Жақында ғұлама ғалым, әлемге әйгілі қазақтың алғашқы академигі, мемлекет және қоғам қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми мұралары туралы «Қаныш шығарма-ларының академиялық толық жинағы» атты бес томдық еңбек жарық көрді.
Қазақ ғылымының атасы атанған атақты жерлесімізге арналған жаңа кітаптардың тұсауы Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен өткен ғылыми-теориялық конференция барысында кесілді. Игі шараға белгілі ғалымдар, депутаттар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ел тарихында алғаш рет жарық көрген жинаққа Қаныш Сәтбаетың геология және минералогия саласындағы зерттеулері, публицистикалық еңбектері, суреттері мен мұрағаттық құжаттары топтастырылып енгізілген.
— Бұл толымды еңбек ғалымдар ізденісінің нәтижесінде жарық көрген аса құнды ғылыми басылым болып табылады. Жаңа академиялық бес томдық жинақ – Қаныш Сәтбаевтың ғылыми стилі мен ойлау мәдениетін шынайы жеткізетін, ұлттық ғылым мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттайтын бірегей еңбек десек те артық айтқандық емес. Ондағы мәтіндер текстологиялық тұрғыдан сараланып, ғылыми нақтылықпен қайта өңделді, — дейді құнды еңбектің шығуына зор үлес қосқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі Алтынбек Нухұлы. Оның айтуынша, бұл жинаққа ғалымның 1923–1963 жылдар аралығындағы еңбектері енгізіліп, көпшілігі алғаш рет кириллицаға көшірілген. Атап айтқанда, бірінші томда (707 бет) ғұламаның араб графикасымен жазылған кен өндіру, зауыт жұмысы және теміржолдың ықпалы туралы мақалалары, екінші томда (685 бет) ғылыми баяндамалар, үшінші томда (759 бет) – сонау соғыс жылдарындағы еңбектері енген. Ал төртінші (926 бет) және бесінші (830 бет) томдарда ғалымның тың игеру, білім-ғылым, қоғам мен мәдениетке қатысты ой-пікірлері қамтылған. Сондай-ақ, бес томдық еңбекке ғылыми түсініктемелер, есімдер көрсеткіші, геологтар туралы қысқаша деректер, хаттар мен фотосуреттер қоса берілген.
Бұл еңбек Қаныш Сәтбаевтың қоғамдағы орны мен рөлін жаңа деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді, дейді ғалымдар.
Н.ШОДЫР.