Міне, газеттің жаңа саны қолыңызға тиді. Пошта арқылы тура үйіңізге жеткізілді. Баспахана иісі аңқып тұрған парақтарды көз жүгіртіп оқи бастадыңыз. Өзіңіздің «Saryarqa samaly» газетіңіз. Талай жылғы серігіңіз. Ата-анаңыздан қалған дағды – осы газетті жазып алдыру. Осылай бұл газет 96 жылдан бері бірнеше ұрпақтың рухани жан азығына айналған. Алғашқы нөмірі 1929 жылдың 15 ақпанында жарық көргелі бері.
Жоқ, біз газеттің тарихын айтқалы отырған жоқпыз. Бұл туралы талай ізденіп жаздық. Ендігі сөз – жалпы газет турасында. Газеттің қажеттілігі жайлы. Газеттің осы күнгі бәсекесі туралы. Гаджет заманындағы газет төңірегінде.
Жиырма жылдай бұрын интернеттің кеңістігін зерделеп, электронды поштаның мүмкіндігін меңгере бастадық. Бүгінде саусағы қимылдайтынның барлығы ұялы телефон, планшет, компьютерге дендеп, кейбірі тіпті содан бас көтере алмай қалған. Мұндайда дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралы саналатын газеттің бәсекеге қаншалықты төтеп беріп келе жатқанына ойланасыз.
Электронды дәуір туғалы газеттің келешегі қандай болады деген пайымдаулар 20-30 жыл бұрын басталған. Біреулер баспасөздің болашағына күмән келтірсе, біреулер өз дерегін алға тартты. Одан бері әлемде талай өзгеріс болды. Бүгінде компьютер мен гаджет-планшеттің түр-түрін шығаратын АҚШ, Оңтүстік Корея елдерінде қағаз газеттің дәуірі әлі жүріп тұрғанын естиміз. Халықтың оқу мәдениеті жоғары деңгейде болмаса да, газет тіршілігі әлі алға басып келеді. Әуелде оқырман түгел электронды кітаптарға да көшіп кетер деп сескенген едік. Шүкір, қағаздың иісін артық көретіндер баршылық әлі.
Мамандар гаджетті көп оқудан гөрі газетті көп оқу қажеттігін, оның денсаулыққа әлдеқайда зиян келтірмейтінін айтады. Онсыз да көп тіршіліктің шешімі көк экранға мәжбүрлі болып қалған. Қазір адамзат көздің нұрын сақтайтын дүниелер іздеп табуға аяқ басты. Газет көзді сақтаумен қатар оқырманға ойлануына, ізденуіне, керегін іздеп табуына толық мүмкіндік береді.
Батыс елдерінде газет оқу — зиялылықтың белгісі. Яғни, ол — сән. Ол — бекзадалықтың белгісі. Өкінішке қарай, біздің жұртымыз күнкөріс қамымен кеткенде газет оқудан бойын алшақтатып алғанын білеміз. Бірақ ұрпақ тәрбиесін ойлаған адам үйіне газет жаздырып алады, үйде газет оқып, балаларына оқу тәрбиесін сіңіреді.
Бүгінде жарты парақ текст оқуға ерінетін ұрпақ пайда болды. Өз бетінше оқымақ түгілі, мектепте әрең қадағалап оқытатын деңгейге жетіп қалды. Бір қызығы, мұғалімдердің өздері де осы газет оқудан қалса, оқушыларға қалай үлгі болады?
Газет оқымаған ұрпақ кітапты қалай оқымақ?
Кітап оқымаған ұрпақта қандай рухани жетілу, ойлану дағдысы, қиял болуы мүмкін?
Бізге осы мәселені қатты ойлану керек. Қорытынды шығарып, насихат жүргізу керек.
Екінші үлкен мәселе – бүгінде әбден интернет иіріміне сүңгіп кеткен елді енді ақпараттық гигиена ұстануға үйрету. Яғни, бүгінде қаптап кеткен сайттар мен әлеуметтік желілерден, тиктоктан, телеграм каналдан небір сұрапыл ақпараттар ұсынылып жатыр. Әуелде жедел жарияланған жаңалықтар қызық көрінсе, бүгінде рейтинг пен хайп үшін жалған, қауіпті ақпараттар көптеп берілуде. Жаңалықтың шынайы немесе өтірік екенін ажырата білу керек. Әсіресе, электронды құралдарда ақпараттың дені фактімен жазылмаған немесе бұрмаланған жаңалық. Содан талай адамның аузы күйді.
Газеттің артықтығы – автордың жауапкершілігінде. Не жазылса да, дерегі мен фактісі жалған екені анықталса жауап беретін адам бар. Кәсіби журналистиканың талаптарын таныған нағыз маманның жазғанында жалғандық болмайды. Кез-келген дүниесін тексеріп, байыптап барып бір-ақ оқырманға ұсынады. Газет журналистері әрдайым өзінің сауаттылығымен ерекшеленеді. Газетте ұлтқа қажет, қазақтың танымына сәйкес дүниелер жарияланады. Әртүрлі тақырыпта сұхбаттар, зерттеу- лер беріледі. Ал әлеуметтік желілер-дегі жаңалық – бір күндік, оқиғалық, қысқа, ленталы ақпараттар ғана. Пайым, танымыңыз одан өспейді. Ойыңыз тарылады, кеудеңіз қуыс болады.
Сонымен не айтқымыз келді?
15 ақпан — «Saryarqa samaly» газетінің бірінші саны жарыққа шыққан күні ақпараттық қауіпсіздік туралы жеткізгіміз келді. Газет оқу – саналылық белгісі.
Газет-журналдардың рөлін осы жолы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өтті. «Қазақ басылымдары әрдайым руханиятымыздың берік қорғаны, газет-журналдарымыз ұлттық сана-сезімді дамыту ісінде айрықша рөл атқарады» деді.
«Зиялы қауым өкілдері көкейкесті мәселелерге байланысты ой-пікірлерін негізінен мерзімді баспасөз арқылы білдіреді» деп атап өтті.
Көрдіңіз бе, мемлекет те байыпты ақпарат көзінің қажеттілігін ұғынды. Мемлекет басшысы жыл басында алғашқы сұхбатын газетке – «Ана тілі» газетіне берді. Ешбір сайтта, әлеуметтік желіде емес, телеарнада емес – басылымда жариялады.
Осыдан 2 жыл бұрын 2 ақпан – ұлттық басылым күні ретінде белгіленді. Бұл да — Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ баспасөзіне деген үлкен құрмет, ертеңіне деген сенімділік.
Гаджет емес, газет оқу ұрпақты өсіреді.
Өсетін ел болайық.
Нұрбол Жайықбаев, «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы.