Тоқсан бес жыл дегеніңіз адам үшін де, адам қолымен жасалатын газет үшін де аз уақыт емес. Бір аттаса, ғасырлық тойына жеткелі отырған «Saryarqa samaly» осы мерзім бойына ел мен жердің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келеді. Қара Ертістің бойындағы қадірменді ақсақалдай басылымның дәргейінде неше буын шығармашылық ұрпақ жетіліп, неше қат жылнама тасқа басылды?! Аты да, заты да ыстық «Saryarqa samaly» айналасы үш жылдай ғана еңбек еткеніммен, соның өзі менің журналистік жолымдағы ең бір елеулі, көңілімде жылы естелік қалдырған кезең болды.

Шежіре басылымда Қажымұрат Смағұл, Төлеубек Қоңыр, Ғалымбек Жұмат, Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов сынды аға журналистермен бірге қызмет істеген жылдардың естелігі жадымда күні кешегідей сайрап тұр. Жөні де, жолы да бөлек үлкендердің қамқорлығын сезініп, шығармашылық жетістіктерін үлгі тұттық. Өз басым, әсіресе, Ғалымбек Жұмат сынды биязы, сабырлы, қаламы қарымды азаматтың жақсылығын көп сезіндім. Бір жағынан, ол кісінің жары менің ауылдасым, аталас апайым болғандықтан, жездекем ретінде әзіліміз де жарасып тұрушы еді.

Әр журналист өзінің шығарма-шылық жолында қаншама кісіден сұхбат алып, қаншама адам туралы очерк жазады. Кейін сол кейіпкерлеріміз қуанса, бірге қуанып, сүрінсе, бірге қамығатынымыз бар. Менің осы «Saryarqa samaly» газетіндегі алғашқы «Ертістің өнер қуған ерке қызы» деген мақаламның кейіпкері – алғашқы мүшеліне енді аяқ басқан әнші балапан еді. Сол балапан кейін аққу әншіге айналып, елімізге Жанар Доғалова есімімен танылды.

Павлодар өңірі, «Saryarqa samaly» десе, бір бүйрегім бұрады да тұрады. Өйткені, мұнда мен шығармашылық жолымның елеулі кезеңін басымнан кештім. Адам тағдырын бір сәттің өзі өзгерте аларын ескерсек, үш жылдың қанша сәтті арқалайтыны айтпасақ та түсінікті. Екі мыңыншы жылдардың басында осы редакцияда Жұмабек Сманов, Асыл Әбішев, Ардабек Солдатбай, Айбек Қобдабай сынды жас журналистермен де қоян-қолтық араласып, жұмыс істедік. Қатар қызмет жасаған Сәуле, Зүлфия, Жанар сияқты бесаспап аруларды да ұмытқан емеспін.

«Егемен Қазақстанда» еңбек етіп жүргенімде, осы облыстан жарқ еткен журналистерді ел газетіне тартуға азды-көпті ықпал еткеніміз бар. Күні бүгінге дейін «Егемен Қазақстанның» бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған Фархат Әміренов, Павлодар облысы бойынша меншікті тілші Мұрат Аяған және бұрынғы қызметкер Оралхан Қожанов – соңымыздан ерген дарынды, қарымды қаламгерлер.

«Saryarqa samaly» газетіндегі біраз әріптестермен талай қызық пен шыжықты сағына еске алып, әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Есімін атамаған әріптестер сөге көрмесін, бәр-бәріңіз тап сол кездегідей жадымдасыздар! Әдемі әріптес болған кездеріміз үшін баршаңызға деген алғысым шексіз!

Құрметті «Saryarqa samaly» газеті редакциясының ұжымы!

Бәрімізге ортақ басылымның 95 жылдық мерейтойында бүгінгі ұжымға және осы басылымда еңбек еткен ардагерлер мен барша әріптестерге шын көңілден құтты болсын айтып, мықты денсаулық, мол бақыт, шығармашылық жетістіктер тілеймін!

 

Құрметпен, Қайрат ӘБІЛДА, «Saryarqa Аqparat» медиахолдингінің директоры, Қарағанды қаласы.