Аймағымызда ауа райы құбылып тұр. Түк көрінбейтін ақ түтек боран мен көктайғақ салдарынан бірнеше бағыт бойынша жолдар жабылып, ескертпелерге құлақ аспаған бірқатар жолаушы далада қалды. Кеше оқушылар үшін мектептегі сабақ тоқтатылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 21 қаңтарда қалың қар, көктайғақ және қатты желдің салдарынан  Астана-Ерейментау-Шідерті республикалық маңызы бар автожолының Шідерті елді мекенінен Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаскесі, Қызылорда-Павлодар-Успенка-Ресей республикалық маңызы бар автожолының Атамекен елді мекенінен Шідерті елді мекеніне дейінгі учаскесі, Қызылорда-Павлодар-Успенка-Ресей респуб-ликалық маңызы бар автожолының Шідерті елді мекенінен Қарағанды облысының шекарасына дейінгі учаскесі, Беловка-Қалқаман облыстық маңызы бар автожолы бойынша барлық көлік түріне қатынауға тыйым салынды.

21 қаңтарда облыс аумағында дауыл туралы ескерту жарияланды. Төпелеп жауған қар боранға ұласты.  Бұл күні желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ке дейін жетті. Тұрғындарға 112 және «Дәрмен» қосымшасы арқылы ескертпе хабарламалар жолданды.

Сейсенбі күні кешкі уақытта Шідерті кентінде жолда 324 бірлік техника мен 544 жолаушы қалды. Екібастұз қаласының әкімдігі және еріктілер жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастырды. Кентте
3 жылыту пункті дайындалды. Облыс бойынша жалпы саны 189 жылыту орны әзірленген. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жүргізушілерге көмек қолын созып, көліктерін қар үйіндісінен шығарды. Шарбақты ауылынан Ресей Федерациясына бағыт алған жүргізуші жолдың шетіне шығып қалған. Хабарлама 22 қаңтар күні таңғы сағат 6.35-те түскен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар көлікті Шарбақты ауылына сүйреп жеткізді.

— Ауа райының нашарлауына байланысты 22 қаңтарда 5 республикалық автожол, 11 облыстық маңыздағы жол жабылды. Тұрғындардан ескертпелерге құлақ асып, алыс жолға шықпай, үйде отыруларын сұраймыз. Жолдарда полиция бекеттері қойылды. Әр бекетте жол талғамайтын техникалар, кезекшілер ауысым бойынша жұмыс істеуде. Сәрсенбі күнгі жағдай бойынша облыс аумағында жалпы саны 438 техника жолда қалды. Оның ішінде 301-і — жүк көлігі. 132 жеңіл автокөлік пен 5 автобус бар. 725 жолаушының ішінде 19 бала бар. Жылыту пунктіне 4 адам орналастырылды, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Ішкі істер министрлігі де жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады.

— Қазіргі уақытта 15 облыстың 43 жол учаскесінде автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізілді. Тұрғындардан алыс сапарға шығудан бас тартуды сұраймыз. Жолға шыққан азаматтар жақын орналасқан елді мекенде тоқтап, ауа райының жақсаруын күтуі тиіс. Қозғалысқа шектеу енгізілген нақты жол учаскелері туралы мәліметті «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның ресми Telegram-арнасынан, радио, теледидар және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарынан, 1403 телефон нөмірі арқылы біле аласыздар. Жолда сақ болыңыздар! — дейді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Айдын Оразбаев.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.