Ертең еліміздің ең басты мемлекеттік мерекесі – Республика күні аталып өтпек. Қай-қайсымыз үшін де Мемлекет басшысы ұлттық мәртебе берген айтулы күннің мән-маңызы зор. Олай дейтініміз, осыдан отыз төрт жыл бұрын ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған азаттықтың символы – дербестік декларациясы қабылданды. Сөйтіп, әлем картасында «Қазақстан» атты егеменді мемлекет пайда болды. Бүгінде ортамызда осынау жас мемлекеттің іргесін бірге қаласып, өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан асыл жандар аз емес. Солардың бірі – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, экс-сенатор Манап Шарапиденұлы Көбенов. Павлодарлықтар үшін орны бөлек абзал азаматпен елдің өткені мен бүгіні жайлы аз-кем әңгімелескен едік.

— Манап Шарапиденұлы, әңгіменің әлқиссасын алдағы мереке жайлы сауалдан бастасақ… Сіз үшін Республика күнінің маңызы қандай?

— Мен үшін бұл күннің орны бөлек. Әлі көз алдымда, 1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданғаны жайлы жағымды жаңалықты естіп, мәз болдық. Бұл — жеке ел екенімізді айғақтайтын әрі тәуелсіз мемлекеттің саяси-құқықтық негіздерін бекіткен алғашқы құжат еді. Осыны түсінген әр қазақтың кеудесін қуаныш кернеді. Себебі, дәл осы күні жылдар бойы Алаш арыстары армандап кеткен тарихи жеңіске қол жетті. Яғни, Қазақстан дербес мемлекет атанды. Әрине, егемендік пен еркіндік оңайлықпен келген жоқ, оның артында түрлі сынақтар болды. Халық қасқайып тұрып бәрін еңсере білді.

Осылайша, декларацияның қағи-даттары негізінде 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң күшіне енді. Кейін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы заңға» өзгерту енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынды. Алайда айтулы күн араға бір мүшел салып, қайта оралды. Бұл ретте, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өте дұрыс шешім қабылдағанын атап өткен жөн. Республика күнінің саяси әрі салмақты себебі бар. Елдік еркіндік, азаматтық азаттық, жеке жер, ұлттық ұлағат, шегенделген шекара сынды құнды ұғымдардың бәрі осы күнмен астарласып жатқаны ақиқат. Сондықтан әрқайсымыз айтулы мерекенің мәнін терең түсініп, барынша бағалай білуіміз қажет.

— Егемендік алғаннан кейінгі елдің жағдайы мен мемлекет дамуы жайлы не айтасыз? Осы тұста қандай артықшылық немесе кемшілік бар деп ойлайсыз?

— Тәуелсіздік алғаннан кейін көп қиындықпен бетпе-бет келдік. Әрине, бірден қуатты мемлекет құру мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті ғой. Әсіресе, өнеркәсіп саласы шатқаяқтады. Мәселен, басқасын былай қойғанда, өндірісті өңір саналатын Павлодар облысында трактор, машина жасау, химия зауыттарының жұмысы кері кетті. Себебі, барлық кәсіпорын одақтас республикаларға тәуелді болғандықтан түрлі кедергілер кездесті. Мысалы, Павлодар трактор зауытына қажетті бөлшектер Ресейден жеткізілетін еді. Сол сияқты көп дүниені өз елімізде өндіруге мүмкіндік болмады. Тіпті, оңтүстік жақта мақта өсіргенімізбен, оны өңдеу үшін көрші елге жөнелтіп отырдық. Жалпы, бұл жөнінде көп мысал келтіруге болады. Менің жаныма батқаны — сол уақытта совхоздарды шаруа мен фермерлік қожалықтарға, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне айналдыру үрді-сінің жүруі. Бұған бірден көндіге алмадық. Сол кезде табандап отырып, мемлекеттік аграрлық саладағы саясатпен келіспейтін ең соңғы совхоз директоры мен болдым. Осы әрекетім үшін сол кездегі облыстық ауыл шаруашы-лығы басқармасының басшысы Бақтылы Бипанқызымен бірге ауыл шаруашылығы министрлігіне дейін шақыртты. Совхозды сақтап отырғанымның себебін сұрады.
Мен сонда тым болмаса тәжірибе ретінде мемлекет иелігінде қалдыруын өтіндім. Сол сәтте өзім басқарған Железин ауданына қарасты «Советтік Қазақстан» деген ауылда 70 мың гектар жер, 20 мың гектар егіс алқабы, 4 мың бас қара мал, 1 мың сауынды сиыр, 20 мыңдай қой, құс фермасы болды. Тұрғындар саны 3 мыңнан асты. Оның 900-і жұмыспен қамтылды. Өкінішке қарай, жоғары жақ менің пікіріммен келіскен жоқ. Сонымен, ауылға келіп, нарық талабы бойынша жерді, мал-мүлікті халыққа бөліп бердім. Бірақ, тұрғындар бірауыздан «совхозды сақтап қалайық, бұрынғыдай жұмыс істей берейік» деген өтініштерін айтып, менің кеткенімді қаламады. Болып жатқан жағдайлардан кейін ауылда қалғым келмеді. Әлі күнге дейін сол кездегі ауыл шаруашылығы саласын шашыратып жіберу үлкен қателік болды деп есептеймін. Нарық заманында да мемлекеттік шаруашылық кәсіпорындарын құруға болар еді. Кейін ауыл шаруашылығы саласын қайтадан аяғынан тұрғызу үшін ұзақ уақыт жоғалттық. Соған қарамастан, сонау 1970-1980 жылдардағы деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Дегенмен де, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар еніп, дамып келе жатқаны қуантады. Елдегі астық өнімінің көлемі жоғары деңгейде. Бірақ кемшіліктер де баршылық. Мәселен, елімізде екі жыл бойы субсидия ала алмай жүрген шаруалар бар екенін білеміз. Ендігі кезекте өсімдік, тұқым өсіру шаруашылығын және мал шаруашылығы саласында селекция жұмыстарын жандандыруға мән беру керек. Сондай-ақ, осы саланың өнімдерін экспорттауда да мәселелер туындауда. Мысалы, біздің бидайдың сапасы жоғары болса да, шаруалар оны сыртқа шығара алмай отыр.

Жалпы, елдің өткені жайлы айтар әңгіме өте көп. Десе де, «көш жүре түзеледі» демекші, бүгінде әр салада алға басу, даму бар. Жоғарыда мысал ретінде келтіргенімдей, кеткен кемшіліктерден сабақ алып, болашақтан үлкен үміт күтуіміз керек.

— Бүгінде «Жаңа Әділетті Қазақстан» идеясы аясында ішкі-сыртқы саяси жағдайлар, сондай-ақ, өткеніміз бен жеткенімізге баға беріліп жатқан жайы бар. Бұған қатысты ой-пікіріңіз қалай?

— Тәуелсіздік алғанымызға аз уақыт болса да, бірқатар сынақтан өттік. Ең бастысы, ел іргесі сөгілген жоқ. Көпұлтты еліміз татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшіліктің маңызын түсінді. Шыны керек, бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай өте ауыр. Біз сияқты жас мемлекет үшін қателікке жол беруге мүлдем болмайды. Бір бүйірімізде Қытай, бір бүйірімізде Ресей, енді бір жағымызда Еуропа елдері көзін
сүзіп қарап отырған уақытта егемен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көппен ортақ тіл табысу және еларалық байланысты нығайту мақсатында көп жұмыс атқарылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте, кәсіби дипломат әрі мықты саясаткер басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі ерен.

Қуантарлығы, қазіргі таңда әлемдік аренада өзінің алар орны бар, дүниежүзі танитын мемлекетке айналдық. Өткеніміз жаңғырып, өшкеніміз жанданып, жаңа қадамдар жасауға деген ұмтылыс бар. Десе де, өз басым «Жаңа Әділетті Қазақстан құрдық» деп жар салуға әлі ерте деп ойлаймын. Себебі, қазіргі күні халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жаппай оңала қойған жоқ. Ел экономикасына қатысты да күрделі мәселе көп. Сонымен қатар, саяси мәдениетті қалыптастырып, саяси белсенділігі жоғары азаматтық қоғам құру үшін біраз уақыт қажет. Дей тұрғанмен, асар асуымыз алда деген сенім-демін.

— Кезінде ауыл, аудандардың тізгінін ұстадыңыз. Кейін облыс әкімінің орынбасары болдыңыз. Сол кез бен қазіргі басқару жүйесі қаншалықты өзгерді? Жалпы, өзіңізден кейінгі ізбасарларыңызға, яғни өңір әкімдеріне қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

— Мен жұмыс істеген кезде басқа заман болды. Сол уақытта ауданның бюджеті мардымсыз еді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысы жарты жылға дейін төленбейтін. Зейнеткерлерге зейнетақының орнына азық-түлік үлестірілетін. Ал бүгінгідей мектеп, аурухана, мәдениет үйі сынды әлеуметтік нысандар салу туралы мүлдем мәселе көтерілмейтін. Бұл жағдайға халық та түсіністікпен қарады. Тек 2000-ыншы жылдардан кейін елдегі жағдай жайлап түзеле бастады. Қазіргі таңда аудан мен аймақтың қазынасы бұрынғыдан едәуір қомақты. Бірақ, қаражат көбейген сайын қажеттіліктер де шыға беретіні сөзсіз. Яғни, ақша ешқашан жетпейді. Жыл сайын қоғам дамып, жаңа міндеттер қойылады, жоспарлар жасалады. Соған сай басқару жүйесінің де талап-тәртібі үздіксіз өзгеріп отырады. Бұл — өмір заңдылығы. Дегенмен, әр өңірдің әкімі алдымен ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге мән беруі қажет. Осы мақсатқа деп бөлінген бюджет қаржысын тиын-тебеніне дейін тиімді пайдаланып, уақтылы игеру керек. Өкінішке қарай, бүгінде шешімін таппаған елдік мәселе көп. Әсіресе, әлеуметтік, коммуналдық, білім беру, денсаулық сақтау саласы жіті көңіл бөлуді қажет етеді. Әкімдер осыны қаперіне алуы тиіс дер едім.

— 2014-2020 жылдар аралығында ҚР Парламенті Сенатының депутаты болғаныңызды білеміз. Сіз депутат болған кезіңізде қандай өзекті мәселелерді көтердіңіз, жалпы, ел үмітін ақтай алдыңыз ба? Өткен күнге деген қандайда бір өкініш бар ма?

— Сенатта депутат болып отырғанымда мен де өзге әріптестерім сияқты заңнамалық актілерді қабылдау ісіне тікелей араластым. Мәжілістен келген заң жобаларына түзетулер енгізумен айналыстық. Яғни, Сенат заңнамалық актіні қабылдайтын соңғы инстанция болып табылады. Оның қарауынан кейін аталған құжаттар Президентке ұсынылады.

Мен Сенат депутаты болған кезде халықты оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру саясатына қарсы болдым. Себебі, оңтүстіктегі ағайынды жаңа өңірге көшіріп әкеліп, оларды жұмыспен, баспанамен қамтып, ақшалай көмек бергенмен түбінде олар бәрібір туған жеріне кетеді. Сондықтан оларды жылы орнынан қозғап, шығынданудың қажеті жоқ екендігін айттым. Шынымен де, бүгінде оңтүстік жақтан келген ағайындардың солтүстікте тұрақтап қалып жатқаны аз, жастардың көбі бірнеше жыл жұмыс істеп, тиісті көмегін алған соң кері қайтуда. Сонымен қатар, бұрын Кеңес дәуірі кезінде солтүстік өңірлердің тұрғындарының жалақысына 15 пайыз үстемеақы қосылатын. Зейнетке де ерте шығатын. Мұны жұрт «солтүстік коэффициенті» деп атайтын. Міне, осы қолдауды біздің елімізге де енгізу керек деген мәселе көтердім. Себебі, солтүстіктегі халықтың шығыны көп. Мысалы, қыстың күні қатты отын, қалың киім-кешек сатып алады, электр жылуына төлейді дегендей. Бірақ бұл ойымды құптамады. Егер осы мәселе оң шешімін тапқанда, бәлкім оңтүстіктен келіп жатқан ағайын ойланар ма еді?! Олар да жақсы жалақы алып, зейнетке ертерек шыққанын қалайды ғой.

Жалпы, Парламент депутаттары тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылады. Бірақ Үкіметтің өз стратегиясы бар болғандықтан, кейде сол ізбен жүруге тура келеді. Депутаттардың нағыз жұмысы комиссия отырыстарында қызады. Кезінде жайылым туралы заң болды, мен оған қарсы шықтым. Өйткені, жер туралы заңда жайылым мәселесі қарастырылған. Ақылға қонымсыз дүниемен халықты алдамайық, дедім. Лотореялар қызметі туралы заң шықты, оған да қарсылық таныттым. Неге десеңіз, сол кезде басқа елдерде лотореялық қызметті қаржы министрлігі бақылайтын, ал бізде мұнымен мәдениет және спорт министрлігі айналысты. Оған қоса, ешқандай бәсекелессіз бір ғана операторды таңдап, басқаларына рұқсат бермеді. Сондай-ақ, шет мемлекеттерде лотореялық қызметтің ұйымдастырушысы табыстың 1 пайызын, ал Қазақстанда 51 пайызын алады екен. Дұрыс емес деп ойлаймын. Кейін Президент бұл заңды қолданыстан алып тастады. Демек, мен қателескен жоқпын. Тағы бір қызығы, кезінде Парламент отырысында Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге мен ғана қарсы шықтым, қалғандары қолдады. Айналамда жүрген үлкен адамдардың бәрі «неге қарсы болдың?», — деп сұрады. Мен оларға: «Астана — біздің бренд, ол атауды Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қойды. Халық та Астана атауына үйреніп қалды», — дедім. Сол кезде сөзім жүрмегенімен, бүгінде бәрібір менің айтқаным орындалды. Осындай қызықтар да болды.

Өкінішке қарай, көпшілік, тіпті, облыс әкімдері де депутаттардың рөлін түсінбейді. Олар кейбір өңірлік мәселелерді депутаттар арқылы шешкісі келеді. Үкімет соған итермелейді. Содан кейін халық та: «аймақтан сайланған депутат біз үшін не істеді?», — деген сұрақ қойып жатады. Әрине, әр депутат өз өңірінің жағдайы үшін алаңдайды, барынша еңбектенуге тырысады. Алайда аймақтар-дағы кейбір мәселені сол жердің әкімі, үкімет шешуі керек. Елдің стратегиялық даму жоспарын жасау – үкімет пен өңірлердегі жергілікті биліктің міндеті. Ал Парламент депутаттары мемлекеттік, ұлттық және елдің жаһандық деңгейдегі мәселелерімен айналысуы қажет.

— Тәжірибелі маман ретінде қазіргі депутаттардың жұмысына қандай баға бересіз? Олар нені ескеруі керек, неге мән беруі тиіс? Қандай мәселе назардан тыс қалып жатыр деп ойлайсыз?

Бірден айтайын, депутаттарға баға беріп, жұмысын сынап-мінеуден аулақпын. Бірақ оларға үнемі халықпен бірге болуға
кеңес беремін. Яғни, депутаттардың қай-қайсысы да елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен етене таныс болып, мәселелеріне құлақ түріп отырғаны жөн. Халықпен қоян-қолтық араласып, қажеттілігін, өмірін жан-жақты білуі тиіс. Бұл жағынан мен қиналған жоқпын. Кезінде 7 жыл совхоз директоры, одан кейін аудандардың әкімі болдым. Тұрғындарды не толғандыратынын жақсы түсінемін. Ал басқа саладан келген депутаттар ел сенімінен шығуы үшін ішкі жағдайына терең үңілуі тиіс. Сонда ғана үмітті ақтай алады.

— Бүгінде құрметті еңбек демалысына шықсаңыз да халықпен біргесіз, ел ішінде көп жүресіз. Сіздіңше, отандастарыңызды не толғандырады деп ойлайсыз?

— Мемлекеттің басты байлығы – халық. Сол үшін ең алдымен халықтың жағдайын ойлау қажет. Өкініштісі, бүгінде елімізде денсаулық сақтау, білім беру саласында мәселе көп. Айталық, науқас адам салалық дәрігерге бару үшін алдымен өзінің учаскелік терапевт маманының қабылдауында болып, жолдама алуы тиіс. Ал оған кіріп, жолдама алып, кезегі келгенше әлгі кісінің дерті асқынуы немесе айығып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, дәріханалардағы дәрі бағасы да өте қымбат. Кейбір дәріханалар зейнеткерлерге жеңілдік жасап жатырмыз дегенімен, онысы қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана.

Білім беру саласында да кемшіліктер баршылық. Мектептегі оқушы мұғалімнің сабағын түсінбегендіктен, ата-анасы қосымша репетитор іздеп, оған ақы төлейді. Демек, бала мектепте толыққанды сапалы білім ала алмады деген сөз. Ертең мұндай балалардан қандай мамандар шығады? Сондықтан бұл саланың да жұмысын жаңғырту қажет. Сонымен қатар, халықтың табысын арттыру керек. Қазір электр энергиясы, жанар-жағар май, басқа да тауарлардың бағасы шарықтауда. Бұл – халыққа үлкен салмақ. Міне, бүгінде елді мазалайтын осындай негізгі мәселе-лерді шешу керек деп ойлаймын.

— Мемлекет басшысы биыл халыққа Жолдауында: «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет», — деді. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қоғамдағы тәртіпсіздік, қатыгездік оқи-
ғалары үлкен резонанс тудыруда. Бұл ретте, елдегі заң мен тәртіпті күшейту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Негізі, балалар мен жастар арасындағы төбелес, әлімжеттік көрсету оқиғалары бұрын да орын алды. Бірақ қазір халық мұндайға шыдай алмайды. Сол үшін де соңы қайғымен аяқталған жағдайлар қоғамда резонанс тудыруда. Бұған әлеуметтік теңсіздік және жауапты мекемелер тарапынан істі жасырып қалу себеп болып отыр деп ойлаймын. Мәселен, мектепте әр түрлі отбасынан шыққан балалар білім алады. Олардың арасында топтасып алып, өзгелерден ақша бопсалап, қорқытып-үркітетін балалар бары жайлы әңгімелерді де естіп жатамыз. Ал осындай оқиғаларды мектеп әкімшілігі жасырады. Себебі, жұмысына кесірі тие ме деп қорғанады. Сол сияқты өңірлік полиция қызметкерлері де жағдайдан хабардар болып тұрып айтпайды. Өйткені, таяқтың бір ұшы өздеріне тиетінін біледі. Оларға «профилактикалық жұмыстар неге жүргізілген жоқ?» деген заңды сауал қойылады.

Осылайша, болған оқиғаларды елемей, ескермей, жасырып қалудың соңы қылмысқа ұласуда. Бұған дейін жеткізбес үшін жауапты мамандар жүйелі жұмыс істеп, істі ашық айтып отыру керек. Ал көрсеткіш қуып, сырт көзге сыр білдірмей жүргенмен, ерте ме, кеш пе, қылмыс орын алуы мүмкін. Кезінде мен әкім болып тұрғанымда ауылда осындай топтар барын естіп, жауапты полиция қызметкеріне профилактикалық жұмыс жүргізу керектігін айттым. Ол бірден тентектерді жинап алып, тезге салды. Әр оқиғаны осылай дер кезінде тергеп, тексеріп, алдын алып отырса, қылмыс азаяр еді. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы болса мұндай мәселелер туындамас еді деп ойлаймын. Сондықтан тұрғындардың тұрмысын, өмірін, жалпы, әлеуметтік жағдайын оңалтуға ерекше мән беру керек.

— Енді өзіңіз туралы аз-кем айта кетсеңіз… Қазір немен айналысып жүрсіз? Зейнеткерлік өміріңіз қалай өтіп жатыр?

Зейнетке шыққаннан кейінгі алғашқы күндері бір түрлі сезімде болдым. Өмір бойы жауапты қызметте жүріп, одан қол үзу қиындау болды. Бірақ, адам бәріне де тез үйренетініне көзім жетті. Зейнетке шығып, еш алаңсыз, еркіндікте өмір сүру керемет сәт екен. Парламенттің тағы бір шақырылымына қатысуға мүмкіндік болды, өзім қаламадым. Сол кездегі облыс басшысы да мені Павлодарға шақырып, жайлы қызмет ұсынатынын айтты. Мен бас тарттым. С.Торайғыров университеті де қызметке шақырды, барған жоқпын. Өйткені, зейнетке шығып алып, басқа біреудің орнын ұстап отыруды жөн көрмедім. Кезінде өзім лауазымды қызметте жүргенде, кейбір адамдар зейнетке шыққаннан кейін кеткісі келмей, тағы бір жыл еңбек етейінші дейтін. Оларға қарап отырып, «ертең мен де осындай боламын ба?» деген ой келетін. Бірақ мен олай істеген жоқпын, жастарға орын беруді жөн деп шештім. Әйтпесе, әлі де жұмыс істей алатындай жағдайдамын. Қазіргі таңда Қазақстан сенаторлар кеңесінің мүшесімін. Арасында Парламентте сенаторлармен, бұрынғы ардагерлермен бас қосып тұрамыз.

Жалпы, өзімнің хоббиім бар. Яғни, аңға шыққанды, балық аулағанды ұнатамын. Үйде қарап отыра алмайтын адаммын. Апта сайын осы сүйікті ісіммен айналысамын. Қысқасы, зейнетке шықсам да зерікпеймін. Былайша айтқанда, зейнеткерлік өмірді «Ақылды балалық шаққа» балар едім. Бүгінгі күні балаларым өсті, немерелерім бар. Солардың әр жетістігіне марқайып отырамын. Өмірге ризамын. Мемлекетке сіңірген еңбегім үшін «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталдым. Президент «Алтын барыс» төсбелгісін тақты. Бұл — кез келген сенаторға беріле бермейтін, нағыз саяси қоғам қайраткеріне ғана ұсынылатын награда. Осындай күнге жеткенім үшін шүкіршілік етемін.

— Мерекеге орай павлодарлықтарға қандай тілек айтасыз?

— Республика күнімен барша павлодарлық тұрғынды құттықтаймын. Әр шаңыраққа шаттық, амандық, молшылық, береке-бірлік тілеймін. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

— Әңгімеңізге көп рақмет! Әр күніңіз мерекелі де берекелі болсын!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.