Биыл павлодарлықтар Ұлыстың ұлы күні — әз Наурызды айрықша атап өтті. Көктемнің көркем мерекесіне орай Наурызнаманың онкүндігі аясында әр қала, аудан, ауылдарда концерттер ұйымдастырылып, киіз үйлер тігілді.
Облыс әкімі Асайын Байханов пен Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков 21 наурыз — Ынтымақ күніне орай облыс орталығында ұйымдастырылған бірнеше мерекелік шараға қатысып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Алдымен аймақ басшысы Аманжол Шамкенов атындағы №16 мектеп-лицейдің ауласында өткен мерекелік іс-шараның құрметті қонағы болып, аталмыш білім ордасының жас өнерпаздары дайындаған керемет концерттің куәсі болды. Мектеп ауласында «Көктем» ауылы бой көтеріп, арнайы орнатылған киіз үйлерде тегін бауырсақтар мен ұлттық тағамдар таратылды. Мұнда облыс әкімі ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарды, «Бесікке салу» рәсімін тамашалады.
Айтулы мейраммен өңір тұрғындарын құттықтаған облыс әкімі Асайын Байханов наурыздың тарихына үңіле отырып, өзінің ақ тілегін білдірді. Аймақ басшысы наурыз мерекесі — табиғаттың жанданып, тіршіліктің түлейтін уақыты екенін айта келе, әр шаңыраққа береке мен ынтымақ тіледі.
Одан кейін облыс әкімі Олжабай батыр көшесі, 7/1 мекенжайының тұрғындары дайындаған мерекелік дастарханнан дәм татып, тұрғындардың ұйымшылдығына тәнті болды. Бауырсақ, наурызкөже, ұлттық тағамдарға толы дастархан басында ақжарма тілектер ақтарылып, бата берілді. Сонымен қатар, аймақ басшысы Қамзин көшесі, 33 мекенжайында орналасқан «Детвора» оқу кешенінің алаңындағы «Балалық шақ» ауылында өткен мерекелік іс-шараға, Гагарин саябағындағы «Қуаныш» ауылында ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысты.
Аталған ауылдарда ұлттық би, сахналық қойылымдар, сиқыршылар байқауы, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мерекелік іс-шара шеңберінде әдеби-музыкалық композицияларды тамашалап, интерактивті ойындарға қатысты.
А.МҰҚЫШЕВ.