Павлодар қаласының орталық көшелерінің бірі — Катаев көшесі, 36 мекенжайындағы үйдің қабырғасында Халық қаһарманы Мейіржан Аймановты еске алуға арналған мурал ашылды. Жиынға батырдың інісі Өміржан Айманов, ұлы Мадияр Айманов, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен Жамбыл облысынан келген әріптестері қатысты.

Муралды ашу құрметі Халық қаһарманының інісі Әміржан Аймановқа берілді. Салтанатты рәсімге қатысушылар гүл шоқтарын қойып, бүгінгі күннің батырын бір минут үнсіздікпен еске алды. Мейіржан Көпбосынұлы Айманов — Жамбыл облысы Тараз қаласының тумасы. 1995-97 жылдар аралығында ҚР Ішкі істер министрлігі Павлодар техникалық колледжінде оқыды. 1997 жылдың қыркүйегінен бастап азаматтық қорғау органдарында жұмыс істеді. 2021 жылы Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары болып тағайындалды. Сол жылы 26 тамызда Жамбыл облысының әскери бөлімдері қоймаларының бірінде өрт болды. Мейіржан Айманов өртті сөндіруге және эвакуациялық жұмыстарға жетекшілік ете отырып, оларға тікелей қатысты. Өрт кезінде бірнеше жарылыс болды. Бірінші жарылыстан кейін Мейіржан Көпбосынұлы өмірін қатерге тігіп, бірнеше әріптесін оттан шығарды. Ал екінші жарылыс батырдың өмірін қиды. ҚР Президентінің 2021 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа айрықша ерекшелік белгісі — «Алтын жұлдыз» медалі және «Отан» ордендері, өмірден өткен соң «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Бүгінгі күннің батыры Мейіржан Аймановтың інісі Өміржан Айманов ағасының тірі кезінде істеген қызметі және өзі жайлы біраз деректі келтірді.

— Ағам – қарапайым, ақкөңіл, қолы ашық жан еді. Әріптестерінің арасында сыйлы болды. Сол себептен болар, бүгінгі жиынға сонау Жамбыл облысынан ағамның есімін құрметтеп келіп отыр. Соңында жары, 5 баласы қалды. Жақында немерелі болды. Өкінішке қарай, ол қызықты көре алмады. Оның істеген ерлігі барлық адамға үлгі-өнеге болары сөзсіз, — деді ол.

Жиыннан соң Торайғыров атындағы жоғары оқу орнында бейбіт күннің батырын еске алуға арналған кеш және ертеңінде шағын футбол ойыны ұйымдастырылды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.