Өткен аптада аймағымыздағы Май ауданының Ақжар ауылы мен Абай облысына қарасты Курчатов қаласы шекарасы маңында Ертіс өзеніне кәріз суының ағызылған бейнежазбасы тарады. Сабынды, нәжіске толы лай судың өзен суын ластап жатқанына алаңдаушылық білдірген аудандық мәслихат депутаттары құзырлы органдардан шара қолдануды сұраған еді.

Жайсыз көріністі Май аудандық мәслихатының депутаттары таспаға түсіріпті.

— 2024 жылдың 6 желтоқсан күні. Бұл – Ақжар ауылы мен Курчатов қаласының шекарасы. Ақжар ауылының әкімі, Май ауданының депутаттары келдік. Өздеріңіз көріп тұрғандай, Ертіс өзеніне ағып жатқан су таза емес. Адамның нәжісі, сабын араласқан су ағып жатыр. Лай су құбырдың сыртынан да, құбыр арқылы да өзенге кетіп жатқаны көрініп тұр. Осылайша, Қазақстанның таза суының қоры – Ертіс өзені былғануда. Ауысуға зәру Жаңатілек ауылының тұрғындары өзен суын тұтынады. Сондықтан, бұл масқараны тоқтату керек. Халық наразы. Ақжар ауылының тұрғындары бұл көрініске күнде куә, — делінген бейнежазбада.

Жазба жария болысымен құзырлы органдар мән-жайды анықтауға кіріскен. Жауапты орган – Павлодар облыстық жер қойнауы, қоршаған орта және су ресурстары басқар-масы ресми мәлімет жариялады. Лай су өзенге аймағымыздың емес, көрші Абай облысы аумағынан ағып жатқандықтан жағдаймен аталған өңірдің құзырлы мекемелері айналысуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының мамандары ағынды су құбыры жарылып кеткен деп отыр.

— Ертіс өзеніне Курчатов қаласы жағынан ағынды судың құйылып жатқаны жайындағы бейнематериал бойынша Абай облыстық экология департаменті өкілдері 8 желтоқсан күні оқиға орнына арнайы барды. Судың өзенге құйылып жатқаны расталды. ШЖҚ «Курчатов Водоканал» МКК қатысты тексеріс басталды. Сондай-ақ, 7 желтоқсан күні Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Ертіс өзенінен сынама су алды. Ол химиялық, бактериологиялық және паразитологиялық көрсеткіштерге тексеріледі. Талдау нәтижелері апта соңында шығады, — делінген департаменттің ресми хабарламасында.

Май аудандық мәслихатының хатшысы Мейрамбек Қызырұлы әріптестерімен бірлесіп, құзырлы органдарға ресми хат жолдап, қатаң шаралар қабылдануын талап етеміз деп бекініп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, биыл жазда да Ертіс өзеніне Семей қаласының кәріз жүйесінен нәжіс түсіп жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Бірақ, бұл мәлімет расталмады. Нақтысы, Абай облысының энергетика және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы шаһардың су тазарту арналары штатты режимде жұмыс істеп жатқанын, өзенді лас сумен ластап жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлім етті. Сондай-ақ, кәріз жүйесі 2020 жылы қайта қалпына келтірілгенін алға тартқан болатын. Ластануға қатысты ақпаратты аймағымызға жұмыс сапарымен келген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те жоққа шығарған еді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.