Өрісі малға, қойнауы жанға толып, берекесі артқан Күркелі елінде, Алаш ардақтысы Жұмат Шанин туған ауылда дүбірлі той өтті. Бұл күні елді мекенде жастар орталығы мен асхана, ойын алаңдары ашылып, ауылдықтар қуанышқа бөленді.

Биыл Жұмат Шанин ауылының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Кеңес өкіметі жылдары мұнда мал және егін шаруашылығы қуатты дамып, аумақта мал басы еселеп артып, егін өсіру, мал азығын дайындауда зор жетістіктерге қол жеткізді. Мұның барлығы сол кездегі еңбекшіл аға буынның табандылығының арқасында келген еді. Тәуелсіздіктен кейін өзге қазақ ауылдары сияқты тоқырауды өткерген мекен бүгінде Алаш ардақтысының есіміне сай түтінін түзетуге бет бұрған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылға апаратын үлкен жолға асфальт төселіп, орталықтандырылған ауызсу құбыры тартылуда. Жергілікті ақсақал Ратбек Ашуев атап өткендей, ауыл жастарының ұйымшылдығы арқасында келелі істер атқарылуда. Жалпы ұлт денсаулығының мықты болуы саламатты өмір салтына, спортқа байланысты екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында балалар мен жастардың денсаулығын жақсарту үшін дамыған және қолжетімді спорт инфрақұрылымының болуы маңызды екені үнемі тоқталады. Әсіресе ауылдық жерлерде спортты дамытуға көңіл бөлудің маңызы зор. «Мемлекеттің көмегін күтіп отырмай-ақ, өздерінің күш-жігерімен, адал еңбегімен жергілікті жастарды спортқа, салауатты өмір салтына баулып жүрген азаматтарға қарап риза боламыз. Міне, соның жарқын бір үлгісі — бүгінгі мерекеде ашылып отырған жастар орталығы мен футбол және баскетбол алаңдары. Орталық ауыл жастарының спортпен, салауатты өмір салтымен тұрақты шұғылдануына мүмкіндік береді. Осы игі істің басы-қасында болған жандардың барлығының атын атап, түсін түстеудің қажеті шамалы. Ел онсыз да бұл азаматтарымыздың еңбегін жақсы біліп отыр» деп ризашылығын жеткізді Ратбек ақсақал.

Жаңа ашылған жастар орталығында келешекте күрес түрлері, үстел теннисі және спорттың өзге де түрлері үйретіліп, ауылдағы жас азаматтардың бос уақытын тиімді қамтуға, олардың бойын теріс әдеттерден алыстатуға жол ашады. Ғимарат жергілікті тұрғындар мен сырттағы қамқоршыларының жинаған қаражатына бой көтерген. Халықты имандылыққа ұйытып отырған ауылдық мешіт жанынан бұл күні жаңа асхананың да тұсауы кесілді.  Ауыл имамы Рүстем Әбди асхана ауыл тұрғындарының түрлі ас-жабдығын өткізуге мүмкіндік береді дейді. Заманға сай жиһазбен, аспаздық жабдықтармен қамтылған ғимарат Баянауылға танымал меценаттың қаржысына тұрғызылды. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан алыстан ат терлетіп жеткен тойшыл қауымды ауыл жұрты үкілеп күтіп алды. Ауыл балалары бұл күні шағын футбол мен асық ату сайыстарына қатысып, мәз-мейрам болса, жастар мен ересектер арқан тартыс, гир тасын көтеру, қазақ күресі, қашықтыққа жүгіру бәсекелерінде бақ сынады. Жергілікті өнерпаздар мен сырттан келген өнер иелері ұйымдастырған мәдени шаралар да көңілімізден шықты. Ауылдың тойы бәйгесіз өткен бе, ауыл маңындағы «Бәйгетөбеде» кешкісін тұяғы жер тарпыған тұлпарлардың өнеріне тәнті болдық. Жұмат Шанин елді мекені — ұлылардың ізі мен сөзі қалған киелі өлке. Атақты әнші Жарылғапберді Жұмабайұлы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Жұмат Шанин, есімі қазаққа, Одаққа танымал өнер иелері Қали Байжанов, Ақыш Шанин, Атығай Шанин, Алаш қайраткерлері Сәлемхат Күленов пен Ахметолла Барлыбаев, атақты кентанушы, «тастың тілін түсінген қазақ» Қосым Пішенбаев осы мекенде дүниеге келген. Құт-берекесі мен ынтымағы ұйыған мекен азаматтарының бірлікшіл тірлігіне риза болып қайттық.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

Жұмат Шанин ауылы, Баянауыл ауданы.