Балық аулауға шектеу қойылды

Мам 2, 2025

Балық аулаудың да уақыты бар. Яғни, қазіргі кезең — балықшылар үшін өзен, көлдерге қармақ салуға тыйым салынған уақыт. Сондай-ақ, Ертіс өзенінде аулауға мүлдем болмайтын, Қызыл кітапқа енген балық түрлері де бар. Ендеше, балық аулауға шектеу қашанға дейін жалғасады және қандай балықтарды ұстауға болмайды? Осы сұрақпен «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекция» РММ Павлодар облысы бойынша балық инспекция бөлімінің басшысы Самал Темірболатовамен әңгімелескен едік.

— «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруа-шылығы тарапынан балық аулауға уақытша шектеу қойылған екен. Осының мақсатын түсіндіріп өтсеңіз…

— Балық аулауға уақытша шектеулер жыл сайын қойылады. Себебі, қазір өзен, көлдердегі балықтардың уылдырық шашу кезеңі болып саналады. Мұндай шаралар балық түрлерінің азаюына немесе жойылып кетуіне жол бермеу үшін жасалады. Сонымен қатар, балық ресурс-тарын сақтау және өсімін молайту мақсатында жасалатын шешім. Шектеу туралы шешім балықтың мекендеу ареалдарының (таралу облыстарының) географиялық, климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып енгізіледі.

— Сонда облыс тұрғындарына нақты қай кезеңде балық аулауға тыйым салынып отыр?

— Бекітілген ереже бойынша облыс тұрғындарына 15 сәуірден бастап, 30 мамырға дейін балық аулауға болмайды. Шектеу Павлодар облысының барлық тұщы су айдындарында қойылды. Атап айтар болсақ, Ертістің Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік шекарасынан Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасына дейінгі аралығында және оның жайылмалы су айдындарынан балық аулауға болмайды.

— Бақылау-қадағалау жұмысын қандай орган жүргізеді?

— Бақылау жұмысы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшесі болып табылатын «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік инспекциясына жүктелген.

— Осы ретте тәртіп бұзған, заңға бағынбаған тұрғындарға қандай шара қолданылады?

— Тәртіптік шара ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңына сәйкес жүргізіледі. Заңға бағынбаған тұрғындар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік іске жататын заң бұзушылықтар бойынша жеке тұлағаларға 10 АЕК-тен 20 АЕК-ке айыппұл салынады. Өрескел бұзушылықтар болған жағдайда 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Немесе, заттары мен құралдары тәркіленеді. Бұған тыйым салынған кезеңде, тыйым салынған аулау құралдарымен ұсталғандар кіреді. Ал қылмыстық жауапкершілік бойынша 100 АЕК және одан көп мөлшерде айыппұл салу шарасы қолданылады. Бұған жарылғыш немесе химиялық заттарды, электр тогын не балық ресурстарын және басқа да су жануарларын жаппай қырып-жоюдың өзге де тәсілдерін қолданған адамдар жатады.

— Ертіс өзенінде балық түрлерінің қанша популяциясы бар және олардың қаншасы Қызыл кітапқа енген?

— Павлодар облысының балық шаруашылығы су айдындарында 12 балық түрі мекендейді. Олардың қатарында көксерке, сазан (тұқы), шортан, нәлім, рипус, алабұға, торта, мөңке, аққайран, табан, оңғақ сияқты балық түрлері бар. Осы балық түрлері бойынша жыл сайын аулау лимиттері бөлінеді. Сол шектен асырмау керек. Сондай-ақ, Ертіс өзенінде сирек кездесетін, яғни Қызыл кітапқа енген балық түрлері де бар. Олардың тізімінде ақбалық пен Сібір бекіресі және жыл бойы аулауға тыйым салынған сүйрік балығы кіреді.

— Ақпаратыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.