Еліміздің еңселі ордасына айналған бас қаланың қалыптасуына, оның өркендеп дамуына павлодарлықтардың қосқан үлесі сүбелі. Ширек ғасыр аралығында біздің өлкенің өрендері мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларының ілгерілеуі үшін аянбай тер төкті. Жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер Астананың тұрғындарын сапалы өніммен, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп келеді. Павлодардан шыққан саясаткерлер ел төрінде тек бас қаланың емес, күллі қазақ халқының әл-ауқатының жақсаруы үшін маңызды шешімдер қабылдауда. Осы орайда еңбек жолы Елордамен тығыз байланысты елге белгілі жерлестерімізді сөзге тартқан едік.

Біз — тарихи сәттің куәсіміз

Рысты ЖҰМАБЕКОВА, мемлекет және қоғам қайраткері:

— Мен тәуелсіз елдегі Мәжілістің алғашқы шақырылымында депутат болдым. Ол кезде Алматы қаласында жұмыс
істейтін едік. Бірде «Парламент Ақмолаға көшеді» деген хабар келді. Сөйтіп, 1997 жылы көпшілік біле бермейтін
шағын ғана қалаға қоныс аудардық. Бастапқыда күмән болғаны рас. Бірақ уақыт өте келе сол тұстағы шешімнің
дұрыс болғанына көзіміз жетті.
1990-ыншы жылдары қаржылай қиындық болғанына қарамастан жұрт болып жұмылып жаңа астананы
тұрғыздық. Осыдан 25 жыл бұрын көшеден өзіміздің қаракөздерімізді сирек кездестірсек, бүгінде олардың қатары
айтарлықтай қалыңдады. Бас қаладағы әлеуметтік, саяси маңызы зор ғимараттардың көз ілеспес жылдамдықпен
салынып, шаһардың ажарын ашқанына тамсандық. Мұның барлығы — біз куәсі болған тарихи сәттер. Сондай естен
кетпес уақыттың куәгері болғаныма қуанамын.
Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген жақсы сөз бар. Осы қаланың қалыптасуы көз алдымызда өткен соң
сыни көзбен қарайтынымыз рас. Бас қала тұрғындарының мәдениеті артып, тазалық пен тәртіпті сақтаса екен
деймін. Қаланың көрікті, сәулетті, өркениетті болуы тек билікке емес, бұқараға да байланысты. Осыны қаперден
шығармасақ игі.

Астананың құрметіне қойдым

Нұржан ӘШІМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

— Бас қаламыз Алматыдан Ақмолаға көшкен алғашқы жылдары-ақ Елордаға жиі жол түсетін. Сол кезде Президент
әкімшілігі, жергілікті әкімдіктің ғимараты сынды маңызды нысандардың барлығы оң жағалауда болды. Аз уақыт
аралығында құрылыстың қарқынды жүруінің нәтижесінде сол жағалауда сәулеті келіскен зәулім ғимараттар пайда
болды. Бүгінде Астана саяси шешімдердің орталығына айналды. Күллі ел үшін маңызды бағдарламалар осы жерде
қабылданады.
Тіпті, әлемдік деңгейдегі саяси жиындар осы Астанада өтеді. Бұл да бас қаланың саясаттағы рөлі ерекше екенін
көрсетсе керек.
Осы орайда жеке өміріме қатысты бір деректі келтірудің реті келіп тұрған сияқты. Жаңа астананың халықаралық
деңгейдегі таныстырылымы 1998 жылдың 10 маусымында өткені баршаға белгілі. Дәл осы күні ұлым жарық дүние
есігін ашты. Оның есімін бас қаланың құрметіне Астан деп қойдым. Менің әкемнің есімін Кемер қаласында туған соң
да Кемер деп қойған-ды. Биыл астанамен құрдас балам Астан Кемер 25 жасқа толды.
Тағы бір айта кетер жайт, жақында Мәжіліс депутаты ретінде бас қаланы урбанизациялауға байланысты жиынға
қатыстым. Бұған дейін еліміздің әр өңіріндегі азаматтар Астанаға келіп, тұрғындар саны бір миллионнан асты. Енді
шаһарда электр, су, жылуға қатысты мәселелер туындай бастады. Осыны ескеріп, қаланы одан әрі кеңейтудің
қажеті жоқ деп есептеймін. Оның орнына өңірлерді дамытуға ден қойған абзал.

Жасампаз жастар қаласы

Асхат ОРАЛОВ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

— Мен Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназияны тәмамдаған соң өзім қатарлас жастар
сияқты арман қала — Астанаға бағыт алдым. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғары білім
алып, осы оқу орнында еңбек жолымды бастадым. Әр жылдары білім ордасындағы әлеуметтік-тәрбие жұмысы
департаментінің жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің бас маманы, протокол бөлімінің аға маманы болып жұмыс
істедім.
Кейінгі еңбек жолымның басым бөлігі де елордамен тығыз байланысты. Айтпағым, бас қала еліміздің түкпір-
түкпірінен арман қуып келген талай жастың қиялына қанат бітіріп, азамат болып қалыптасып, алдағы өміріне
даңғыл жол салып берді.
Жалпы, Астана — мемлекетіміздің бойтұмары, жасампаз жастардың қаласы.
Арқа төсінде бой көтерген еліміздің бас қаласы — егемендігіміздің басты нышандарының бірі. 25 жыл ішінде сәні мен салтанаты жарасқан елордамыз төрткіл дүниені түгел тамсандырып, саяси, экономикалық және басқа да өзекті мәселелерді талқылайтын жаһандық орталыққа айналды. Отанымыздың жүрегі — Астана дарынды, іскер азаматтардың ізгі үміттері ақталып, бақыт жолына бастайтын арман қала.

Елорда — елдің жүрегі!

Айбек ҚОБДАБАЙ, журналист:

— Бар Қазақтың Бас шаһары күн санап көркейіп келеді. Мен осыдан 19 жыл бұрын алғаш аяқ басқан Астана мен
қазіргі Астананың арасындағы айырмашылық жер мен көктей.
ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем қаласы» атағын алған қаланың тұрғындары бұл күнде 1 миллионнан асты. Елорда
дәулетіне сәулеті сай бой түзеп, түледі. 25 жылда төбесі көк тіреген көп ғимараттар мен
жүздеген тұрғын үйлер салынды. Ондаған білім ошақтары мен теңдессіз ЖОО-лары талай жасқа есігін айқара
ашты.
Елордада халықаралық талаптарға сай медициналық класстер қалыптасты. Астана арнайы экономикалық аймағы
құрылды. Астана 25 жылда ел мәдениеті пен руханиятының қайнар көзіне айналды. 25 жылда Елордаға
триллиондаған теңге инвестиция тартылып, қаланың дамуынан мемлекет қазынасына да қаржы түсе бастады.
Осылайша, Елорда ел дамуының негізгі тірегіне айналды.
Ақмоланың ақтүтек бораны мен аңызақ желі қала көркін мүжімей, шаһардағы ауа саф таза болу үшін Елорданың айналасы аз жылда жасыл желек орманға айналды. Жасыл белдеу жыл сайын жайқалып, жайнап, жайылып келеді. Осылайша қазіргі таңда яғни 21-ші ғасырда дүниежүзі бойынша қазақ деген халқы ғана өз астанасын салып жатқан жаһандағы жалғыз ұлт
ретінде де көпке танылып, көпті тамсандырып-ақ келеді. Астана — Алаштың жүрегі, Астана — қазақтың жүрегі…