Биыл атақты жерлесіміз, ғұлама ғалым, қазақтың алғашқы академигі, белгілі қоғам қайраткері, аса көрнекті геолог, Қазақ КСР ғылым академиясының ұйымдастырушысы әрі оның тұңғыш президенті, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы біртуар азамат Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 126 жыл толмақ.
Талай таланттың кіндік қаны тамған киелі Баянауыл баурайында дүниеге келген ғалым бар ғұмырын білім мен ғылымға арнады. Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан ол кейін төрт жылдық бастауыш мектепті небары үш жылда аяқтап, бала кезінде-ақ зор қабілетке ие екенін көрсете білді. Кейін, яғни 1911 жылдан бастап Павлодардағы 2-сыныпты орыс-қазақ училищесіне аттанып, аталған білім ордасын да мерзімінен бір жыл бұрын бітіріп шығады. Бұдан соң Семей мұғалімдер семинариясына түсіп, еңбек жолын ұстаз болудан бастайды. Мұнымен шектелмей, білімін жетілдіруді мақсат еткен ол ғылымға қызығып, Томск технологиялық институтына оқуға түседі. Сөйтіп, осы оқу орнын тәмамдағаннан кейін біржола ғылымға бет бұрады.
«Қазақ ғылымының атасы» атанған Қаныш ұзақ уақыт бойы Қазақстанның минералдық ресурстар және рудалық кендер генеологиясын зерттеумен айналысады. Елімізде ғылыми кадрлар дайындау ісіне де үлкен үлес қосады. Қысқасы, ғұлама ғалымның ғылым саласында ашқан жаңалықтары мен атқарған жұмысы толағай.
Ғалым көзі тірісінде ұзақ уақыт бойы Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын зерттеді. Жезқазғанның байлығын анықтап, көптеген кен орындарын ашты. Түсті металл кендері, марганец, силикат, құрылыс, басқа да өндіріс кендері мен көмір орнын тауып, қорғасын, жез, күміс, алтынның барын анықтады. Ол кен орындарын ашумен қатар, сол қазба байлық шығатын жерлерге зауыттар салдыру үшін де тер төкті. Соның нәтижесінде, бүгінде Ұлы Жезқазған, Ұлы Алтай өндіріс орындары, Қарағандыдағы темір балқытатын зауыт, Қарағанды-Ертіс каналы, Қаратау фосфориті салынды. Осы арқылы Қазақстанның өндіріс шаруашылығы өркен жайды деп айтуға болады. Әйгілі жерлесіміз Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына да мол үлес қосып, Қарағандыда металлургиялық зауыт салуға, Қаратауда фосфорит, ал Қостанай мен Алтайда темір және марганец кендерін игеру жолында тынымсыз еңбек етті.
Талантымен тас жарған ғалым геология ғана емес, мәдениет саласы мен тарихтың дамуы жолында да көп еңбек етті. Мәселен, ол Ұлытау өңіріндегі тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеді. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбек жазды. Қазақ мектептерінің оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындады. Ал 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізді.
Міне, тізбектеп айта берсек, ғұламаның халық үшін, қазақ ғылымы мен тарихы, мәдениеті үшін жасап кеткен еңбектері ұшан-теңіз. Оның тарих саласына қосқан мол үлесі жөнінде қызы Шәмшиябану Сәтбаева: «Қазақ халқының ерте дәуірдегі және қазіргі кезеңдердегі тарихи даму жолы – Қаныш Сәтбаевты өмір бойы тебірентіп өткен елеулі мәселелердің бірі болатын», — деген екен. Бұған қарап-ақ, ғалымның сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі әрі ұлтының жанашыры болғанын түсінеміз.
Осындай сан қырлы талант иесіне деген ел құрметі де ерекше. Жыл сайын Қаныш Сәтбаевтың туған күні қарсаңында облыс орталығындағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Торайғыров университетінің мұрындық болуы мен «Сәтбаев оқуларын» өткізу дәстүрге айналған. Биыл 25 сәуір күні аталған жоғары оқу орнында «XXV Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Осы шараға қатысушылар тау тұлғаның өнер-ғылымға қосқан үлесін жан-жақты зерттеп, өзгелерге насихаттауда. Қуантарлығы, бұл конференция үздіксіз жалғасын таба бермек. Себебі, Қаныштың мұралары ғасырларға ұласады, дейді ғалымдар.
Н.АҚЫТЕГІ.