Баспана бағасын бірнеше жылға бекітіп тастау керек пе?

Қаң 22, 2026

Үйлі болуды армандап жүрген жандар жыл сайын баспана бағасының шарықтауынан шаршады. Жинаған жарнасын инфляция «жұтып» қоятыны тағы бар. Әрине, елімізде кейбір санаттағы азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана алу жәрдемі бар. Дегенмен, ол бәріне бірдей жетпейді. Құрылыс компаниялары материалдардың қымбаттауын желеу етіп, жыл сайын шаршы метр құнын өсіреді. Салдарынан жаңадан салынған үйлердің бағасы бүгінде көпшілікке қолжетімсіз болуда. Осы ретте, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тікелей үй салу комбинаттары арқылы бағаны бірнеше жылға бекіту мүмкіндігін қарастыруда. Бұл ұсыныс мемлекеттік тұрғын үйлерге қатысты. Ал нарықтық бағаға мемлекет араласа алмайды. Мұндай тетік жаңа үйлер нарығында баспана бағасына әсер ете ала ма? Құрылыс компаниялары ұсынысқа қалай қарайды?

 

Серік АХМЕТОВ, «Жәрдем» құрылыс компаниясының басшысы:

– Қазіргі таңда Павлодар қаласында бір көпқабатты тұрғын үйіміздің құрылысын аяқтауға жақынбыз. Содан әрі не болады деген уайым да жоқ емес. Осы орайда, министрліктің ұсынысын қолдауға болады. Себебі, бірнеше жылға келісімшарт жасалса, алдағы жобалардың барын біліп, сенімді жүреміз, жоспар құра аламыз. Жұмысшыларымыз да тұрақты табыс үзілмейтінін біліп жүреді, оларға жақсы болады.

Негізі, құрылыс нарығында біздің компанияның жұмыс істеп жатқанына 20 жылдан асты. Осы уақытта өңірімізде қаншама бюджеттік, әлеуметтік үйлерді салдық. Негізі, қазірдің өзінде мұндай жобаларда бағаны бірнеше жыл тұрақты ұстап келеміз. Келісім бірнеше жылға жасалса, тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасын да бірнеше жылға бекітіп, жұмыс істеуге болады. Одан артық мерзімге келісімшартқа отыру қисынсыз. Біз үшін оның қаупі көп болады. Себебі, келісімшарттан кейін сараптама, конкурс сияқты процедураларға жылдап уақыт жұмсалады. Осы аралықта инфляция бар. Құрылыс материалдарының бағасы да өсіп, жобаның құны қымбаттап кетеді. Кейбір темірден жасалатын материалдар шеттен әкелінеді. Сонымен қатар, бірнеше жылға құрылыс көлемі белгіленсе, бұл біз сияқты компанияларға ғана емес, шағын және орта бизнес үшін де көмегі мол. Өйткені, олардан біз кірпіш және басқа да материалдарды тұрақты сатып аламыз. Мұндай кәсіпорындар тұрақты тапсырыстың болуынан жабдықтарын жаңартып, сапаны арттырады.

 

Нұр-Сәуле БАЙБОЛАТОВА, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:

– Мұндай механизм, негізінен, құрылыс компаниялары үшін де, әлеуметтік тұрғын үй алушылар үшін де тиімді болар еді. Яғни, мердігер ұйымдар алда бірнеше жылға тапсырыстың барына сенімді болады. Ал мемлекеттік бағдарламалармен несиелік үйлер алатын азаматтар да жинаған ақшасы екі жылдан кейін де әлі де пәтер құнының 20 пайызы екенін біледі. Әйтпесе, баспана бағасы өскен сайын алғашқы жарнасы кеми береді, оны толтырамын дегенше, тағы қымбаттап кетеді. Осы тұрғыдан алғанда бірнеше жылға бағаны бекітіп тастау барлық тарапқа пайдалы.

Десе де, сапасын қадағалау қажет. Өйткені, келісімшартқа отырған кезде құрылыста қолданылатын ішкі инженерлік құбырдың бағасы бір мөлшерде делік, екі жылдан кейін еселеніп кетуі әбден мүмкін. Бұл ретте мердігер, әрине, арзанына жүгіреді. Сондықтан, барлық нормаға сай материалдардың қолданылғанына қадағалау күшейтілуі керек. Жалпы, әлеуметтік тұрғын үйлер, мемлекеттік бағдарламаға сай салынған үйлер міндетті түрде тексеруден өтіп, қабылданады. Сондықтан, мұндай мәселе болмауы керек деп ойлаймын. Алайда, мұндай үйлердің бағасын бекіту жалпы коммерциялық, екінші нарықтағы баспана бағасына еш әсер етпейтінін де ескеру керек.

 

Айнагүл СЕЙІТҚАЛИ, ауыл тұрғыны:

– Ұлым мен келінім қалада пәтер жалдап тұрады. Баспаналы болғылары келеді. Күнделікті қажеттіліктерінен артылған азын-аулақ ақшаларын Отбасы банкке салып, жинауға тырысуда. Алайда, алғашқы жарнаны жинаудың өзі қазір қиынға соғуда. Себебі, үйдің бағасы жыл сайын өсіп жатыр. Бір ақпараттан көрдім, былтырдың өзінде елімізде жаңа үйлердің бағасы 15,7 пайызға, ал екінші нарықтағы пәтерлер құны 14,6 пайызға артқан екен. Ал жастардың жалақысы жыл сайын мұндай көлемге өсіп жатқан жоқ. Сонда олар қалай баспаналы болу керек?!

Сондықтан, бәрін нарыққа сілтеп, «сұраныс болған соң баға да өседі» деп жағдайды жылы жауып қоюға болмайды деп есептеймін. Мемлекет тек мемлекеттік бағдарламалармен салынатын үйлердің бағасын ғана емес, бүкіл тұрғын үй нарығын реттеуі қажет деп санаймын. Мұндай жайсыздықтар жас отбасылардың болашағына кері әсерін тигізеді. Бағаны бүкіл тұрғын үй нарығында бірнеше жылға бе  кітіп тастаса, сонда айтарлықтай оң өзгеріс көрінер еді.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.