Өзге салалар секілді Қазақстан журналистикасы да даму үстінде.
Бұған осы күні ақпарат тарату жүйесінде әртүрлі заманауи құралдардың пайда болуымен қатар, еліміздің ақпарат саласын реттеуді қажет ететін тұстардың туындауы жетелеп әкелді. Осы орайда барлық талапқа жауап беретін заңнаманы қабылдау қажеттігі
туды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде әлеуметтік желілерде, интернетте жалған ақпарат көбейіп кеткенін көріп отырмыз. Осындай күрделі жағдайда сіздердің шынайы әрі сыни көзқарастарыңыз түрлі келеңсіздікке тосқауыл болар еді. Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән-мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімпаздықты, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін Масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық диалог жүргізудің ашық алаңына айналып, мемлекет пен қоғамның өзара байланысын нығайтуға зор үлес қосып жүр. Еліміздің журналистері озық ой мен тың идеялардың таралуына дәнекер болып, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді көтереді. Сондай-ақ оқиғаларды жан-жақты зерделеп, популизм мен арандатушылыққа тосқауыл болады. Бұл – айрықша маңызды миссия» деп атап өткен болатын.
Шынында, бүгінде елімізде әртүрлі оқыс оқиғалар болып жатса (өрт, су тасқыны т.б.), алып-қашпа деректер мен тексерілмеген дүниелерді таратып, жұртты үрейлендіріп, өздерінің эгоистік, популистік, рейтингтік бағасын асырып жүретіндері бар. Бұл — көбінесе интернет-ресурсқа жататын сайттар мен алаңдарға, блогтарға қатысты мәселе. Жаңа заңнамада осындай мәселелер ескеріліп, реттеледі.
Осы орайда соңғы жылдары елімізде бұрынғы БАҚ туралы заңның талаптары ескіруіне байланысты жаңа Масс-медиа туралы заңнама қоғамда талқыға түсті, ашық пікірлер мен ұсыныстар қабылданды. 19 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медиасарапшылар мен журналистер сынаған «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды.
Жалпы айтып өтсек, жаңа заң бойынша, азаматтар ақпарат құралдарынан жалған ақпарат немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпаратты терістеуді материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде (бұған дейін үш жыл болды) ғана талап ете алады. Ал редакция сауалдарын мемлектетік органдарда қарау мерзімі бес жұмыс күнінен (бұған дейін жеті күн болған) аспауға тиіс.
Баұқаралық ақпарат құралдары дегеніміз –халыққа идеологиялық жұмыс жүргізудің бір жолы.Сондықтан сырттан ақпарат таратушы мекемелердің жұмысы реттелуге тиіс. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті ойласақ, бұл мәселе реттелуге тиіс. Әсіресе осы шетелдік БАҚ-тар мен бағдарламаларды реттеу, өкілдерін тіркеу мәселесі әртүрлі сарапшылардың қызу талқысын тудырды.
Жаңа заңға сәйкес, қазақ тіліндегі теле-, радиобағдар-ламалардың апта сайынғы көлемі 2027 жылға қарай кезең-кезеңімен 50-ден 60 пайызға дейін көтеріледі. Ал теле-, радиоэфирдегі шетелдік теле-, радиохабарларды кезең-кезеңімен 20-дан 10 пайызға дейін азайтады. Ақпарат министрлігі Масс-медиаға «қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты» мониторинг жүргізе алады.
БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді. Жаңа заңға сәйкес, журналист өз міндеттерін орындау кезінде өмірге және (немесе) денсаулыққа зиян келтірген жағдайда «БАҚ иесі оған зиянды Қазақстан заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті. Бастысы, заңнамада «Журналистің ерекше мәртебесі» ұғымы енгізілді.
Әлемді ақпарат билейтінін ескерсек, бүгінгі таңда ақпарат құралдарының қызметін реттеу мәселесі – елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл — тек шектеу емес, қосымша мүмкіндіктер беру. Заңнамада бағдарламалар әзірлеуге гранттар жеңіп алу мәселесі де ескерілген.
Осылайша Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 110 жыл бұрын айтқан «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген тұжырымы бүгін де барынша өзекті. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін сақтау үшін отандық журналистердің Қазақстанда және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы керек. Бастысы, жалаң ақпарат жолын қумай, журналситеріміз, блогерлеріміз бір елдің мүддесін көздеп, халықтың сенімін ақтауы – азаматтық борышы. Бұл ретте заңнамалық жауапкершіліктің күшеюі әріптестеріміздің барлық мәселеге ұлттық биіктен қарауына себеп болады деп ойлаймыз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.