Бірлікке үндейтін берекелі күн

Нау 19, 2026

Биылғы жылы қасиетті Ораза айт мерекесі 20 наурыз күні аталып өтеді. Бұл күннің ерекшелігі – оның Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі. Екі бірдей рухани және ұлттық маңызы зор мерекенің қатар келуі – халқымыздың көңіл-күйіне де ерекше әсер береді деп санаймыз.

Облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Қуаныш Қазыбековтің айтуынша, орталық мешітте дәстүрлі түрде айт мерекесіне арналған іс-шаралар ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Осы күні таңғы сағат 07.00-де Айт намазы оқылады және халыққа уағыз-насихат айтылады. Намаз аяқталған соң мешіт алдында тегін палау таратылады. Ал түсте жұма намазынан кейін мешіт ауласына жиналған халыққа Наурыз көжесі ұсынылады деп жоспарлануда. Одан бөлек, қол күрес, арқан тарту, қазақ күресі сынды спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ынталандыру сыйлықтары үлестіріледі. Мұндай шаралар тұрғындардың басын қосып, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

Айт – тек діни мейрам ғана емес, ол – халықты бірлікке, татулыққа шақыратын, жүректерді жақындастыратын ерекше күн. Бұл күні адамдар бір-біріне ізгі тілектерін айтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді. Қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға қол ұшын созу – айттың басты мәнінің бірі. Биылғы мерекенің Наурызбен қатар келуі де айрықша символдық мәнге ие. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, ал Айт – рухани тазарудың белгісі. Осы екі мерекенің үндесуі қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге үлкен мүмкіндік береді.

Тілеуберді САХАБА.