Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 80 жыл толады. Бұл Жеңіс — қан майданға қатысқан сарбаздар мен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі. Қанша уақыт өтсе де, олардың бұл ерлігі ұмытылмақ емес.
Ұлы Отан соғысы 1941 жылы басталып, 1945 жылы аяқталды. Сол жылдың 30 сәуірінде Рейхстаг ғимаратына шабуыл басталды. Сөйтіп 150-атқыштар дивизиясы 674-атқыштар полкінің жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов ғимаратқа алғашқы Қызыл туды тігеді. 9 мамыр күні Михаил Егоров пен грузиндік Мелитон Кантария мекеме төбесіне туды қайта тігеді. Сондықтан осы күнді біз Жеңіс мерекесі деп айтамыз.
Ұлыбританияның белгілі журналисі Александр Верта соғыстың алғашқы күнінен соңына дейін қатысып, осы қан майдан жайлы жазған кітабын 1967 жылы Мәскеу қаласында баспадан шығарады. Сол кітабында «Соғыс даласында ең мықты жауынгерлер — қазақтар, Сталинград майданында қырғыз-башқұрттар, татарлар және Орта Азия халықтары болды» деп жазады.
Соғыс аяқталғаннан кейін үлкен ерлік көрсетіп, фашистердің көзін жойғандарға Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Олардың қатарына біздің 95 қазақ азаматы енді. Алайда оған ілікпегендер қаншама… Мәселен, қазақтың сұрмергені Тілеуғабыл Әлдебеков 395 фашисті өлтірген. Бірақ бұл атақ оған берілмей кетті. Ал Ленинград блокадасында ерлік көрсеткен артиллерия бөлімінің командирі Хамза Абылғазинге Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы өтініш-тілектер түседі. Алайда оған орден де жетеді деп, екі мәрте де «Қызыл ту» орденімен қанағаттандырған. 1945 жылдың 8 мамырында Абылғазин Рейхстагқа «Баян. Хамза» деген жазуды қалдырады. Сондай-ақ, өз кеудесімен жаудың дзотын жапқан Сұлтан Баймағамбетовке де батыр атағы берілген жоқ.
Дегенмен, үлкен ерлік көрсетіп, бұл атаққа ілінген азаматтар да болды. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы. Қазақтың батыр ұлының «Ресей — кең байтақ. Алайда шегінерге жол жоқ! Артымызда —
Мәскеу!» деген сөзі оның осы ерлігін күллі әлемге паш етті. Ардақты ардагерге өзі дүниеден өткен соң, «Кеңес Одағының батыры» атағы берілді. Сонымен қатар, екі мәрте Кеңес одағының батыры атанған Талғат Бигелдинов 305 рет шабуылға шығып, тапсырманы «өте жақсы» орындады.
Мұндай ерлікті қайсар апаларымыз да көрсетіп кетті. Оған дәлел ретінде КСРО-ның батыр атағына ие болған қазақтың қаршадай қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованы мысалға келтіруге болады. Оған қоса, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел Хиуаз Доспанова жаудың бірнеше ұшағын атып, ерлік көрсетті. Кейін Қазақстанның орталығында қызмет етіп, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиеледі.
Жыл өткен сайын соғыс тарихы алыстап, ардагерлер қатары сиреп барады. Алайда олардың жасаған ерлігі бүгінгі ұрпақ санасында мәңгі сақталады.
Махмет ДЕМЕСІНОВ,
Павлодар облысының Құрметті азаматы, Павлодар қаласы.