстау қажет. Сондай-ақ, жеткіншектер тәттілер, газдалған сусындар, фаст-фуд өнімдерін шамадан тыс тұтынса, денсаулығына кері әсер ететінін ескерген жөн. Сол үшін ересектер баланың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастырып, зиянды өнімдерді мүлдем бермегені дұрыс, — дейді Сәуле Сайлауқызы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың алғашқы 4 айында аймағымызда балалар арасында 65 улану жағдайы тіркелген. Оның ішінде 49 химиялық, 5 алкогольмен және 11 дәрі-дәрмектерден улану оқиғасы орын алған. Осындай қауіптің алдын алу үшін ересектер мұқият болуы тиіс. Мәселен, химиялық заттар мен дәрі-дәрмектерді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажет, дейді маман.
Ал облыстың штаттан тыс бас травматологы Мирхат Іргебаев балалардың жарақат алуы, биіктіктен құлауы, басқа да қауіпті жағдайларға тап болуына жол бермеу үшін ата-аналар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет екенін атап өтті.
Нұржайна ШОДЫР.