Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметов: Елдің болашағы –ғылыммен байланысты

Қаң 8, 2026

2026 жыл «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» болып жарияланды. Бұл — Қазақстан мен Қытай арасындағы белсенді ынтымақтастықтан туған бастама. Осыдан кейін біздің мемлекет Қытайдың алпауыт технологиялық компанияларының қатысуымен бірлескен зертханалар мен инженерлер академиясын іске қосуға дайын. Осыған қарағанда ағымдағы жылда білім мен ғылымға айрықша көңіл бөлініп, жаңа жүйе қалыптасады деген үміт бар. Әрине, алдын ала тон пішуден аулақпыз, бәріне уақыт төреші. Дегенмен, ғалымдар көп нәрседен үмітті және осы жаңалықты естіген соң «Ғылыми зерттеулер саласына оң өзгеріс әкеледі-ау» деген өздерінің ұсыныс-пікірлерін де айта бастады. Жақында Торайғыров атындағы университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, «Мониторинг» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Қанат Ахметовті әңгімеге тартып, қазақ ғылымының бүгіні мен ертеңі турасында сұхбаттасқан едік.

– Қанат Қамбарұлы, жаңа жыл ғалымдар үшін табысты да нәтижелі жыл болар деген сенім бар. Себебі, жылқы
жылын сіздердің салалары-ңызды дамытуға арнап отыр.

– Кез келген елде болсын, қоғамда болсын өзгеріс пен өркениетті жасап, елді алға жылжытатын басты құрал — ол ғылым. Дүниенің көп құпиясын осы ғылыммен ашып, оны адамдардың игілігіне жаратады. Сондықтан бұл салаға барынша дұрыс көзқараспен қарап, жан-жақты назар аударса, сол кезде ғана одан нәтиже күтуге болады. Мемлекет басшысының бастамасымен осы жылды ғылымға арнап отыр. Бұл —
өте қуанарлық жағдай. Себебі, мемлекеттің өркендеуі де, дамуы да ғылымына байланысты. Мысалы, кішкентай ғана аралда отырған Жапонияны айтар болсақ, олар тек ғылымның құдіретімен әлемге
танылып отыр. Ол елде басқа алып мемлекеттер сияқты табиғи байлықтың қоры да жоқ. Сондық-
тан осы бастаманың аясында елімізде ғылымды дамытуға, ғылыми зерттеулерді қолдауға, оны қаржыландыруға қатысты оң өзгерістер орын алады деп сенемін.

– Сіздің бастапқы зерттей бастаған тақырыбыңыз қандай еді? Қанатты жәндіктерді зерттеулер мен шыбын-шір-
кеймен күрес технологиясын қашан қолға алдыңыз?

– Медицина тілімен айтатын болсақ, мен негізі анамнезымда гельминтологпын, гельминт дегеніміз құрт деген сөз. Осы гельминтология  саласында мен электрондық микроскопия, гистологиялық химия, яғни химиялық құрылымын зерттегенмін. Менің докторлығым да (2003 жылы), кандидаттығым да (1990 жылы) осы тақырып бойынша қорғалды.

– Сіз ұзақ жыл шыбын-шіркеймен күрес жұмысын зерттедіңіз, қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?

– Өздеріңіз білесіздер, мен осы салада ұзақ жыл еңбек етіп келемін. Биологиялық зерттеулер, соның ішінде қос қанатты қансорғыштарға байланысты көп зерттеу жасадым. Ол зерттеулерімді нақты іc жүзінде қолданып, шыбын-шіркеймен күрес жұмысында кәдеге жараттық. Жергілікті билік басындағылар да сенім білдіріп, маған біраз жұмыс жүктеді. Соған қарағанда мен бұл саланың құпиясын ашып, біраз меңгердім деп ойлаймын. Міне, осы сияқты кез-келген жобадан бір нәтиже шығарса, еліміздің дамуына үлкен серпін берер еді. Сонымен қатар, дәл осы қанатты қансорғыштарды зерттеу, оның мекендейтін аймағын анықтау бойынша және шыбын-шіркеймен күресуде Павлодарда ғылыми орталық, яғный ғылыми мектеп  қалыптасты деп айтуға болады. Қазіргі күні Қазақстанның басқа аймағынан да хабарласып, шыбын-шіркеймен күрес жұмысында «Не істейміз?, қалай жасаймыз?» деп сұрап жатады. Павлодарлық ғалымдар ойлап тапқан препараттар Қазақстанның үлкен өзендерінде, дәлдеп айтсақ Сырдария өзенінің ағысында қолданылып жүр. Бұл да — менің бастамаммен іске асты. Оны енгізуге мен он шақты жыл уақытымды арнаппын. Аталған препараттар оған дейін қолданылып жүрген Америкалық препараттан әлдеқайда арзан.  Бұл да біздегі ғылымның жетістігі. Мен осы салада біраз шәкірт дайындадым. Қазір осы бағыттағы жұмыстарды сол шәкірттерім жүргізіп жатыр.

– Мемлекеттің ғылымды қолдауы қандай деңгейде?

– Біздің елде арнайы бағдарлама бар, ғылымға қатысты заң да бар. Осыған байланысты түрлі зерттеулерге мемлекеттен қаржы бөліп жатыр. Бізде ғылым жөніндегі ұлттық кеңес деген ұйым бар. Конкурстық қаржыландыруға, грант беруге қатысты ұсыныстардың бәрін сол жерде  қарайды. Менің ойымша ол кеңестің құрамында көбінде жастар ғана отыр ма деп ойлаймын. Негізі тәжірибесі бар үлкен ғалымдар да соның қатарында болғаны дұрыс. Себебі, тәжірибесі бар адамдар ғылымды қай салаға көбірек қолдану керек екенін, қаржыны қайда бағыттауды жақсы біледі деп ойлаймын. Ғылым саласына жауаптылар соған назар аударса.

Мен ғылыми жұмыспен 1986 жылдан бастап айналысып келемін. Яғни, кеңестік кезең ғылымын да көрдім. Тура сол кезде  кандидаттық қорғадым. Тәуелсіздік жылдарында докторлық қорғадым. Сонда кандидаттық пен докторлықтың арасы 13 жыл болды. Қазіргі күні бір-ақ рет қорғайды, оны PhD докторы деп атайды.  Оған екінің бірі ие болып жатыр. Бірақ, оның болашақта сапасы қалай болады, бұрынғы нағыз доктор, профессорларға деңгейі мен білімі жете ме дегенге жауап беру қиын. Сондықтан осыны да ойласа. Сонан соң мынадай дүние бар: ғылым мен технологияны бір сала деп қараймыз көбінде. Негізі, екі салаға екі түрлі көзқараспен қарау керек. Ғылым — ол бір дүниені ашатын ілім, ал технология – сол ғылымның арқасында пайда болған жетістіктер. Міне, осы екі саланың аражігін ажыратып қараса деген ұсынысым бар.

— Көптеген дамығын елдер ғылымды бірінші орынға қояды.  Біз сол елдерге қай жағынан жете алмай жатырмыз?

— Біздің материалдық базамыз көп мемлекетке жетпейді. Өкінішке қарай, материалдық базаны толықтыруға, жаңартуға қаржы жетіспейді. Граннтық қаржыландыруды алған күннің өзінде қаржының көзіне байланысты арзанын алып жатады. Міне, осы жағдай көп нәрсеге тосқауыл болып тұр. Сондықтан кейбір зерттеулер бойынша Ресейге барып жұмыс жасауға тура келеді. Яғни, өзіміздің идеямызды олармен бөлісе отырып, жоспарымызды іске асырамыз. Дегенмен алдағы уақытта Қазақстан ғылымы жаңа деңгейге көтеріліп, дамиды деп ойламын.

— Келесі жылы ғылымға ден қойылады деп жатырмыз. Сіздің ойыңызша қандай өзгеріс жасау керек? Қандай мәселелерді қолға алу керек.

– Мен жаратылыстану саласының ғалымы болғаннан кейін қоршаған ортаға, соның ішінде эколгиялық жағдайларға назар аудару керек деп санаймын. Содан кейін климаттық өзгерістер қоршаған ортаға қалай әсер етіп жатыр. Осы мәселені қарау керек. Қазір экономикалық белсенділік жер бетінде қатты жүріп жатыр. Сондықтан бұрын болмаған ағзалар пайда болуы мүмкін. Олардың қоршаған ортаға әсері қандай  дегенді де зерттеу керек. Ал мемлекет тарапынан гранттық қаржыландыруды біраз көбейтсе. Бірақ, берілген қаржының сұрауы да болуы керек. Яғни, зерттеуге берілген ғылыми жобалар нақты нәтижеге бағытталып, оның игілігін халық көруі керек.

— Қазір ғылымға бет бұрған жастарды мемлекет қалай қолдап жатыр?

— Ғылымға бет бұрған жастарға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Әртүрлі бағдарламалар арқылы олардың жобаларын қаржыландырып, үлкен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беруде. Менің ойымша, жастарға ғана емес, тәжірибелі мамандарға да мүмкіндік беру керек. Мысалы, гранттық конкурстарды жариялаған кезде жастар жағына көбірек мүмкіндік беріп, жасы келген ғалымдар екінші орынға ысырылып қала ма деген ой бар. Меніңше, ғылым жас талғамайды. Керісінше, тәжірибелі ересек мамандар да жақсы жаңалық ашып жатады. Мүмкін, жастарға стимул болсын деген ниетпен осыған баратын шығар. Бірақ екінші жағын да есте ұстаған абзал.

— Осы күнге дейін бірталай шәкірт дайындаған шығарсыз…

— Иә, мен ғылым саласында біраз шәкірт тәрбиеледім деп ойлаймын. Олар еліміздің әр түкпірінде табысты еңбек етуде. Торайғыров университетінде істеп жатқандары да бар. Олар қазір өздері грант ұтып алып, жобалар жасауда. Одан бөлек, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімінде Цитология және генетика институтында, біздің елдің Ұлттық университеттерінде жұмыс істеп жүрген шәкірттерім де бар. Менің ең үлкен жетістіктерімнің бірі – шәкірттерім. Мен олармен мақтанамын.

— Жергілікті ғалымдардың өзге өңірлердегі және шетелдік ғалымдармен әріптестік байланысы қандай?

— Қазір Торайғыров университеті бағдарламалық зерттеулер арқылы қаражат алып, соның нәтижесінде көп табысқа кенелуде. Бұл — жақсылықтың көрінісі.  Біз басқа аймақтардағы университеттермен де бірлесіп зерттеулер жасаймыз. Мысалы, Шығыс Қазақстан техникалық университетімен бірлесіп, Ертістің орта ағысына ауқымды зерттеу жүргіздік. Онда Ертістің экологиялық ахуалын толығымен зерттеп шықтық. Жалпы, ғылымда шекара жоқ. Біз әлемнің көптеген елдерімен тығыз қарым-қатынаста зерттеу жүргіземіз. Атап айтсақ, АҚШ-тың ғалымдары өз ұсыныстарымен шығып жатады. Қытаймен байланыс жоғары деңгейде. Бұл ел әсіресе техникалық ғылыммен көп елден алға кеткен, аларымыз, үйренеріміз өте көп. Мен Ұлыбритания, Германия, Хорватия, Италия елдерінің ғалымдарымен тәжірибе алмасып, зерттеу жүргіздім. Мысалы, Хорватия ғалымдарымен суда тіршілік ететін жәндіктер бойынша зерттеу жүргізіп, мақалалар жарияладық, Британия университетімен сыртқы ортаның адамдар денсаулығына әсерін зерртеп, ғылыми жұмыс жаздық, тағы да басқа еңбектер жарық көрді.

— Жоғарыда Ертістің эколо-гиялық ахуалын зерттедік дедіңіз. Қандай өзгерістерге немесе жаңалықтарға қол жеткіздіңіздер?

— Біз Ертіс өзенінің жалпы жағдайын, соның ішінде жағасында орналасқан өндірістердің  әсерін, үлкен қалалар мен елді мекендердің әсерін зерттеп шықтық. Сонымен қатар, өзен құрамындағы тұздың, қышқылдың мөлшерін анықтап, су жәндіктерінің жағдайын бақыладық. Жалпы, Ертісте Еуропаның Дунай сынды үлкен өзендерінде жоғалып кеткен кейбір жәндіктер бар екенін анықтадық. Соған қарағанда өзеннің тазалығы өзінің нормасында. Яғни, Ертіс ластанып барады деп қорқатын дәнеңе жоқ деген ойдамын, бірақ ұдайы мониторинг жүргізу қажет.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.