Батырдың өшпес ерлігі

Ақп 27, 2025

Биыл Ұлы Жеңіске жеткенімізге — 80 жыл. Сонымен қатар, Кеңес Одағының батыры, соғыс ардагері Махмет Қайырбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Айтулы күндер аясында қалың оқырманға жерлес батырымыздың өмірі туралы сыр шертетін кітап жол тартты. «Ұлы адамдардың өмірі» сериясымен жарыққа шыққан кітаптың авторы – батырдың баласы Мұрат Қайырбаев.

Майдан даласында еліміздің бейбіт күнін сақтап қалу үшін от кешкен Кеңес Одағының батыры, соғыстан кейінгі жылдары ел тізгінін ұстап, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық өмірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Махмет Қайырбаевтың есімі елге етене таныс. Саналы ғұмырын туған жерді түлетуге арнаған батыр атамыздың өмір жолы – көпке үлгі. Қазіргі өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, бойларына патриоттық тәрбиені сіңірудің мықты құралы. Сондықтан Мұрат Қайырбаевтың әкесі туралы ой-толғауларды топтастырып, «Махмет Каирбаев» кітабының жарыққа шығуы – ауыз толтырып айтарлық іс.

Батырдың баласы мұндай ойдың астарында терең мән-мағына жатқанын айтады. Бір жағынан өмірі өнеге болатын арда азамат жайлы сыр шерту болса, екіншіден, осы кітап арқылы өткенге шегініс жасап, сол бір шақтағы аяулы естеліктерді, жүректі сыздатар жайттарды жеткізу болса керек.

— Әкем бала кездегі, соғыс жылдарындағы, тіпті жоғары лауазымдық қызметтерді атқарған уақыттағы оқиғаларды көп айта бермейтін. Майдан даласындағы жайт туралы тіпті тіс жармайтын. Оның өзіндік себебі бар шығар. Десе де, әкемнің балалық шағында қиындық көп көргенін жақсы білемін. Қатыгез заманның кесірінен әкесінің «халық жауы» атануы бала өмірінің астан-кестеңін шығарды. Әкесінің есімін ақтап алу ойымен өмір сүріп, 1956 жылы арманы орындалды. «Халық жауының» баласы деген желеуі «Кеңес Одағының батыры» атағын алуда кедергі келтіргені де бар. Полк командирі Георгий Мельников айыпты «ысырап жасағаны үшін» деп жеңілдетіп, өзіне тиесілі атағына ие болды, — деп бастады кітап авторы әңгімесін.

Иә, Махмет Қайырбаевтың өмірі оңай өріле қойған жоқ. Әкесі «халық жауы» атанып, соның салдарынан талай кедергіге тап болды. Мәселен, 1942 жылы жоғары жақтың шешімінің кесірінен академиядағы оқуын жалғастыра алмай, қатарластарынан қалып, өзге жолға түседі. Десек те, танкіге қарсы шайқаста майдангер батылдығы мен ержүректілігін көрсете білді.

Осы орайда атап өтерлігі, батыр балаларының биік белестерді бағындыруына барын салды. Әсіресе, ұлы Мұрат Мәскеудегі академияны тәмамдап, үйіне диплом әкелген шақта ерекше қуанды. Баласы да әке аманатын орындап, арманына жеткізді. Тәуекелге бел буып, атасының 1937 жылы не себепті айыпталғаны жайлы құжатты қолына алды. Бір тәулікке ғана алуға рұқсат етілген құжатты әкесіне ұсынады. Біраз уақыт үн-түнсіз қалған әкесі көзіне жас алып, ұлына ризашылығын білдіреді. Батыр әкесінен мадақ алу жетістік шыңы шығар.

Осындай жан тебірентерлік естеліктер әсер етіп, Мұрат Махметұлы әкесі туралы кітап жазуды жөн санады.

— Әкем бірқатар жоғары лауазымды қызмет атқарды, ел арасында жиі жүрді. Құрметті демалысқа шыққан соң да қоғам өміріне белсене араласып, кездесулерде майдангерлердің ерліктерін, хабарсыз кеткен қатарластарын жиі еске алатын. Мен де ішкі істер органдарында еңбек етіп жүрген тұста ауыл-аймақты аралап, көпшілікпен кездесетінмін. «Жақсы әкенің атағы балаға қырық жыл азық болады» дегендей, әкемнің көзін көрген алдыңғы буын еске алып, жақсы қырларын тілге тиек етіп, маған да сый-құрмет көрсететін. Олар әкемнің үлкен-кішімен тез тіл табысып, қарапайымдылығымен ерекшеленгенін айтатын. Осындай естеліктерді жиі естіп жүргендіктен деректерден тұратын кітап шығаруды құп көрдім. Бұл ретте мұрағатшылардың да көп көмегі болды, — дейді М.Қайырбаев.

Бұл кітап ғалымдардың назарына емес, бірінші кезекте өскелең ұрпаққа мұра ретінде жазылған. Алғаш шыққан екі кітаптағы мағлұматтар үшінші кітапта реттеліп, толықтырылды. Генералдар кеңесі Кеңес Одағының Батыры жайлы кітабы жарыққа шыққанда қызығушылық танытып, кездесуге шақырған.

Автордың айтуынша, соғысқа қатысты деректерді зерттеп, енгізген кезде қариялардың айтылған әңгімелеріне де ерекше құлақ асқан. Халық айтқан естеліктердің ішінде жас буынға ой салатын дүниелер де баршылық.

Соғыс батыры жайлы жылы лебізін білдіргендердің бірі – Омбы облысының губернаторы, аудандық «Рухани мұра» қоғамдық қорының президенті Л.К.Полежаев.

«…Махмет Қайырбаевпен алғаш рет 1973 жылы «Павлодарродстрой» трестінің басқарушысы қызметіне тағайындаған уақытта таныстық. Көпшілік жастығыма күмәнданып, лауазымға лайықты ма деп сөз еткен болатын. Махмет Қайырбаев өзіме сенім білдіріп, көпшілік алдында «жас маман тез үйреніп, жастығының арқасында белестерге қол жеткізеді» деп қолдаған. Содан бері халық қаһар-маны жұмысымды қадағалап, объектілеріме келіп жүретін. Оның қызметтегі жауапкершілігі мен жұмыс жүргізу мәнеріне таңданатын едім» («Махмет Каирбаев» кітабынан үзінді).

Айта кетейік, 237 беттік «Махмет Каирбаев» кітабы Мәскеудегі «Ұлы адамдардың өмірі» сериясымен 2024 жылы «Жас гвардия» баспасында 10 000 дана болып басылған. Сөз соңында Мұрат Қайырбаев батырдың баласы болу – ол үшін жоғары мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін тілге тиек етті.

— Балалық шағымда «Батырдың баласы» дегенді жиі еститінмін. Әкемнің көзі тірі кезінде Әзілхан Нұршайықов, Сәбит Мұқановтай сыйлы қазақ зиялыларын көріп өстік. Әкем оларға сыр тарқатып, жастық шақ пен майдандағы оқиғаларын айтатын. Бір айға созылған «Шяуляй танк» шайқасында фашистер кеңес әскерлеріне қарсы бір күнде 400 танк жіберген деп айтқан естелігі есімде ерекше қалыпты. Әкемнің бойындағы ерлік ешқашан ұмытылмайды. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз – осындай батыр әкелеріміздің қанмен, термен келген жемісі, – деп түйіндеді.

Батырдың өмірі арқау болған кітаптар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Автордың айтуынша, жылдар бойы құжаттар мен мағлұматтарды реттеу барысында ғұлама-ғалым, замандастары, шәкірттері мен әріптестері бөліскен естеліктер әлі де баршылық. Сондықтан көп ұзамай Махмет Қайырбаевтың психологиялық портреті сипатталған тағы бір туынды жарыққа шығуы әбден мүмкін.

Салтанат ҒАББАС.