Берекелі Бараат түні

Қаң 29, 2026

Шағбан айында келетін қасиетті түндердің бірі – берекелі Бараат түні. Бұл – күнәлардан тазарып, оттан құтылуға мүмкіндік беретін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан, мұсылман үшін маңызы зор. Бараат түнін биыл 2 ақпанның түнінде қарсы аламыз.

Бараат түні жайында Айша анамыз былай айтқан. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұл түннің не түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі», – деп жауап бердім. Сонда ол: «Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да», – деді.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Айша анамызға: «Бұл түнде не болатынын білесің бе?» – деді. Айша анамыз: «Уа, Алла елшісі! Бұл түнде не болады?» – деді. Ол болса: «Онда адам балаларының осы жылда туылатыны және осы жылы дүниеден өтетіндері жазылады. Онда олардың амалдары (Алланың құзырына) көтеріліп, ризықтары (пенделеріне) түседі (белгіленеді)», – деді.

Иә, бұл түнде Алла Тағала кейбір адамдарды бақытқа кенелтіп, кейбіреуін мейірімінен ұзақтатады, біреудің дәрежесін көтеріп, біреудікін түсіреді, біреуін сыйлыққа жетелейді, тағы біреуін одан құр қалдырады.

Пайғамбарымыз: «Бес түнді ұйықтамай құлшылықпен өткізген адам міндетті түрде жәннатқа кіреді. Олар – Тәруия, Арапа, Құрбан айт, Ораза айт және Шағбанның он бесінші түндері», –
деген («Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб», 2/98).

Бұл түндерді құлшылықпен ояу өткізу – мұстахаб (жағымды). Сондықтан мұндай істерді жалғыз өткізген жақсырақ. Фиқһ ғалымдары қасиетті түндерде, мысалы, Бараат түнінде мешітке жиналуды мәкруһ санаған. Хасан ибн Аммар Шурунбуләли бұл туралы: «Жоғарыда айтылған және басқа да қасиетті түндерді арнайы ғибадатпен өткізу мақсатында мешітке жиналу – мәкруһ. Өйткені, Пайғамбарымыз да, сахабалар да олай істемеген», –
деп айтқан.

muftyat.kz.