Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу аясында Достық үйінде облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен «Қазақстан – бірлік елі» атты этнофорум өтті. Жылдың қорытынды іс-шарасы өңірдегі этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйым өкілдері мен жастардың басын қосты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы отыз жыл ішінде бірлік пен тұрақтылықтың белгісіне айналып, азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда, этносаралық қатынастарды дамытуда және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуда маңызды рөл атқарды.
Асайын Байханов бірлік, келісім мен ынтымақ ел мемлекеттілігінің негізі әрі басты құндылығы екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біздің бірлігіміз – әралуандықта» деген сөзін тілге тиек етті.
– «Біз әртүрліміз – бірақ теңбіз» қағидаты халқымыздың бірлігінің негізінде жатыр. Бейбітшілік, келісім және татулық – еліміздің мызғымас құндылықтары, – деді аймақ басшысы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы осы идеологияны жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жыл бойы облыстық Ассамблея 750-ден астам іс-шара өткізді. Маңызды оқиғалардың қатарында – Д.Махмудов атындағы трамвай басқармасы базасында Еңбек Ассамблеясының ашылуы және Екібастұз қаласында «Ассамблея жастары» филиалының құрылуы. Мерейтойлық жыл өңірдегі көптеген этномәдени бірлестік үшін ерекше болды. Мәселен, облыстық «Возрождение» немістер қоғамы, татар-башқұрт мәдени орталығы және корей орталығы 35 жылдықтарын атап өтті. «Полония» поляк қоғамы, «Айреник» армян қоғамы және «Халкан Барт» шешен-ингуш бірлестігі 30 жылдықтарын, «Беларусь» мәдени орталығы 25 жылдығын, «Эльбрус» орталығы 20 жылдығын, фин-угор этномәдени орталығы 10 жылдығын мерекеледі.
Облыс әкімі өңірдегі этнос-аралық жағдайдың тұрақты бақылауда екенін, ал негізгі мәселелер бойынша ай сайын жиналыстар өткізілетінін атап өтті.
– Бүгінде Ассамблея өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. 2026 жылы Павлодар облысы Еңбек Ассамблеяларының алғашқы республикалық форумын қабылдайды, – деді өңір басшысы.
Мерейтойлық жылдың қорытындысын жасай отырып, Асайын Қуандықұлы Мемлекет басшысының атынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халық бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматты марапаттады.
«Галицкое» ЖШС механизаторы Николай Скрипник «Құрмет» орденімен, ал Ерғанат Естаевқа, Таллы Иманбаевқа және Иосиф Турчакқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді. Президенттің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарына Вера Ковеня, Сусанна Аракелян және Хызыр Байрамкулов ие болды. Сондай-ақ, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары өңірдің бірқатар этномәдени бірлестіктің өкілдеріне табыс етілді.
Кездесу барысында қоғам қайраткерлері мен жастар сөз сөйледі. «Ватан» әзербайжан қоғамының төрағасы Муслим Махмудов бұл жылдың Ассамблея үшін маңыздылығын, Еңбек Ассамблеясының этносаралық келісім мен корпоративтік мәдениет алаңы ретінде ашылуын атап өтті. Сондай-ақ, ол Ассамблея тарихымен жеке байланысын да тілге тиек етіп, 30 жыл бұрын әкесі Павлодар облысында Ассамблеяның құрылуына атсалысқанын атап өтті.
«Эльпида» грек бірлес-тігінің жастар көшбасшысы Дмитрий Бабулиди өзінің жеке жолымен бөлісті.
– Тура 10 жыл бұрын, тоғыз жасымда мен грек бірлестігіне келдім. Бүгінде жастар көшбасшысымын және облыстық «Ассамблея жастарының» белсенді мүшесімін. Ассамблея маған толеранттылықты, достықты және өзге халықтардың мәдениетіне құрметпен қарауды үйретті. Дәстүрлер мен тілді зерделей отырып, саналы түрде мемлекеттік тілді — бірлік пен өзара түсіністік тілін үйреніп жүрмін. Баршаңызды белсенді болуға, келісімді сөзбен емес, іспен нығайтуға шақырамын, – деді ол.
Аталмыш этнофорум мерекелік концертпен аяқталды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.
