Бақыт балалы үйге қонады

Мам 15, 2025

Ақ бата, ақ ниетпен босаға аттаған Гүлден Әубәкірова жас та болса көпбалалы ана санатын толықтырып, үлгілі келін атанып отырған жайы бар. Төрт баланы өмірге әкелген бақытты ана ұл-қызымен қатар, ұлтқа қызмет ететін ұрпақ тәрбиесімен де айналысып келеді.

«Қыз мұраты – кету» демекші, Гүлден 2010 жылы өз отауының түтінін түтетіп, Әубәкіровтер әулетіне келін болып түскен. Жолдасы Мейраммен бірге шаңырақ көтергендеріне биыл 15 жыл толып отыр. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеуде. Тұңғыш қызы биыл 9-сыныпты тәмамдайды. Анасының жолын қуып, педагог атануды мақсат тұтып отыр. Екінші қызы бастауышты аяқтады. Ұлы мен кенже қызы — балабақша тәрбиеленушілері.

Бүгінде шаңырақты шаттыққа бөлеген балалардың қызығына тоймай жүрген Мейрам және Гүлден Әубәкіровтер әр баланы Алланың берген үлкен сыйы деп біледі. Иә, дүниеге бала әкелу, тәрбиелеу, өсіріп, жетілдіру – оңай шаруа емес. Дей тұрғанмен, алғаш шаңырақ көтергенде-ақ екеуі де көпбалалы отбасы болуды армандаған екен.

— Басқаша болуы мүмкін емес еді. Жолдасымыз екеуміз де көпбалалы жанұяданбыз. Бала кезден үлкен отбасы болудың мән-маңызын көріп, біліп өстік. Сондықтан бізге бұл таңсық емес. Ендігі кезекте, ұядан ілгенімізді өз балапандарымызға сіңіруге тырысып жатқан жайымыз бар, — дейді Гүлден Серікбайқызы.

Бұл әулет айына бір рет «Отбасы күнін» атап өтеді. Яғни, өздерінің жекеменшік мерекелерін белгілеп алған.

— Әрине, жұмыс күндері таңертең және кешке, демалыс күндері балаларымызбен барынша көп уақыт өткізуге тырысамыз. Сабақтарына көмектесіп, жеке қызығушылықтарын дамытуға атсалысамыз. Дегенмен, бәрібір күйбең тіршілік өз дегенін жасайды. Сондықтан, айына бір күнді «Отбасы күні» деп белгілеуді әдетке айналдырдық. Бұл күні жолдасым екеуіміз де толығымен жұмыс, үйдің тіршілігін ысырып қойып, таңның атысынан күннің батысына дейін балалармен қызықты, мағыналы уақыт өткізуге тырысамыз, — дейді кейіпкеріміз.

Гүлден Серікбайқызы тәрбие балаға құр ақыл айтумен шектелмейтінін алға тартады. Алдымен, ата-ана өздері іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, мінез-құлқымен үлгі болуы тиіс. «Балаларымызды алдымен, адалдыққа, сыпайылыққа, әдептілікке тәрбиелеуге тырысамыз», дейді ол.

Жолдасы Мейрам Әубәкіров ата жолын қуып, ішкі істер органдарында қызмет етеді. Ал Гүлденнің өзі бала кезінен ұстаз болуды армандаған.

— Оған бірінші сыныпта қолыма алғаш қалам ұстатқан ұстазым Гүлнар Елетайқызының әсері мол. Мен де сол кісі сияқты шәкірт тәрбиелеуді армандадым. Сол арманның жетегімен педагогика саласында жоғары білім алып, көп жылдан бері ұстаздық етіп келемін, — дейді көпбалалы ана.

Гүлден Серікбайқызы бір әулеттің отын маздатып отырған келін ғана емес, білім-ғылым саласында, қоғамдық жұмыста да белсенді. Екі жоғары білімі бар. Магистратура оқыған. Соңғы жылдары қоғамдық жұмысқа етене араласып жүр. Қазіргі таңда «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының «Ақ босаға» жас келіндер мектебінің жетекшісі. Бұл ұйымның мақсаты — отбасылық құндылықтарды насихаттау, өскелең ұрпақ санасына «Жақсы келін — отбасының олжасы» деген ұғымды сіңіру. Бүгінде кейіпкеріміз жетекшілік ететін ұйым өкілдері мектеп оқушылары, колледж, университет студенттерімен түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Мұндай кездесулерде бала тәрбиесі, әсіресе, қазақ қоғамындағы қыз баланың тәрбиесіне қатысты ғибратты әңгімелер айтылады.

Гүлден Әубәкірова халық санының өсуіне үлес қосып келе жатқан көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бар екенін айтады.

— Екі балам балабақшаға тегін барады. Бұл – бізге жақсы көмек. Балаларды ойын-сауық орталықтарында жеңілдікпен ойнатамыз. Көпбалалы аналар үшін қоғамдық көлікте жүру тегін. Медициналық қызметті де жеңілдікпен алуға құқығымыз бар. Балалар денсаулығына байланысты емханаға жүгінсек, жедел, сапалы қызмет көрсетеді. Бүгінде медицина дамыған. Әсіресе, ана мен бала денсаулығына мұқият қарайды, — дейді ол.

Бақытты отбасы бесінші сәбилерін күтуде. Кейіпкеріміздің жаны аман қалып, шаңырақтарының шаттыққа тола беруін тілейміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА,

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.