Ветеринарлардың мәртебесі артуда

Шіл 17, 2025

Жуырда Достық үйінде ветеринария қызметкерлерінің төл мерекесіне орай сала мамандарына құрмет көрсетілді. Өткен жылдан бері 10 шілде ветеринария қызметкерлері күні болып бекітілген. Бүгінде осы сала мамандарының еңбекақылары жыл сайын кезең-кезеңімен өсуде. Облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева жануарлар өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды емдеп, аурудың алдын алу жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға түрлі марапат табыстады.

–  Ветеринарлардың жұмысы зор шыдамдылық пен кәсібилікті талап етеді. Сіздер күннің ыстығы мен суығына қарамастан кез келген уақытта жануарларға көмектесуге дайынсыздар. Өз істеріңізге адалдық танытқандарыңызға алғысым зор. Алдағы уақытта еліміздің әл-ауқатының дамуына үлес қосатындарыңызға сенім білдіремін, – деді Әйгерім Қабылтаева.

Өңірімізде ауылшаруашылық саласына еңбегі сіңген өз ісінің маманы Павел Сурма ветеринария саласы қызмет-керлерін мерекемен құттықтап, кәсіптің аса жауапкершілігі мен маңыздылығын алға тартты.

– Бұл саланың мамандары жануарларды емдеу барысында өз денсаулықтары мен энергиясын беріп, жауапты қызметті атқарады. Бүгінде оларға тіпті зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуге тура келеді. Ветеринарлар жануарлардың тілін тауып, аурудан айықтыру амалдарын іздейді. Осындай батыл мамандардың мәртебесі жылдан-жылға артқаны дұрыс, –  дейді «Павлодар облысы бойынша ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ филиалының төрағасы Павел Сурма.

Аққулы ауданының фельдшер маманы Зоя Жантинова ветеринария саласына бала кезінен қызығушылық танытып, армандаған мамандығына оқуға түскен. Биыл еңбек өтілі 14 жылдан асты. Қазіргі уақытта жастардың осы салада дамып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бағдарламалар арқылы көпке қол жеткізуге болатынын айтты. Сондай-ақ, еңбегі еленіп, облыс әкімінің марапатына ие болғанына қуанышты екенін жеткізді.

Аталмыш мереке – мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс істейтін, еліміздің аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлес қосып жүрген мамандар еңбегінің көрсеткіші.

Салтанат ҒАББАС.