Бірлігіміз жарасқан!

Нау 7, 2025

Павлодар қаласының «Достық үйінде» Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай мерекелік шаралар өтті. Сондай-ақ, ескерткіш тақта ашылды. Бұл аймағымызда тұрып жатқан этностар арасындағы бірлікті нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты дәріптеу бағытындағы маңызды оқиға болды.

Мерейтойға арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуы «Достық үйінің» алаңында өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, Ассамблея мүшелері және аймағымыздың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кейін облыс әкімі орынбасарының қатысуымен «Бірлік пен татулық – халқымыздың басты байлығы» атты форум өтті. Шара барысында Айгүл Қайыртасқызы 30 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен жолдан өтіп, маңызды қоғамдық-саяси институтқа айналғанын хабарлады.

— Қазақстан халқы Ассамблеясын сөз өткенде, біз есімдері ұйым тарихында алтын әріптермен жазылған тұлғалардың есімін атап өтпей кете алмаймыз. Олардың қатарында Қанат Даржұман, Зара Қожахметова, Фаина Свечинская, Минир Галеев, Ада Пак, Гилани Матиев, Михаил Парипса секілді азаматтар бар. Ал Ассамблея 30 жылда барлық саланы қамти алды және этносаралық келісімнің пәрменді тетігіне айналды.

Облыста 60-тан астам этнос пен этникалық топ бар. Оған қоса, 115 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Сонымен қатар, қоғамдық институттар, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, ғылыми-сараптамалық кеңес қызмет етеді. Аталмыш ұйымдар жыл сайын 800-ден астам түрлі іс-шара өткізеді. Мәселен, Аналар кеңесі жобаларының қызметі Ассамблея шеңберінен асып түседі. Ұйым мүшелері облысқа қарасты ауыл аналарымен, мектептермен, әскери бөлімдермен, қолданбалы өнер шеберлерімен және ұмытылған қазақ дәстүрлерін сақтаушылармен тығыз байланыс орнатып келеді, — дейді облыс әкімінің орынбасары.

Форум соңында Айгүл Қайыртасқызы этносаралық татулық пен ынтымақтастықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен
өңір белсенділерін марапаттап, оларға Алғыс хаттар табыстады. Жиын барысында, сондай-ақ этникалық және мәдени байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Кейін Ассамблеяның құрамындағы этномәдени бірлестіктер өнерпаздарының ұйымдастыруымен «Алғыс — елдің бәріне» атты мерекелік концерт өтті. Шаралар легі трамвайларда құрт тарату, коммуналдық сала жұмысшыларына ыстық шай мен бауырсақ тарату және облыстың Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагерлерін құттықтап, естелік сыйлықтар табыстаумен жалғасты.

Айдана Боранбаева.