Болат Заутұлы: Қандастарды құжаттандыруда қиындықтар бар

Мам 22, 2025

Әр тарихи уақытта тағдыр жазуымен атамекенінен алыстап кеткен шет елдердегі қандастарымызды Қазақ жеріне қабылдау бойынша мемлекеттік қолдау әрдайым көрсетілуде. Сондай-ақ оңтүстіктен тұрғындарды біздің өңірімізге қоныстандыру мәселесі де өзекті. Биыл бұл жұмыс жалғасын қалай табады? Бұл туралы  «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының басшысы, Қандастарды өңірлік квотаға енгізу облыстық комиссиясының мүшесі Болат Заутұлынан сұрап білдік:

— Әңгімеңізді облысымызға қоныс аударушылар мен алыс жақын шетелден қоныс
аударып келген қандастарға жәрдем беру бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңыз жөнінде бастасаңыз…

— Біздің облыстық филиалдың фронт-кеңсе қызметкерлеріне әр адаммен дербес жұмыс істеу жүктелген. Бұл міндеттерімізді атқарудамыз. Қандастар фронт кеңсеге қабылдауға келуімен қатар, Call орталығының байланыс телефондарына, әлеуметтік желідегі парақшаларға хабарласып, өздерінің кездескен мәселесін айтып, кеңес алады.

Қандастардың мәселелерін жергілікті мемлекеттік мекемелермен бірлесіп шешу бойынша нақты қолдау көрсету, ақпараттық-консультациялық көмек көрсету, құжаттарын ресімдеу барысында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму, білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, облыстық полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы, «Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы» оның қалалық аудандық мансап орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз.

Облыстық филиал тарапынан атқарылып жатқан барлық жұмыстар облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы тарапынан жарияланған мемлекеттік сатып алу тапсырыстарын орындау бағытында тұрақты жұмыс жасап жатқандығымызды айта кеткенді жөн көрдім. Себебі облысқа көшіп келген қандастардың жаңа ортаға бейімделіп кетуіне облыс, қала, аудан әкімшіліктері тарапынан үнемі қолдау көрсетілуде.

Нақтылап айтқанда, облыстық филиалдың  жылдық жоспарына сәйкес, төмендегі жұмыстар атқарылды. Мысалы, оффлайн режимінде күнделікті жеке жұмыс арқылы ақпараттық-түсіндіру, консультациялық-әдістемелік жұмыс жүргізе отырып,  қоғамдық қабылдау жұмысы тұрақты ұйымдастырылды.

— Биылғы жылы елге келуге ниетті адамдарды қабылдау, кеңес беру жайы қалай жүруде?

— Ағымдағы жылдың 20 мамыр-дағы жағдайы бойынша осы  іс-шара аясында 220 адам фронт кеңсеге тікелей келді. 380-ге жуық адам онлайн хабарласты. Оларға әр түрлі бағыт бойынша ақыл-кеңес беріліп, барлығы 600 адамға көмек көрсетілді.

Сонымен қатар облыс әкімдігінің арнайы бекіткен кестесі бойынша шетелден және Оңтүстік облыстардан өңірге көшіп келгендерге жаңа ортаға бейімдеу бағытында ақпарат беру мақсатында 3 қала,
10 ауданның 30-ға жуық ауылдарына барып қоғамдық қабылдау өткізу,  дөңгелек үстел жұмысын ұйымдастыру жоспарланған болатын. Осы жұмыс бойынша өткен аптада Екібастұз қаласы, Солнечный, Бәйет, Атығай ауылдарына барып, 90 қандас қамтылған кездесулер мен қоғамдық қабылдау жұмысын ұйымдастырдық. Осындай іс-шара Ақсу қаласы, Қалқаман, Береке, Достық ауылдық округтерінде өткізілді. Кездесу мен қоғамдық қабылдауларға
80 қандас келді. Жиындарға жергілікті қала әкімдігінің ішкі саясат және жұмыспен қамту әлеуметтік бөлім, ҚХА мүшелері, ПБ-нің Көші-қон қызметі бөлімі, еңбек мобильді орталығы, еңбек нарығының мобильді бөлімінің жауапты мамандары мен қала, аудандағы мансап орталығының басшылары қатысып, қандастардың өтініштері мен сұрақтарына жауап берілді. Осындай іс-шаралар басқа қала, аудан, ауылдарда кесте бойынша жалғасын табады. Жасалып жатқан жұмыстарымыз облыс, республика деңгейінде насихаттау бойынша жазбалар облыстық «Saryarqa samaly» газетінде, «PavlodarNews.kz» ақпараттық порталында, ресми сайтта, сондай-ақ «Instagram» желісіндегі dqq_otandastar_pvl, «faсebook» желісіндегі Dqq otandastar Qory атты парақшаларда тұрақты жүктеліп, әлеуметтік желі пайдаланушыларына ұсынылады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қандастардың қоныс аударуынан бастап, Қазақстан Республикасының азаматттығын алғанға дейін өтетін көші-қон процестерінің қысқаша сүлбісін «Қандастарға арналған нұсқаулық» әзірлеп іссапар аясында, қоғамдық қабылдауға келгендерге беріп жатырмыз.

— Жыл сайын шетелден келетін қандастар мен еліміздің оңтүстік өңірлері-
нен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу бойынша қандай істер атқарылуда? Мемлекет тарапынан олар қандай қолдауға ие болады?

— Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы — Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жірдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қандастардың немесе қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саның Қазақстан Үкіметінің қауылысмен 2025 жылы қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2309 адамға белгіленді. 2025 жылғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Павлодар облысына көшіп келетін қандастарға 1056 квота бекітілсе, Оңтүстік өңірлердің қоныс аударушы 3050 адамға квота бөлінген.

Өңірлік квота аясында мемлекеттік жәрдемақы алу тәртібі айқындалған.

—  Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген, «Қандас» мәртебесін алған этникалық қазақтар онлайн түрде https://migration.enbek.kz сайты, «Enbek Migration» мобильдік қосымшасы арқылы немесе Мансап орталығына (Жұмыспен қамту орталығы), тұрғылықты жері бойынша  Халыққа қызмет көрсету орталығына («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініш береді.

Өтінішке қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен мынадай құжаттар қоса беріледі: қандастың және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

неке немесе некені бұзу туралы куәліктің (бар болса) көшірмесі;

білімін, біліктілігін және белгілі бір мамандық бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың (бар болса) не еңбек кітапшасының (бар болса) көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтама.

Жергiлiктi атқарушы орган, өңірлік квотаға енгізу туралы өтініш білдіруші қандастардың тізімін қалыптастырады және өтініштерді алған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссияға жолдайды.

Комиссия өтініш білдіруші-лердің тізімдерін алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Жергiлiктi атқарушы орган күнтізбелік 5 күн ішінде өтініш берушіге қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілгені туралы шешімді жолдайды.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады, атап айтқанда:

2025 жылы бір АЕК (айлық есептік көрсеткіш) 3932 теңгені құрайды.

көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275 240 теңге) бойынша біржолғы төлем;

12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке (58 980 тг – 117 960 тг.) дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;

Сондай-ақ, қоныс аудару-шылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында елімізде Экономикалық мобильділік сертификаты беріледі. Экономикалық мобильділік сертификаты отбасына тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 1 160 АЕК-тен
(4 561 120 теңге) асырмай беріледі.

Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы Комиссияның шешімі шыққаннан кейін, қандас Мансап орталығына (Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына) немесе тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ) төлемдерді алу үшін жүгінуі қажет.

— Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу тәртібіне енгізілген өзгерістерді айта кетсеңіз?

—  «Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу» мемлекеттік қызметін алу үшін бұрын өңірлік квотаға енгізілмеген және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі №329-Ө-М бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №8624 болып тіркелген) бекітілген Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларының 9-тармағының
1) тармақшасында көзделген шарттарда қандас мәртебесін алған этникалық қазақтар, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілгеннен кейін келген қандас-тардың жесірлері мен олардың ортақ балалары және (немесе) ата-анасы Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін Қазақстан Республикасында туған балалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұратын қандас мәртебесін алған этникалық қазақтар квотаға енгізіледі.

— Кейінгі кездегі ережелерге енгізілген өзгерістерге байланысты қандас мәртебесін алған адамдар қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілмей қалып жатыр дейді. Мұның себебі неде?

— Себебі 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224 Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексінің  112-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес айқындалған өңірлерге қоныстандыру деген мақсатқа тапсыруға  байланысты мәселе туындауда. Көшіп келген қандастар қандас мәртебесіне өтініш берген кезде осы кодекстің Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу бабының 3 тармағының 2) тармақшасын таңдауға тиісті.

  1. Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу жөніндегі шараларға қатысуға жұмыс іздеуші адамдардың және (немесе) жұмыссыздардың, қандастардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің құқығы бар.
  2. Жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару үшін:

1) он алты жастан жиырма үш жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен түлектері;

2) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері;

3) жұмыс беруші-заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші-жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістер және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты жұмыстан босатылған адамдар басым құқықты пайдаланады.

  1. Еңбек мобильділігі орта-лықтары жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін адамдардың жаңа тұрғылықты жерге:

1) бір облыс шегінде эконо-микалық әлеуеті төмен ауылдардан экономикалық даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендерге, моноқалаларға, аудандық (облыстық) маңызы бар қалаларға;

2) ерікті түрде қоныс аударуды көздейтін Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңна-масына сәйкес қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.

Осы тармақшаның мақсатына сәйкес болмаса қандастар квотаға енгізілмей қалуда. Осы мәселеге қандастардың наразылығы көбейіп, қала, аудандық сотқа жүгініп жатқан жағдайлар кездеседі.

— Қандастарымыздың ара-сында шешілмей жатқан қандай мәселелер бар?

— Бүгінде шетте тұратын қандастарымыздың Атажұртқа көшуі сиреген жоқ. Дегенмен, елге келген қандастарды құжаттандыру мәселесі уақыт өткен сайын жеңілдегеннің орнына қиындай түсуде.

Көшіп келгендер тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат алу жолында кедергілер болса, енді оған қандас мәртебесін алу, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотаға кіру процесіндегі проблемалар қосылды. Осы қадамдардың барлығы цифрландыру дейтін жалған пафостың құрбаны болып жатыр.

Яғни, «Халықтың көші-қон туралы» заңына байланысты жыл сайын қағидалар мен ережелер мың құбылып өзгеруде.

Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 30 шілдедегі бұйрығы, 2024 жылғы 31 желтоқсандағы бұйрығымен кандастарға қатысты кейбір ережелер мен қағидаларға өзгерістер енгізілу салдарынан қандас мәртебесін алуға тосқауыл болса, ал өңірлік квотаға кірген қандастар әуре-сарсаңға түсіп жатыр.

Қандастар мен қоныс аудару-шыларға байланысты құжат тапсыру онлайн — migration.enbek.kz платформасы арқылы жүзеге асырылатын болды.

Көшіп келгендердің барлығы бірдей ақпараттық тұрғыдан сауатты емес. Әсіресе үлкен жастағы адамдар migration.enbek.kz платформасы мен Egov.kz порталын мүлдем білмейді. Сонымен қатар олар ұялы телефон қолданбайды. Олардың арасында жасы келген қарт адамдар да, мүгедек жандар да бар. Ал мұндай адамдарға құжатты денелей жүріп тапсырғаннан қолайлы нұсқа жоқ. Тіпті, онлайн болғанның өзінде оның тетігі өте қарапайым, өте жеңіл болуы шарт.

2025 жылдың 18 мамырда жағдай бойынша облысқа көшіп келген  қандас мәртебесін алған қандастарды қабылдаудың өңірлік квотаға енгізу облыстық комиссиясының шешімімен 78 отбасының 350 адамы, оның ішінде жалғыз басты 39 қандас өңірлік квотаға кірген болатын.

Олар мемлекет тарапынан берілетін қаражатты алу үшін тағы да migration.enbek.kz порталына онлайн құжаттарын тапсыру тиіс еді. Өкінішкі орай Egov.kz электронды үкімет порталы мен migration.enbek.kz порталында ондай қызмет алуға байланысты тетік жоқ. Соның салдарынан кандастар күнде ертең портал жұмыс істейді деумен квотаға кірген адамдар ақшаларын ала алмай ХҚКО–ға күнде барып, тентіреп жүр. Негізі бұл жаңашылдық жаңашылдық емес, алыстан келген ағайынды сарсаңға салу болды.

Біз күнделікті қандастарды қабылдап ақпараттық кеңес беріп, құжаттарын ресімдеу барысында әбден көрдік, көзіміз жетті, түңілдік.

Сондықтан жоғарыдағы билік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетіндегі осы салаға жауапты қағидалар мен ережелерді ай сайын жылдам өзгертетін, қандастарымыздың елге көшуіне үлкен тосқауыл болып отырған шенділердің жұмысын май шаммен қарап, күрделенген мәселені тез қалпына келтіру қажет.

Алыс-жақын шетелден көшіп келушілер мен еліміздің оңтүстігінен қоныс аударушылар осындай тосқауылдардың салдарынан жұмысқа орналаса алмай, мемлекет тарапынан берілетін қаражатты уақытында ала алмай күдерін үзіп, Үкіметке өкпелеуде. Бұл мәселені жеделдете шешу қажет.

— Сұхбатыңызға рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

Әңгімелескен – Н.Қанатбекұлы.