Алдағы аптада елімізде оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар қауымы жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі маңызды. Бұл ретте балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жұмыс істейтін жазғы лагерьлер санитарлық талаптарға сай болуы тиіс. Түнгі уақытта жасөспірімдердің көше кезу мәселесімен де күрес жүргізілуі қажет.
Бала қауіпсіздігі мәселесі облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында сөз болды. Ауқымды жиында облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина баяндама жасап, жазғы лагерьлердің дайындығымен таныстырды. Оның айтуынша, биыл жаз мезгілінде облыс бойынша 109 мыңнан астам бала демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамтылады. 1-10-сынып оқушыларының жалпы санынан бұл көрсеткіш 98,5 пайызды құрайды.
— Облыс бойынша жалпы саны 38 мың 155 оқушыны қамтитын 334 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейтін болады. Мектептер мен қосымша білім беру мекемелерінің базасында 52 мың 240 оқушы үшін 382 бейіндік лагерь мен жасақтардың жұмысы ұйымдастырылады. Биыл да «Демалуға жолдама сыйла!» акциясы жалғасуда. Облыс кәсіпкерлері қала сыртындағы лагерьлерге 291 жолдама сатып алды. 1 маусым — Балаларды қорғау күніне орай жолдамалар табысталатын болады. Ерекше қабілеті бар балалар үшін барлық аудан орталықтарындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде 200-ден астам баланы қамтитын жазғы лагерь, арнайы мектептер жанынан 4 лагерь ашылады, — деді С.Айтқазина.
Самал Оспанқызы жаппай оқыту қорының қаражаты есебінен 13 мыңнан астам жеткіншек, оның ішінде балалар үйінен 334 бала, ерекше қажеттіліктері бар 200 бала демалыспен және сауықтырумен қамтылатынын атап өтті. Осы бағытта жаппай оқыту қорынан 235 млн теңге, балалар үйінің 334 тәрбиеленушінің демалысына 314 млн теңге қарастырылған. Қала сыртындағы балалар лагерінің 9-ы — мемлекеттік, 2-еуі жекеменшік болады деп күтілуде.
— Қала сыртындағы демалыс нысандары аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және төтенше жағдайлар департаменттеріне іс-шараларын ұйымдастыру туралы хат жолдады. Мемлекеттік лагерьлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 52 млн теңге бөлінді. Жыл бойы жұмыс істейтін «Жас дәурен» облыстық білім беру және сауықтыру орталығы және «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы жалпы саны 1600 баланы демалыспен қамтиды. Екі лагерьдің оқушыларды қабылдауға рұқсаты бар. Қала сыртындағы қалған 9 лагерь 3 168 баланы қабылдайды, — деді Самал Оспанқызы.
Аймағымыздың бас ұстазы оқу орындарының аумағындағы спорттық құрал-жабдықтардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, «Жаздық жолдама — 2025» әлеуметтік жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауылдық мектептердің 5-8- сынып оқушыларына оқу үздіктері, түрлі конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатарынан 595 ауылдық балаға жолдама сатып алуды жоспарлап отыр.
Оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу мақсатында М.Катаев атындағы оқушылар сарайымен «Жазғы демалыс уақытында оқушылардың бос уақытын қамтамасыз ету кешенді бағдарламасы» әзір-ленген. Бағдарламада «Адал азамат» тәрбие концепциясының негізінде әр күн құндылықтарға арналған. Сонымен қатар, «Үздік мектеп жанындағы лагерь», «Үздік балалар сауықтыру орталығы», «Үздік баспасөз қызметі» конкурстары, қалалық және аудандық білім беру бөлімдері арасында «Жаз-2025» шығармашылық жобаларының байқау-конкурсы, «Бала достары» «Үздік педагогикалық жасағына арналған конкурс, мектеп жанындағы оқу–тәжірибелік учаскелердің «Жасыл желек» облыстық байқау-конкурстары өткізіледі.
— Жаз мезгілінде оқушылар жұмыспен қамтылатын болады. Бұл ретте жазғы еңбек жасақтары, абаттандыру және көгалдандыру бригадалары, мектеп орманшылығы, кәсіпорындарда жұмыс ұйымдастырылады. Ең алдымен халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан шыққан балалар, түрлі есепте тұрған кәмелетке толмағандар еңбекпен қамтылады. Осылайша, қалалар мен аудандар бойынша жаз мезгілінде қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру және көгалдандыру жасақтарына бюджет қаражаты есебінен 2221 жоғары сынып оқушысын қамту жоспарлануда.
Жазғы маусым қарсаңында ағымдағы жылғы 5 мамыр мен 31 тамыз аралығында облыста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Қауіпсіз балалық шақ» акциясын өткізу жоспарланған. Балалар мен ата-аналарды барынша ақпараттандыру үшін білім беру ұйымдарының сайттарында әлеуметтік желілерінде, WhatsApp топтарында жадынамалар орналастырылған, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша SMS-ескертулер таратылды, — деді Самал Айтқазина.
Асайын Қуандықұлы жаз мезгілінде әр бала ерекше бақылауда болуы керектігін алға тартты. Лагерьлерде бала қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Бұл ретте Самал Оспанқызына жұмыс істеуге дайын 11 лагерьдің дайындығын өзі барып, тексеруді тапсырды. Сонымен қатар, тәуекелдерді ескеруді жүктеді.
— Ата-ана баласының бос уақытын тиімді өткізу мәселесіне алаңдайтыны белгілі. Лагерьдегі тамақтану, санитарлық талап, тазалық, қауіпсіздік сынды мәселелер назарға алынуы тиіс. Далада орналасатын дәретханалардың өзі талапқа сай болуы тиіс. Аудан-қала әкімдері өз балалары демалатын лагерьлерді өз көздерімен көріп, жағдайды 25 мамырға дейін баяндауын тапсырамын. Олармен бірге білім беру бөлімінің басшылары да баруы қажет. Лагерьде жұмыс істейтін мамандардың денсаулық жағдайын да ескеру керек. Қызметкерлер арасында құқықбұзушылыққа барған адамдар болмауы тиіс. Бұл жұмысқа полиция басқармасының өкілдері де қатысуы тиіс, — деді А.Байханов.
Самал Оспанқызы бүгінде 11 лагерьдің 3-еуі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар-таментінің рұқсатын алып, балаларды қабылдауға әзір екенін жеткізді. Май ауданында жағалаудағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты «Ақ желкен» лагері кешірек ашылады. Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылындағы лагерь де су деңгейінің көтерілуіне байланысты жоспарланған уақыттан кеш ашылады деп күтілуде.
Аймақ басшысы балаларды жұмыспен қамту мәселесі кезінде де қауіпсіздік шарасын қатаң ескеруді жүктеді. Еңбек жасағын ұйымдастыруда бөлім басшыларына әлеуметтік желідегі парақшаларда ата-аналардың сұрақтарына жауап беру үшін тікелей эфир өткізуді тапсырды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.