Бүгінде көп жақсылыққа тосқауыл, көп жамандыққа себеп болған нәрселердің бірі — ащы су екенін жас та кәрі де біледі. Ақтоғай аудандық «Жандарбек қожа» мешітінің бас имамы Ахметолла Қожахметов қоғамды ащы судан арылтудың бір жолы — одан жаппай бас тарту деп санайды. Осы мақсатта «Арақсыз Ақтоғай» акциясын бастап, бүкіл аудан халқына үндеу жасап отыр. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі дүкендерге де арақ сатылмасын деген ұсыныс жасапты. Бастамасының қаншалықты сәтті боларын уақыт көрсетер. Дегенмен, ерекше бастамаға ұйытқы болған мешіт имамымен әңгімелесудің сәті түсті.
— Ахметолла аға, «Арақсыз Ақтоғай» жобасын қолға алудағы мақсатыңыз қандай? Осыны түсіндіріп өтсеңіз…
— Уағалейкумассалам, қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын! Бұл жобаның басты мақсаты — халыққа алкогольді ішімдіктердің зияны мен кесапатын түсіндіру. Сол арқылы ішімдіктен бас тартуға шақыру. Өздеріңіз білесіздер, бүкіл жамандық атаулының басында тұрған осы ащы су емес пе?! Бүгінде кейбір адамдар шарап ішіп, шалқып жүргісі келеді. Баласын үйлендірсе, қызын ұзатса, сәбиінің тұсауын кесіп, сүндетке отырғызса, қонақтарға ішімдік ұсынып, тілек айтқызады. Ал мұндай дастархан басында айтылған тілек пен берілген батаның қабыл болу, болмауы белгісіз. Содан кейін бастарына іс түскен кезде «О, Құдай, саған не жаздым?» деп отырады. Бірақ, басында ащы суды араластырып, Алланың ашуын туғызғаны естеріне келмейді. Одан бөлек бүгінде жастар арасында да түрлі қылмыстар орын алып жатыр. Орта жасқа келген отбасылар осы себепті ажырасып, шаңырақтары шайқалып жатқандар бар.
— Сіздің бұл бастамаңызды жұрт қалай қабылдап жатыр?
— Ақтоғай ауданының халқы бірауыздан қолдады, акцияның бірінші күні көпшілікпен кездесіп, мәнін түсіндірдік. Соңында сауалнама ұйымдастырып, халықтың пікірін де білдік. Жиналған халықтың көп бөлігі біздің бастаманы қолдайтынын жеткізді. Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Жалпы Ақтоғай ауданында спирттік өнімдерді сатудан бас тартқан дүкендер бар ма?
— Әрине, бар. Ақтоғайда арақ-шарап мүлде сатылмайтын үш дүкен бар. Олар бұл бастаманы бізден бұрын қолға алған. Ал одан кейін осы Рамазан айының басталуымен тағы үш дүкен ішімдік сатудан бас тартып отыр. Демек, Рамазан айы аяқталғаннан кейін де осы игі бастаманы жалғастырып, харам өнімді халыққа ұсынуды тоқтатады деп ойлаймын. Жалпы мұндай алкогольді өнім сатудан бас тартқан сайын кәсібіңіздің берекесі артып, табысы молая түспек. Яғни, Алла оның жолын ашып, табысын еселеп өсіруі мүмкін. Мұны кәсіпкерлердің өзі де айтып, таңырқағанын көрдім.
— Алдағы жоспарыңыз қандай?
— Жалпы, арақпен күресу, оны жеңу — бір күндік жұмыс емес. Сондықтан бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысуды мақсат етіп отырмын. Қазір жүрген жерімде осыны айтып, насихаттап жүрмін. Қандай бір нәтижеге жету ұзақ уақытты талап етеді. Алдағы уақытта осы акцияны Ертіс ауданының мешітіне жолдайтын боламыз. Олар келесі ауданға ұсынады. Осылай барлық облыс тұрғындарына жетуі керек.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.