Аймағымызда бірнеше ұлт өкілінің басын бір шаңырақ астында қосып отырған «Достық үйі» 24 этномәдени бірлестігін, жастар қанатын және ұлттық жаңғыру мектебін біріктіреді. Мәдени мекеме, сондай-ақ, еліміздің бірегейлік пен жалпыұлттық бірлігін нығайтуға, Қазақстанның этностық топтарының дәстүрлерін, тілдерін, мәдениеттерін сақтау, этносаралық толерант-тылық пен қоғамдық келісімді қалыптастыруға ықпал етеді.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, облыстық қоғамдық даму ақпараты басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Қымбат Дощанова «Достық үйі» бүгінде этномәдени бірлестіктердің негізгі мекемесіне айналғанын айтады. Мұнда барлық этнос үшін көптеген жағдай жасалған. Мәселен, бұл жерде әр қоғамдық ұйымның және әртүрлі деңгейдегі шаралар тегін өтеді.
Қымбат Ілиясқызы облыстық Ассамблея құрамындағы қоғамдық бірлестіктер үнемі өзара тығыз байланыста екендігін атап өтті. Әр ұйымның жастары өзінің ұйымынан бөлек, өзге де бірлестіктердің мәдениетімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрыптарымен танысады. Мәселен, қазақ этносының өкілі корей орталығына барса, украин өкілінің мүшелері қазақ этномәдени бірлестігінде домбыра тартуды үйреніп, қазақ тілін меңгереді.
— Ассамблея әртүрлі тақырыптағы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Мәселен, өткен жылы елімізде орын алған су тасқыны кезінде «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен жандарға жан-жақты көмек көрсетті. Ал Аналар кеңесінің және «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова «Ассамблея жастары» өкілдерімен бірлесіп Петропавл қаласына барып, гуманитарлық көмекті жеткізді, — дейді Қ.Дощанова.
Облыстық Ассамблеяның жанынан құрылған «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі де бүгінге
дейін бірталай жұмысты жүргізген. Қазіргі уақытта жастар мен қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығын дамыту, мемлекеттік тілді меңгеру, экологиялық мәдениетті арттыру және бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған бірнеше жобаны іске асырып келеді.
— Ассамблея құрамында еңбек етіп жүргеніме 15 жылдай уақыт болды. Алғашқы жылдары тек концерттік бағдарламалар жиі ұйымдастырылса, соңғы жылдары мән-мазмұны жоғары шараларды өткізуді қолға алдық. Олардың ішінде патриоттық, экологиялық, еріктілік және білім саласына қатысты жобаларымыз бар. Бұрын «Ассамблея жастары» филиалы Торайғыров университетінің жанында болса, қазіргі уақытта 3 филиалы ашылды. Сондай-ақ, ұйымға мүше жастардың орташа жасы өзгерді. Мәселен, олардың орташа жасы бұрын 23-26-ға дейін болса, бүгінде 19 бен 21 жас аралығын қамтиды. Сонымен қатар, «Достық үйінде» шаралар саны артып, студенттік ассамблеялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының маманданды-рылған мектеп сыныбы ашылды. Биыл Ассамблеяның 30 жылдығына орай бірнеше ауқымды жобаны жоспарлап отырмыз. Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының көрнекті тұлғаларына арналған «Ассамблея адамдары» интерактивті жобасы шығады. Оның алғашқы кейіпкері Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері Қанат Даржұман болады, — дейді қоғамдық бірлестіктің төрағасы Рамиль Смаилов.
Бүгінде Ассамблея жанында Қанат Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебі жұмыс істейді. Онда этномәдени бірлестіктердің бес жүзден астам баласы қосымша білім алады. Олар әр ұлттың тілін меңгеру арқылы домбыра, вокалдық, би, сәндік-қолданбалы көркемөнер бойынша үйірмелерге қатыса алады. Мектептің директоры Естай Рысбектің айтуынша, мекемеде 34 педагог қызмет атқарады.
— Қанат Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебі 1997 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылды. 2012 жылы көпшіліктің шешімімен Ассамблеяның белсенді мүшесі Қанат Даржұманның есімі берілді. Мақсатымыз — барша ұлттың тілін, дінін, мәдениетін және тарихын сақтау және насихаттау, — дейді ол.
Айта кетейік, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдығын атап өтпек. Осыған орай облыс көлемінде бірқатар шараны өткізу жоспарланып отыр.
Айдана Боранбаева.