Бірнеше ай бұрын қорытындысы жарияланған республикалық «Жоғары оқу орнының үздік оқыту—шысы» атты байқау жеңімпаздарының қатарында жерлестеріміз де бар. Солардың бірі — Торайғыров университетінің «Электротехника және автоматтандыру» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, профессор Талипов Олжас Манарбекұлы. Отандық ғылым саласына қосқан қомақты үлесінің арқасында еңбегі еленіп, маңдай терінің жемісін көріп отырған ғалымды сөзге тартқан едік.
— Олжас Манарбекұлы, республикалық деңгейде «Үздік оқытушы» атанып отырсыз. Мұндай жетістікке қалай жеттіңіз?
— «Еңбек ер атандырады» демекші, бұл – менің жоғары оқу орнында 20 жыл бойы оқытушы болып істеген еңбегімнің нәтижесі деп білемін. Негізінде, мен 1996 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне жылу-энергетика мамандығы бойынша оқуға түстім. Оны 2001 жылы тәмамдап, диплом алған соң осында ассистент болып жұмысқа орналастым. Осылайша, тәжірибе жинап алған соң студенттерге білім беріп, ғылым жолына бет бұрдым. Докторантураны да оқып, 2018 жылы PhD докторы дәрежесін қорғадым. Ал 2021 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қауымдастырылған профессор атағын алдым. Отандық ғылым саласына қолымнан келгенше үлес қосып келемін. Ары қарай да осы бағытта ерінбей еңбек ете беремін.
— Елімізде ғылымды қаржыландыру еселеп артуда. Демек, мемлекет ғалымдардан үлкен үміт күтіп отыр. Сенімге селкеу түсірмеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Иә, мемлекет тарапынан ғылымның барлық саласын қаржы-ландыру көлемі артуда. Ең бастысы, қазына қаржысын мақсатты пайдаланып, нәтижелі жұмыс жасалуы керек. Ел Президенті өз сөзінде инженерлік бағытқа көп көңіл бөлу керектігін, соның ішінде энергетика саласы өте өзекті екенін атап өткен болатын. Бұл пікірмен толық келісемін. Сондықтан алдағы уақытта осы салада көп жұмыс қолға алынуы тиіс. Яғни, еліміздің энергетика жүйесіндегі күрделі мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып, әлемдік озық тәжірибелерді әбден зерттеп, жаңа ғылыми жетістіктерге жол салуымыз қажет деп ойлаймын.
— Қазіргі таңда Қазақстанда жас ғалымдарды даярлау мәселесі өзекті болып тұр. Сіздің пікіріңізше, оны шешу үшін не істеу керек?
— Өкінішке қарай, бүгінде ғылым саласында жұмыс істегісі келетін жалынды жастар өте аз. Оның себептері де көп. Біріншіден, ғылымға бет бұратын жастардың қызығушылығы, талпынысы болуы тиіс. Сондай-ақ, оларды студент кезінен бастап осы жолға баулу керек. Бірақ біздің елімізде мұндай жастарды табу қиын. Екіншіден, қазіргінің қыз-жігіттері ғылыммен айналысуға қызықпайтынын айтады. Себебі, олардың ойы басқа жақта. Мысалы, көп жастар кәсіпкерлікпен айналысып, шалқып-балқып өмір сүргенді армандайды. Тағы бір мәселе — докторанттарды даярлайтын кадр жетіспейді. Ғылыми жетекшілер де тапшы. Осы мәселелерді шешу үшін жан-жақты талдау жасалуы тиіс деп ойлаймын. Мәселен, ғылым жолында жүрген оқытушылардың жалақыларын көтеру, әлеуметтік жағдайларын жақсарту, мүмкіндік болса тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ, ғылыми зерттеулер және тәжірибелер жасау үшін жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңарту сынды жұмыстар қолға алынғаны жөн. Сонда ғана бұл бағыттағы бірқатар мәселені шешіп, жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыра аламыз.
— Ғалым ретінде туған елге қандай үлес қостыңыз?
— Сөз басында айтып өткендей, қолымнан келгенше отандық ғылым саласына өз үлесімді қосып келемін. Университетте 150-ден астам студентке ғылыми жетекші болып, 30-дан астам магистр оқытып шығардым. Қазіргі кезде PhD докторанттарына ғылыми жетекші болып жүрмін. Қуантарлығы, осы түлектердің барлығы еліміздің энергетика және экономика саласында жемісті жұмыс істеп, жетістіктерге жетіп жатыр. Бұл – оқытушы үшін үлкен мәртебе! Сонымен қатар, ғалым ретінде Қазақстандағы көптеген кәсіпорындармен тығыз байланыста болып, бірлесе ғылыми жұмыстар атқардық. Соңғы жылдары электротехника және автоматтандыру кафедрасының меңгерушісі ретінде жаңа мамандықтар атласы бойынша «Өнеркәсіптік робототехника және автоматтандыру» инновациялық мамандығын аштым. Бұл бағдарлама Германияның Альтхов университетімен бірге жұмыс істеп, студенттер үшін екі диплом алуға мүмкіндік берді. Яғни, студенттер 1-інші, 2-нші курсты бізде оқыса, 3-інші, 4-інші курсты Германияның университетінде оқып, екі жақтан да диплом алатын мүмкіндікке қол жеткізді. Жалпы, ғылым жолы ауыр екені белгілі. Сондықтан «болдым, толдым, тойдым» демей, әлі де көп ізденіп, ғылым саласын дамыту жолында аянбай тер төгемін.
— Жұмысыңызға сәттілік тілеймін. Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.