Жақында Ақсу қаласының білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде «Білім беру сапасының құндылықтары» атты республикалық тәжірибелік семинар өтті.

Оған еліміздің бірқатар өңірінен білікті мамандар қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтар болсақ, олардың қатарында Астана қалалық білім беру ұйымдары әдістемелік орталығының әдіскері Мағрипа Айдарова, «NURORDA» мектеп-лицейінің мұғалімі Айбас Адалбек, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушылары Айман Идилуп пен Ардақ Мұхаметалина, Павлодар қаласы Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Қайыржан Әлмағанбетов, Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы №29 мектептің жаратылыстану бірлестігінің жетекшісі, физика пәні мұғалімі Жұмагүл Авий, Қызылорда облысы Қарамақшы ауданындағы №272 мектеп директорының орынбасары Айнұр
Ақсұңқарова бар.

Аталмыш шараға жиналғандар қазіргі заманауи мұғалімдердің дамуы мен кәсіби шеберліктерін арттыру мәселелерін жан-жақты талқылап, озық педагогикалық тәжірибелермен танысты, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Біріктірілген және панарамалық сабақтар өткізді. Сондай-ақ, мұғалімдер оқытудың инновациялық тәсілдері мен  әдістемелік оқу құралдарын пайдаланып, әр сабақты жоғары деңгейде жүргізді. Ал «Зияткер» және «МИФ» әдістемелік бірлестігінің мамандары өз іс тәжірибелерімен бөлісті. Семинар барысында ұстаздар қауымы инновациялық технологияларды сабақта қалай қолдану керектігін айтып, оқушылардың қабілеттерін дамыту жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, халықаралық, облыстық ғылыми жоба сайысының жеңімпаз-дарымен таныстырылым өтті. Шараның модераторы, қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Ерсайынова шеберлігімен көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Республикалық семинар сонында қатысушылар «Жас келсе, іске!», «Жігер» жас мұғалімдер мектебінің концертін тамашалады. Шара мазмұнды өтті.

Нұргүл ҚОЖАНОВА,

Ақсу қаласының Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

— Соңғы кезде елімізде ұстаздар қауымының біліктілігін арттыруға, білім сапасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Осы мақсатта өз қаламызда ұйымдастырылған «Білім беру сапасының құндылықтары» атты республикалық тәжірибелік семинардан үлкен әсер алдым. Әріптестермен бірлесе ашық сабақ өткіздік. Онда жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сабақтың тақырыбын ашу, оқу мақсатына жету және оқушыларды құндылық бағдарын қалыптастыруға бағыттауды үйрендік. Шара барысында «Ашық микрофон» әдісі арқылы кері байланыс жүзеге асып, әркім өзі білгісі келген сұрағына жауап алды. Бастысы, алыс-жақыннан келген қонақтардың барлығы жоғары баға беріп, мол тәжірибе жинап қайтты.

Бақытгүл МҰСТАФАНОВА,

Ақсу қаласы, Жамбыл жалпы орта білім беру мектебі директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:

«Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», — деп кезінде Елбасымыз айтқандай, шараға қатысқан әр мұғалім шәкірттеріне саналы тәрбие, сапалы білім берудің түрлі жолдарын меңгеруді мақсат етті және соған жетті деп ойлаймын. Бұл жолғы семинар да «іздегенге табылған» дегендей өте пайдалы сабақ болды. Ұйымдастыру деңгейі де барлық жағынан көңілімізден шықты. Семинар өз деңгейінде өтті. Болашақта да осындай іс-шаралар өңірімізде жиі өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Бақыт ҚҰРМАНОВА,

Ақсу қаласы, Алғабас ауылындағы М.Қабылбеков атындағы жалпы орта бөлім беру мектебі директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:

— Ұстаздар қауымы үшін республикалық деңгейдегі семинарларға қатысудың маңызы зор. Себебі, көп тәжірибе жинайды, білімдерін арттырады. Осы жолғы шараның да қай-қайсымыз үшін берері мол болды. Мәселен, өз басым семинарда цифрлық платформалармен қалай жұмыс істейтінін меңгердім. Шыны керек, көптеген мектеп бұл жүйені пайдалана бермейді. Заман ағымынан қалмай, білімді ұрпақ тәрбиелеп шығару үшін алдымен педагогтердің көзі ашық, көкірегі ояу болуы тиіс. Сол үшін педагогтерге арналған осындай сабақтар сәтті жалғасын таба берсін деймін.

 

Нұржайна ШОДЫР, Ақсу қаласы.