Жыл басындағы мәліметтерге сүйенсек, облысымызда алимент төлемеген борышкерлердің қарызы 1 млрд теңгеге жуықтаған. Олардың басым бөлігі жұмыссыз болса, қалғандары табысын жасырумен әлек. Алайда, өткен жылға қарағанда биыл көрсеткіш сәл төмендеген. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Сәменқұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, облыстық әділет департаментінде алимент өндіру бойынша 16 115 құжат болса, оның 8 980-і кезеңді түрде орындауда тұр. Алимент алушының 7175-і өзін-өзі жұмыспен қамтып, төлемді өздері жүргізеді.

— Облыста 335 проблемалық алимент төлеу бар. Жалпы, алимент қарызы 818 143 415 теңгені құрайды. Жыл басынан бері 79 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Әлеуметтік маңызы бар санаттағы мәжбүрлі өндірістер ерекше бақылауда тұр және бұл санаттағы мәжбүрлі орындатуға ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік маңызы бар санаттағы істерге алименттерді, еңбекақыны, зейнетақыны, өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша өндіру туралы атқарушылық құжаттар кіреді, — дейді А.Сәменқұлов.

Сондай-ақ, Айдын Мұхамеджанұлының сөзінше, бір адамның ең көп қарызы шамамен 15 миллион теңге болса, бір балаға ең көп қарыз он миллион теңгені құрайды.

— Жалпы, бөлімнің алимент өндіру мамандары ҚР Әкім-шілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы бойынша
39 борышкерге айып тағып, 17-сін айыппұл өндіріп, 22-сі қамауға алынды. Полиция департа-менті алимент бойынша он борыш-керді жауапқа тартты, — деді ол.

Айта кетейік, алимент төлемей қашып жүрген ата-ананың шоттары бұғатталып, оған елден шығуға тыйым салынады. Жүргізуші куәлігінен айырылады және нотариалды іс-әрекеттерге тыйым салынады. Ал қасақана алимент төлеуден жалтарса, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, Қазақстанның Қылмыстық кодексінде үш айдан аса алимент төлемегендерге 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру сынды жаза қарастырылған.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.