Бассейнге бар, балақай!

Мау 12, 2025

Павлодар қаласының жағажайындағы аспан түстес бассейн алыстан көз тартады. Аптап ыстықта суда күнін өткізуді қалайтын балақайлардың бәрі – осында. Былтыр ұзын-сонар кезек көретінсіз. Себебі, бір кіргенде 50 баланы ғана қабылдай алады. Елу минуттан кейін келесі легі кіретін.

Міне, балалардың бір тобы шыққанда кезегін күткендердің қарасы көбейіп, күн астында күту, әсіресе, балалар үшін қиын. Бұл қолайсыздықты ескеріп, биыл ұйымдастырушылар электрондық кезек енгізді. Павлодар қалалық әкімдігінің мәліметінше, Telegram-бот арқылы кезекке жазылу көпшілік үшін жылдам әрі ыңғайлы. Аптап ыстықта ұзақ күтіп, шаршамайды.

Кезекке «Бассейн PVL» — https://t.me/PoolQueueBot telegram-боты арқылы жазылуға болады. Ол үшін аталған «Бассейн PVL» telegram-ботына тіркелу қажет. Содан кейін өзіңізге ыңғайлы уақытты таңдайсыз. Тіркелгеннен кейін сізге ары қарайғы әрекеттерге жол көрсетіліп тұрады.

Тағы бір ескеретіні, егер телеграм-ботта тіркеліп, бірақ, өз уақытында келе алмағандар болса, оның орнына бассейнге келген өзге балалар кіре алады. Бірақ, басымдық Telegram-бот арқылы жазылғандарға берілетінін ұмытпау керек.

Айта кетейік, мұнда екі бассейн бар. Бірі 5-8 жас шамасындағы балаларға арналған. Екіншісіне 9-14 жас аралығындағы балалар кіре алады. Бассейн жұмысын 1 маусымнан бастады. Күнде таңғы 9-дан кешкі 19.45-ке дейін жұмыс істейді. Бір бассейн 25 балаға шақталған. Демек, әрбір кіргізгенде 50 бала қабылдайды. Олар суда 45 минут жүреді. Одан кейін жуынып-шайынып, киім ауыстыруына 15 минут қарастырылған. Содан соң балалардың келесі легі кіреді.

Telegram-бот арқылы жазылудың еш қиындығы жоқ. Тіркелгеннен кейін ары қарайғы әрекеттеріңізге жол көрсетіледі. Бассейнді брондау ботында қолжетімді командалар бар. Алғашқысы — book, бұл команданы таңдау арқылы сіз бассейнге тапсырыс бересіз. Келесісі mybooks командасын бассаңыз, өзіңіздің берген тапсырыстарыңызды көре аласыз. Онда брондау нөмірі, балаңыздың бассейннің үлкеніне немесе кішісіне жазылғаны да көрініп тұрады. Күні мен уақытын да көре аласыз. Неше адамға тапсырыс бергеніңіз де, кезектің нөмірі де жазылып тұрады. Бұл дегеніңіз қандай да бір ақпаратты есіңізде сақтап әуре болмайсыз. Тіпті, сеанс басталуына 30 минут қалғанда сізге ескерту келіп, бассейнге баруыңыз керектігін есіңізге салады. Ал белгілі бір себептермен кейде тапсырыс берген уақытта бассейнге бара алмайтыныңызды білсеңіз, cancel командасы арқылы брондауды жоя аласыз. Language командасы тілді өзгертуге мүмкіндік береді, help батырмасы арқылы көмек алуға болады. Тағы бір ескеретіні, телеграм-ботта бір нөміріңізден 5 баланы бассейнге жаза аласыз. Ал егер баратын балалар саны 5-тен көп болса, оларды өзге нөмірден жазу керек.

Осылайша, технологияның нәтижесінде күн астында ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Жаңашылдыққа ата-аналар да риза. Ата-аналар демекші, балалар бассейнге ересектерсіз кіре алмайды. Қастарында міндетті түрде бір ересек адам болуы шарт. Сонымен қатар, бассейнге кірерде резеңке аяқ киім, суға шомылатын киімннің болуы талап етіледі. Бүгінде ашық аспан астында бассейннің қызығын көріп үлгерген балалар қайта айналып баруға құмар. Ендеше, билік тарапынан жасалған тартудың рахатын көр, балақай!

Г.МАҒЖАН.