Болмасын қайғы-қасірет

Там 28, 2025

Осыдан 16 жыл бұрын, яғни 2009 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды — Семей полигонының жабылу күні деп ресми түрде жария етті. Сол уақыттан бері бұл дата ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн ретінде аталып өтуде.

Қазақстандықтар үшін осынау атаулы күннің мән-маңызы зор. Себебі, еліміз егемендік алғаннан кейін иелік еткен полигонды жабу туралы шешім қабылдап, әлемдегі ядролық қарудың төртінші арсеналынан батыл түрде бас тартты. Сөйтіп, 1992 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі міндеттемелерін бекітіп, ядролық қаруға қарсылық танытқан START-1 шартының Лиссабон хаттамасына қол қойды. Бұл шешімді көпшілік бірауыздан қолдады. Қазақ елінің бастамасы бойынша ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы ядролық қарудан еркін әлем құрудың жалпыға ортақ декларациясын қабылдады. Нәтижесінде, жылдар бойы ядролық сынақтардың азабын тартқан еліміздің қайғы-қасіреті артта қалды деп айтуға болады.

Дегенмен де, жүректе сызы, тарихта ізі қалған Семейдегі ядролық полигонның зардабы әлі күнге дейін ұмытыла қойған жоқ. Қырық жылдан астам уақыт бойы қазақ даласын улаған атом салдарынан талай азамат жарымжан атанып, ауруға шалдықты. Ажал құшқандар да аз болған жоқ. Ғалымдардың айтуынша, Семей полигоны 1947 жылдың 21 тамызында КСРО Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша құрылып, қазақ жеріндегі алғашқы атом бомбасы 1949 жылы 29 тамызда жарылған. Сол кездегі сынақ алаңы 18 миллион гектар жерді алып жатты, дейді мамандар.

— Аймақта барлығы 456 жарылыс жасалды, оның 116-сы жер үстінде және ауада өтті. Бұл 1949-1962  жылдары болған жарылыстар еді. Ауа мен топырақ ластанды. Екінші кезеңде 1963-1989 жылдары жарылыстар жер астына ауысты. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті, — деп жазады ғылым докторы Атамұрат Шәменов.

Ал көпшілікті Семей полигонының қалай жабылғаны туралы ақпарат қызықтыратыны сөзсіз. Ғалым Атамұрат Шәменов соңғы кезде полигонды жабуға тікелей себепкер болған адамдар саны көбейіп келе жатқанын айтады.

— Бірақ баспасөз беттерінде полигонды жабу мәселесін алғаш көтерген адам – сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев делінген. Өйткені, ол 1989 жылдың 20 ақпанында КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы М.Горбачевке құпия хат жолдап, «ядролық сынақтар туралы жұртшылыққа түрлі пікір таралып, тұрғындар арасында моралдік-психологиялық күйзеліс байқалады. Олардың осының бәрі сынақ тудырған кесел, дерттермен байланысты деуі де негізсіз емес» дей отырып, жарылыстарды тоқтатуды немесе оның қуатын кемітіп, жарылыс аралықтарын сиретуді, одан әрі жарылыстарды басқа бір қолайлы жақтарда өткізуді тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсыруын өтінеді, — дейді ғалым. Деректерге сүйенсек, соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болған. Осы жылы әлемдегі ядролық жарылысты тоқтатуды қолдаушылар мен қазақстандық белгілі қоғам қайраткері, ақын әрі жазушы Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Невада – Семей» қозғалысы құрылған. Бұл қоғамдық саяси ұйым да полигонның жабылуына зор үлес қосқанын атап өткен жөн. Яғни, «Невада-Семей» қозғалысы көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болып, ядролық жарылыстарды тоқтату үшін үздіксіз жұмыс істеді. Осы бағытта жүргізілген іс-шаралар оң нәтиже берді. Мәселен, 1989 жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық жарылыстың 11-і бірден тоқтатылды. Ал 1989 жылдың 20 қарашасында еліміздің Жоғарғы кеңесі қаулы қабылдап, Семей және жаңа жер полигондарындағы ядролық жарылыстарға тосқауыл қойылды. Көпшілік мұны қазақ елі мен жаһандағы соғысқа қарсы қоғамдастықтың алғашқы жеңістерінің біріне балады.

Осылайша, Қазақстан әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысы әрі бейбітшілік туын көтерген бірден-бір ел ретінде тарихта қалды.

Талай жанның жүрегіне жара салған Семей полигоны жабылғаннан кейін «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданып, Үкімет қаулысы шықты. Сол бойынша бүгінде радиациядан зардап шеккен адамдарға мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп келеді. Солай болуы тиіс те.

Ең бастысы, бұдан былай мұндай қайғы-қасірет болмасын деп тілейміз.

Н.АҚЫТЕГІ.