Баспаналы болудың жолдары қандай?

Мау 26, 2025

Осыдан бірер жыл бұрын азаматтар тұрғын үй кезегіне тұру үшін әр мекемені жағалап жүріп, бітпейтін құжаттарды жинап, «Тұрғын үй қорының» есіктерін тоздыруға мәжбүр болатын. Ал қазіргі уақытта бұл қызмет цифрландырылды. Яғни, тұрғын үй кезегіне еш жерге бармай-ақ онлайн түрде тұруға болады. Сондай-ақ, жуырда мемлекеттік тұрғын үйге кезекке тұру мен баспана алуға арналған ипотекалық бағдарламаларға өзгерістер енгізілген болатын. Ол қандай өзгерістер? Тұрғын үй кезегіне кімдер тұра алады? Осы сауалдар төңірегінде «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі акционерлік қоғамы облыстық филиалының қаржылық кеңесшісі Райхан Ещановамен әңгімелестік.

— Райхан Салахиденқызы, таяуда баспанаға кезекке тұруға және іске асырылып жатқан негізгі тұрғын үй бағдарламаларына өзгерістер енгізілгенін білеміз. Осы өзгерістер туралы толы-ғырақ айта кетсеңіз…

— 2025 жылдың 24 мамырынан бастап мемлекеттік тұрғын үйге кезекке тұру және оны бөлу процесі жергілікті әкімдіктерден «Отбасы банкке» өтті. Енді бұл іспен арнайы электрондық база –orken.otbasybank.kz айналысады. Жаңа жүйе тұрғын үйі бар-жоғын автоматты түрде тексереді, отбасы жағдайы мен мәртебесін талдайды, тізімді адам факторынсыз қалыптастырып, жемқорлық пен қателіктерді болдырмайды және баспана үлестіру тәртібін реттейді. Одан бөлек, енді соңғы 5 жылда үйі болмаған кез келген азамат (әлеуметтік осал санатқа кірмесе де) кезекке тұра алады.

Үй кезегіне тұру үшін алдымен orken.otbasybank.kz сайтына кіріп, сол жерде үйге мұқтаждар есебіне электронды түрде өтініш беру керек. Кейін егер сол адам талаптарға сай болса, кезекке қойылып, мемлекеттік тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие болады. Барлық ақпарат пен процестер енді бір жерден – Отбасы банк платформасынан жүргізіледі.

Сондай-ақ, 2018 жылы іске қосылған «7-20-25» бағдарламасына биыл бірқатар өзгеріс енгізілді. Өзгеріске сәйкес осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ипотека рәсімдеу үшін қарыз алушы мен оның жұбайының соңғы 18 айда баспанасы болмауы керек.

Бұл қалай анықталады? Екінші деңгейлі банктер банктік қарыз шартын жасау кезінде қарыз алушы мен оның жұбайының соңғы бір жарым жыл ішінде тұрғын үйінің бар/жоғын тексереді. Алайда баспананың болмауы туралы талап ауданы 15 шаршы метрден аз жатақхана бөлмелеріне қолданылмайды. Сонымен қатар, қарыз алушының басқа ипотекасы болмауы керек. Бұған қос, әр қазақстандық «7-20-25» бағдарламасына бір рет қана қатыса алады.

— Тұрғын үй кезегіне тұру үшін өтінішті қарау қанша уақытты алады?

— Өтініш беруші отбасының барлық мүшесінің жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім берген жағдайда өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады. Қосымша сканерленген құжаттар жүктелген жағдайда қарастыру мерзімі 3 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.

— Ал, жалпы, тұрғын үй кезегіне кімдер тұра алады?

— Тұрғын үй кезегіне еліміздің кез келген кәмелет жасқа толған азаматы тұра алады. Баспана кезегін Отбасы банк жүйелеп реттейді. Осылайша, құзырын кеңейткен банк, тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейіне баса мән береді. Бұл — бірінші кезекте, ұзақ уақыт кезекте тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Дегенмен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына басымдық берілген. Оған қосымша ретінде жолдасынан айырылған азаматтар, Ауған соғысының ардагерлері, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, мүгедек балаларды тәрбиелейтін отбасылар және 1, 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға осындай құқық беру қарастырылған.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.