Газет – балаңызға берген тәрбие

Қаң 8, 2026

Құрметті оқырмандар!

Әне-міне дегенше, Жаңа 2026 жыл да босағамыздан сән-салтанатымен кіріп келді. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, 2025 жылдың бұйыртқан сыбағасын таттық, ендігі жерде 2026-ның несібесінен дәмеліміз. Бұл ретте, әркімнің шаңырағынан шаттық, бақ-береке, табыс үзілмесін деп тілейміз.

 Облыстық «Saryarqa samaly» газеті де 2025 жылы оқырмандарын өзіндік жаңалықтарымен қуантуға тырысты. Әдеттегідей әр саланың өзгерістері мен мәселелерін қамтитын, жілігін шағып, талдап жазатын «Ұлттық экономика», «Қаржы», «Шамшырақ», «Шипагер», «Ғылым», «Digital», «Имандылық», «Мәдениет», «Дода», «Құқық» беттері және балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ainalaiyn», жастар тақырыбын қаузайтын «Жас times» қосмышалары ұдайы жарық көріп келді. Қазіргі күннің мәселелерін көтеретін «Бас тақырып», «Алаң», «Сауал – сізден…», «Жеті атадан жеткен жәдігер» сынды тұрақты айдарлар үзілген емес. Одан басқа, танымал тұлғалардың қатысуымен өтетін «Біздің сұхбат», «Тікелей желі», Гүлжайна Түгелбай әріптесіміз қолға алған «Өмірге құштарлық» мотивациялық авторлық жобасы да жалғасын тапты.

Қазақ елінің атағын айдай әлемге танытқан, 2025 жылы мерейтойлық даталары аталып өткен ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтан бастап, Иса Байзақов, Майра Уәлиқызы, Қалмұқан Исабаев, Қадыр Тайшықов тәрізді көптеген жерлес тұлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы түрлі түсті қосымшалар жарияланды. Барлық мемлекеттік мерекелерге байланысты газет нөмірлері арнайы мазмұнмен, әдемі безендірулермен оқырманға жол тартты. Барлық кәсіби және атаулы мерекелер бойынша арнайы мақалалар, жұмысшы кейіпкерлер туралы суреттемелер шықты. Мұның бәрі шығармашылық ізденістің, оқырманға қалай да пайдалы дүние ұсынсақ деген парыз-аманаттың үдесінен шығудан туындағаны анық.

Одан бөлек, қараша айынан бастап оқырмандарды қызықтыру мақсатында газетімізді тек оқымай, ондағы суреттерді жанды түрде, видео секілді көру, журналистердің мақалаларын өз дауыстарымен тыңдау мүмкінідктері іске қосылды. Бұл жаңашылдықтар республика көлемінде алғаш рет қолға алынды десек, артық айтқандық емес. Жаңа технологияның игілігі одан әрі де оқырман мүддесіне, оларды рухани байыту мақсатында қызмет ете береді.

2025 жылы редакция журналистері бірқатар республикалық, облыстық шығармашылық бәйгелерден жүлделі оралды. Мұның бәрі шығармашылық ұжымның қабілет-қарымы жоғары, әлеуметі республикалық деңгейден кем түспейтінін көрсетсе керек.

«Saryarqa samaly» газеті уақыттың талабына сәйкес «Instagram», «Facebook» әлеуметтік желілерінде жеке ресми парақшаларын жүргізеді. Онда газетте жарық көрген сүбелі мақалалардың аңдатпасы, өңірдің жедел жаңалықтары, хабарландырулар жарық көреді. Газеттің интернет-сайты да жұмыс істейді. Онда ПДФ форматында газет нұсқасын оқи аласыздар.

Биылғы, 2026 жылы да басылым ұжымы бағындырған белестерден төмендемей, одан әрі ізденісін таныта түспек. Биыл да өңірімізде туып-өсіп, дарынымен жалпақ елге танылған тұлғаларымыздың мерейтойлары баршылық. Одан бөлек, Президентіміз «Әділетті Қазақстан» ұғымы аясында қойып отырған талапқа сәйкес көптеген мәселелер жазылатыны хақ. Мұның барлығы — елдігіміз үшін қажет дүние. Тек күнкөрістің қамымен жүре берсек, егемен ел ретінде болашағымыз бұлыңғыр болатыны аян.

Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын газет оқырмандарының қатары азайып келеді. Бұл жағдай жалпы ұрпақтың кітап оқу мәдениетінің төмендігінен туындауда. Дамыған елдерде газет-кітап оқу мәселесін ескіліктің жұрнағы деп емес, жаңашылдықтың нышаны деп қабылдайды. Себебі, газет, кітап оқитын жастар ізденгіш, ойшыл келеді. Әлеуметтік желілер өздерінің қысқа хабарларымен ол олқылықтың орнын ешқашан толтыра алмайды. Бұған жұртшылықтың көзі уақыт өте жетіп келеді.

Былтыр біздің біраз асаба қауымның ұйымдастыруымен өткен той-томалақтарда ұсақ-түйек сыйлықтың орнына облыстық газетке сертификаттар сыйланғаны да есімізде. Бұл тамаша дәстүр одан әрмен жайыла түссе, қоғам болып ұтатынымыз айқын.

Кеше ғана «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев газеттердің бүгінгі маңызы туралы былай деді:

«Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын. Ел ішіне кең таралған TikTok, Instagram немесе Telegram арналары еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігінен алыс екенін өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз.

Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын. Көптеген жастарымыздың да дәл солай ойлайтынына қуанамын. Себебі, олар адамды тығырыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, нағыз білім-ғылым жолына түсуді мақсат тұтады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ».

Жыл сайын «Saryarqa samaly» газетіне жазылып, сертінен таймай, ұстанымына адал болып жүрген оқырмандарымызға ризашылық білдіреміз. Олардың ортаға жайған үстелдерінде үнемі облыстық газет жатады.

Үйде газет болса – ол жас ұрпағыңызға үлкен тәлім-тәрбие. Ол — атаның немереге қалдыратын мирасы. Газет – әкенің көзі.

Осыны мықтап жадына түйіп жүрген оқырмандарымызға Жаңа жыл құт-берекесімен келіп, мәуелі бәйтеректей жайқалып өніп-өсе беріңіздер деп тілейміз.

Нұрбол Жайықбаев, облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы.