«Отан отбасынан басталады» демекші, қай заманда да қоғамның негізі саналатын әлеуметтік институттар өзара сынға түскен аламанда жанұя мәдениеті дәріптеліп, отбасы құндылықтарын құрметтеу көзделген. Тәлім мен тәрбиенің тал бесігі, өмір мен өнегенің бастауы бола білген үлгілі отбасы бейнесінің бүгінгі қоғамда алар орны орасан.

Елімізде Отан қорғау саласында өнегелі еңбек етіп, ел мен жердің тыныштығына күндіз-түні үлесін қосып жүрген тағылымды отбасылар қаншама. Отан қорғау саласында қызмет ететін жандардың отбасылары әскери қызметтің қиындығы мен қызығын қатар алып, қатал тәртіп пен әскери жүйенің шеңберінде жүріп, отбасылық құндылықты берік сақтай келе әскери отбасылар — әрқашан елімізге үлгі мен тәлімнің көрсеткіші. Осындай босағасы берік, керегесі кең қара шаңыраққа айналған үлгілі отбасылардың бірі — Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5512 әскери бөлімінде қызмет етуде. Атап өтсек, әскери бөлімнің клуб бастығы, капитан Балжан Шахиева мен аталмыш әскери бөлім командирінің орынбасары-штаб бастығы, подполковник Гамлет Хасанов — бұл күндері бақытты отбасылардың қатарында. Әріптестері Балжан Шахиеваны қызметте үлгілі қызметкер, жанұяда әзиз отана екенін атап өтіп, бес баланы бесігінде тербетіп, бойларына патриоттық рух дарыта білген офицер екенін айтады.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіның мәліметінше, Абай облысы Бесқарағай ауданына қарасты Башкөл ауылынан түлеп шыққан Гамлет Хасанов есімді атпал азаматтың атасы — Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсете білген даңқты ардагер. Атасынан тағылым алған Гамлет бала жасынан әскери қызметші болуды армандаған екен. Қос әскери қызметшінің таныстығы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Семей қаласындағы №5511 әскери бөлімінде орын алды. Ол кезде Гамлет Хасанов бурадай буырқанған жас лейтенант болса, Балжан Шахиева кіші сержант шенінде қызмет атқарып жүрген.

— Бүгінде үш ұл, екі қыздың анасымын. Әскери қызметкерлер отбасы ретінде өмірдің барлық қызығы мен шыжығын бірге көріп келеміз. Бір жылдары Абай облысына қарасты Жарма ауданы Шуақ ауылында қызмет атқардық. Қыста үйі суық, тіпті жылуы тұрмақ, жарығы жоқ елді мекенде бөрі құрақтанып, барды қанағат тұттық. Ол кезде тұңғышымыз небары бір айда еді. Алайда, тағдырдың теперішіне сынбадық. Қайда барсақ та, қажымадық, керісінше қайсарлана түстік. Өйткені, әскери өмір бізді шыңдай, қайрай түсті. Міне, бүгінгі таңда Павлодар қаласында түндігінен түтіні түзу шыққан жанұяның біріне айналдық. Өйткені, біздің арамызда сыйластық пен махаббат қана патшалық құрды. Жолдасым жуықта әскердегі атқарған қызметі үшін Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие болды. Балаларымыз жан-жақты, елгезек, сұңғыла. Тұңғышымыз Ғанибет Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы қызметін атқаруда. Ал қызымыз Әйгерім домбыра шертіп, «құлақтан кіріп, бойды алар» күй орындаса, ұлымыз Ахмедияр футболист болуды армандап жүр. Аяқдоппен кәсіби тұрғыда айналысады. Айта кететін жайт, барлық балаларымызды туа салысымен қазақтың киелі бесігіне жатқызып, өсірдік. Болашақта Қазақстанның көк туын алып ареналарда желбіретуді мақсат тұтады. Ал Айым атты қызымыз тал-шыбықтай мың бұралып, би билейді. Кенжеміз Таир да өнерлі, балабақшаның әр түрлі шараларына белсене қатысады. Жалпы, әр баланың даму жолына іждағаттылық танытып, аса үлкен жауапкершілікпен қараймыз, — дейді №5512 әскери бөлімінің клуб бастығы капитан Балжан Шахиева.

Болашаққа нық қадам басқан жарасымды жұптың алға қойған арманы — ата-аналарымен бірге бір үлкен қара шаңырақта ғұмыр кешу. Сондай-ақ, ұл мен қыздарының бойларына асқақ рух қалыптастырып, туған елдің патриоты етіп өсіру, жетілдіру. Отан алдында әскери борышын адал абыроймен атқарып жүрген бақытты отбасының әрбір ісіне толағай табыс пен ырыс-береке тілейміз.

А.МҰҚЫШЕВ.