Мамандардың айтуынша, жадырап жаз шығып, балалар демалысы басталған уақытта оларға төнер қауіп-қатер артатын көрінеді. Әсіресе, суға батып кету, терезеден құлау, жол апаты сынды жағдайлар жиілей түседі. Оның алдын алу үшін не істеу керек? Осы бағытта жауапты мекемелер тарапынан қандай жұмыстар қолға алынуда? Бұл мәселелер Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
Облыстық білім беру басқар-масының балалар құқықтарын қорғау және инлюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхаметованың айтуынша, күн жылынған кезде балғындардың жарақаттану және терезеден құлау жағдайлары жиілейді.
— Биыл 18 сәуір күні 3 жасар бала 5-ші қабаттан құлап кетті. Оның анасы ауруханада ем қабылдап жатқан, әкесі жұмыста, ал сәби уақытша әжесінің қарауында болған. Бала түрлі жарақат алып, емделіп, ауруханадан шығарылды. Бүгінде амбулаторлық ем қабылдауда. Осынау оқыс оқиға ересектердің салғырттығынан орын алып отыр.
Жалпы, биыл жыл басынан бері терезеден құлау бойынша 1 жағдай, ал былтыр 13 оқиға тіркеліп, 2-уі өліммен аяқталды. Бұған үлкендер тарапынан жеткілікті бақылаудың болмауы басты себеп, — дейді Жібек Оразбайқызы. Оның айтуынша, білім басқармасы ішкі істер органдары және облыстық балалар ауруханасымен тұрақты түрде ақпарат алмасып, балалар арасындағы жарақат алу жағдайларын үнемі бақылауда ұстауда. Сонымен қатар, басқарма қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында ата-аналар арасында түсіндіру шараларын жүргізіп, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен мектеп сайттарында түрлі жадынамалар орналастыруда.
Сонымен қатар, білім басқармасы терезелерге қорғау торларын, бекіткіш-терді және құлыптарды орнататын кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырды. Қайырымдылық акциялары аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына мыңнан астам қорғаныс торлары мен бекіткіштер орнатылды. Ал алдағы уақытта төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен «Жаз-2025», «Қауіпсіз балалық шақ», «Қауіпсіз су айдыны», «Қауіпсіз терезе», «Қауіпсіз аттракцион» сынды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлемісованың айтуынша, жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін құқық қорғау органдарының өкілдері қоғамдық тәртіпті қатаң қадағаламақ.
— Білім беру органдарымен бірлесіп балаларды сауықтыру орталықтары мен лагерьлерде күзет және қоршаулардың болуы тексеріледі. Жазғы демалыс уақытында жергілікті полиция қызметкерлері лагерьлерге барып, балалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жол-патрульдік полиция қызмет-керлері балаларды тасымалдайтын автокөліктерді демалыс орындарына дейін және кері бағытқа шығарып салып отырады. Бұдан бөлек, рейдтік іс-шаралар өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс-тардың барлығы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады, — дейді Арай Төлемісова. Сонымен қатар, ол баланың өміріне алдымен ата-анасы жауапты екенін айтып, оқыс оқиғалар орын алса заң бойынша жауапкерші-лікке тартылатынын да ескертті.
Облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ирина Орсагош өңірде балалар арасында жарақат алу жағдайлары тыйылмай тұрғанын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, осы жылдың алғашқы 4 айында 10 951 бала түрлі жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 10,6 пайызға артқан. Мұндай жайсыз жағдайларға жол бермеу үшін әр ата-ана баласын бақылауында ұстауы қажет, дейді дәрігер.
Нұржайна ШОДЫР.