Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Ақтоғай ауданының орталығында Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығына орай ескерткіш-бюст ашылды. Ескерткіш-бюст Ақтоғай аудандық ардагерлер кеңесінің ұжымының ұсынысымен және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Жұмабек Қамзиннің үйлестіруімен, «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамының демеушілігімен бой көтерді.
Ескерткіштің салтанатты ашылуы барысында қоғам белсендісі Жұмабек Қамзин бұл күннің тарихи және тәрбиелік маңызын атап өтіп, бюст ерлік пен батылдықтың нышанына айналатынын, жас ұрпақ үшін үлгі болатынын жеткізді.
— Өткен жылдың қараша айында Махмет Қайырбаевтың ұлы Мұрат Қайырбаевпен «Қазақстан электролиз зауытының» басшысы Андрей Батраченкомен кездескен болатынбыз. Кездесу барысында Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығына орай ескерткіш-бюсттің ашылуына демеушілік етуін сұрадық. Ол біздің ұсынысымызды бірден қолдады. Негізі, кәсіпорын бүгінге дейін біздің өңірімізде және шекаралас Ресей жерінде 27 ескерткіштің ашылуына демеушілік етті, — дейді Ж.Қамзин.
Ескерткіштің салтанатты ашылу барысында еңбек ардагері Валентин Зуев, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Жұмабек Қамзин және батырдың ұлы Мұрат Қайырбаев, аудан әкімі Қаршыға Арынов сөз сөйледі. Ескерткішті ашу құрметі Мұрат Қайырбаев пен Валентин Зуевке берілді. Одан кейін жиналғандар батырдың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
А.БОРАНБАЕВА.