Қазіргі ата-аналар балаларына демалыс сыйлауда барын салады. Сенбі-жексенбі күндері ұл-қызы ойын-сауық орталықтарындағы және саябақтағы ойын алаңына бармаса, баласына демалыс сыйлай алмағандай күй кешеді. Павлодар қаласының жасөспірімдері шаһардағы ойын-сауық орталықтарын жатқа біледі десек, қателеспейміз. Себебі, саны санаулы. Жақында редакция ұжымы балаларға арналған ойын алаңдарын аралап, жеткіншектердің демалысымен танысып қайтты.
Айдана ҚУАНЫШЕВА
Ең алдымен қаланың қақ ортасындағы Ак.Сәтбаев көшесінде орналасқан «Ya Ya Park» ойын алаңына бардық. Бұл орын кішкентай тұрғындарды күн сайын сағат 11.00-ден түнгі сағат 22.00-ге дейін қабылдайды. Демалыссыз жұмыс істейді. Балаларға арналған ойын алаңы, түрлі шоу ұйымдастыратын аниматорлар, дәмді асхана мен туған күн иелеріне VIP бөлме де бар. Мекеме әкімшілігі 1 жасқа толмаған балалар тегін ойнайтынын айтады. 3 жасқа толмаған балалар дүйсенбі-бейсенбі күндері 2 мың теңге төлеп кірсе, жұма-жексенбі күндері аралығында баға 500 теңгеге қымбаттап, 2500 теңгені құрайды екен. 3 жастан асқан балалар үшін ата-аналар дүйсенбі-бейсенбі күндері 3 мың теңге төлесе, жұма-жексенбі күндері қалтасынан 3500 теңгені санап береді. Сонымен қатар, баламен бірге келген ересектер мен 16 жастан асқан жасөспірімдердің әрқайсысы 200 теңге төлеп кіреді.
— Туған күн иелеріне кіру тегін. Жеңілдікті пайдалану үшін ата-анасы баланың туу туралы куәлігін өзімен бірге әкелуі тиіс. Көпбалалы отбасыларға 30 пайыз, ерекше балаларға 50 пайыз жеңілдік жасалады. Кішкентай келушілер уақытты тиімді өткізулері үшін ертегі кейіпкерлерінен құралған аниматорлар күн сайын түскі сағат 14.00-де және кешкі сағат 18.00-де балалармен ойын өткізеді, — дейді мекеме әкімшілігі.
«Ya Ya Park» ойын алаңының іші кең. Кішкентай балаларға арналған түрлі түсті сырғанақтар, шарлар, кедергі жолақтары бар. Ересек балалар үшін секіретін батуттар, биікке өрмелейтін алаңдар да қарастырылған. Мұнда қосымша ақы төлеп, бетті безендіруге, слайм ойнауға, кино көруге де болады.
Қала ішіндегі ойын алаңы кең әрі екі қабатқа бөлінген орталықтың бірі — Астана көшесі, 160 мекенжайында орналасқан «Bala park». Бұл жердің «Ya Ya Park»-тан ерекшелігі — баланың тыныс алу жүйесін тазартатын тұз шахтасы бар. Сонымен қатар, ұл-қызын әкелген ата-аналарға арнғалған массаж орындықтары ақылы негізде ұсынылады. Мұнда да балалар жүгіріп, секіріп, сырғанаққа өрмелейді. Балалар түрлі түсті кинетикалық құм, тастармен де ойнай алады. Аниматорлар мен дәмді ас үйі де бар. Орталық балаларды күндізгі сағат 11.00-ден кешкі сағат 23.00-ге дейін қабылдайды.
«Bala park»-тың ұсынатын бағасы басқа. «Ya Ya Park»-пен салыстырғанда арзанырақ. Бұл орталықта да 1 жасқа дейінгі балалар тегін кіреді. 1-3 жас аралығындағы балалар үшін жұмыс күндері 1990 теңге алса, 3 жастан 15 жасқа дейінгі балалар 2500 теңге беруі тиіс. Демалыс және мереке күндері 1-3 жасқа дейінгі балалар сол 1990 теңгені төлесе, 3-15 жас аралығындағы балалар 3500 теңгені санап береді. Туған күн иелеріне кіру тегін. Ал көпбалалы отбасыларға барлық күнге 50 пайыз жеңілдік қарастырылады. Ал ерекше балаларға кіру – тегін.
Ойын алаңын аралап жүріп, ата-аналармен де тілдестік. Павлодар қаласының тұрғыны Жазира Бақытқызы 3 баласының қалауын орындап жүр.
— Екі қызым мен ұлымды «Bala park» ойын-сауық орталығына әкелдім. Қай ойын орталығына барсаңыз да, сенбі-жексенбі күндері бала толып жүреді. Жұмыс күндері де бала саны азаймайды. Үш балама 6990 теңге төледім. Ойынға келгеннен кейін міндетті түрде іште дәмді тамақ ішеміз. Балаларым пицца, бургер жегенді ұнатады. Асқа кем дегенде 12-15 мың теңге төлеймін. Ұл-қызымды қыдыр-туда кем дегенде 20 мың теңгеден астам ақша жұмсаймын, — дейді ата-ана.
Жуырда облыс орталығындағы Нұркин көшесі, 102 мекенжайында балалар үшін «Balapan Park» ойын алаңы ашылды. Бұл орын да балаларды күндізгі сағат 11.00-ден түнгі сағат 23.00-ге дейін қабылдайды. Балаларға ұсынатын бағасы «Ya Ya Park»-пен бірдей. Мәселен, 3 жасқа дейінгі балаларға 2 мың теңге төлесеңіз, 3 жастан асқан балаларға жұмыс күндері 3 мың теңге алады. Демалыс және жұмыс күндері бұл сома 500 теңгеге қымбаттайды. Туған күн иелері мен 1 жасқа дейінгі балалар тегін кіреді. Көпбалалы отбасыларға 30 пайыз, ерекше балаларға 50 пайыз жеңілдік жасалады.
Жақында ғана жаңадан ашылған орталықта қызының туған күнін атап өткен ата-ана Дәулет Қабден «Balapan Park» қаладағы балаларға арналған өзге ойын-сауық орталықтарының ішінде ең үлкені екенін атап өтті.
— Әлеуметтік желіден балалар ойын алаңының ашылғанын көріп, баламыздың туған күнін атап өттік. Туысқандарымыз бен достарымыздың балаларын шақырып, ойын алаңында ойнатып, дәмді ас ұсындық. Қазіргі балалар кішкентай болса да, туған күнді тойлауды, сыйлық алуды жақсы біледі. 10 баланы ойнатуға әрі мерекелік дастарханға 50 мың теңге көлемінде қаражат жұмсадық. Бастысы, 4 жасқа толған қызым мәз. Балаларға мереке сыйлаудың өзі – бақыт, — дейді ата-ана.
«Balapan Park» орталығының ерекшелігі – ойын алаңдары баланың жас ерекшелігіне сай жеке орналастырылған. Іші кең болған-дықтан, батут пен сырғанақтың түр-түрі бар. Сонымен қатар, жеке залда балалар қосымша ақы төлеп, 3D форматындағы 10 минуттық кино көре алады. Бағасы – 1500 теңге. Бұдан бөлек, балалар мен ересектер садақ атудан қабілеттерін көрсете алады. Бағасы ату санына байланысты 1000-2500 теңге көлемінде. 1500 теңге төлеп, мылтық атуға да болады.
«Balapan Park» ойын алаңының әкімшілігі жұмыс күндері 50-ден астам бала келсе, демалыс күндері кішкентай келушілердің саны 100-ден асатынын айтты.
Облыс орталығында қала қонақтары мен тұрғындары жиі қыдыратын орынның бірі – «Batyr mall» сауда және ойын-сауық орталығы. Мұнда балаларды ойнату үшін әр ойынға арнайы карта арқылы жеке ақша төлейсіз. Автоматтағы бір ойынның құны 450 теңгеден басталып, 2 мың теңгеге дейін барады. Қазіргі уақытта орталықтың екінші қабатында балалар арналған ойын алаңдары жаңартылуда. Бұдан бөлек, қалада «ATRIUM», «Miras» сауда орталықтарында да балалар алаңдары бар.
Шыны керек, бүгінде кәсіпкерлікте табысты саланың бірі — балалардың бос уақытын тиімді қамтуға бағытталады. Қолынан іс келетін, қалтасында қаражаты бар көпшілік балаларға арналған ойын алаңдарын ашуға тырысып жатады. Тіпті, шағын дәмханалардың өзінде де бір бұрышты жеткіншектерге арнауға тырысып жатады. Өйткені жұртшылық қазір отбасылық демалысқа көп көңіл бөледі. Балаларынан да ештеңе аямайды. Сондықтан бұл ең табысты кәсіптің түрі деп айта аламыз.
— Балаларға арналған ойын алаңдарының көп ашылуы қуантады. Ұл-қызым «ATRIUM»-дағы ойын алаңына бара қоймайды. Өйткені ол жерде тамақтанатын орын қарастырылмаған. Басқа ойын алаңдарына жиі барамыз. Бағасы да, тамағы да көңілден шығады, — дейді қала тұрғыны Сәуле Қаңтарбаева.
Ата-аналар балаларымен орталық жағажайда да демалады. Сонымен қатар, саябақтар да көп. Мұнда да сан алуан балалар алаңдары, аттракциондардың түр-түрі болады. Жеткіншектер көп қыдыратын орынның бірі — қалалық саябақ. Мұнда ұл-қызын әкелген ата-ана біраз қаражатынан қағылады. Өйткені баға арзан деп айта алмаймыз. Мәселен, электронды көлікте баланы 10 минут қыдырту үшін 1500 теңге төлейсіз. Батутта 15 минут секіру құны – 1000 теңге. Шыр айналдыратын аттракциондарға міну бағасы – 1500-2000 теңге көлемінде. Алыстан тұрып шарды жару, мылтық ату ойындары 1000 теңге тұрады. Қалалық саябақта жүріп, баласымен демалуға келген ата-анамен тілдескен едік. Ол журналистер қауымы арқылы мәселесін айтты.
— Қаланың қақ ортасында орналасқан саябақтың аттрак-циондары ескірген. Тіпті, кейбіріне баланы ойнатудың өзіне қорқамыз. Шолу доңғалағының тозығы жеткен. Қалада балалар ойын алаңдары көп. Барлығының іші бірдей. Сырғанақ, батутқа толып тұр. Саябақтағы аквапарктің ашылуын ұзақ күтудеміз. Ашылса, балаларға ерекше дүние болар еді. Жергілікті билік осы мәселеге көңіл бөлсе екен, — дейді қала тұрғыны Марал Жұмабекова.
Айтпақшы, ойынға қанып, дәмді ас ішкен бала демалыс орнынан балмұздақ жемей үйге қайтпасы анық. Балмұздақтың құны 450 теңгеден басталады екен. Әзірге Павлодарға қыдырып келген балаларды апаратын орындардың негізгілері – осылар. Шаһарда кішкентай тұрғындарды таңқалдыру үшін әлі талай жұмыс жүргізілетіні анық.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.