Павлодарда қала күніне орай ұйымдастырылған шаралар жоғары деңгейде өтті. Бұл күні таңғы уақыттан бастап кешке дейін жалғасқан мерекелік бағдарламалар түрлі бағытты қамтып, әр жастағы көрерменге арналған мазмұнды шараларға толы болды.
Шаһардың әлеуеті артып келеді
Қала күнімен павлодарлықтарды облыс әкімі Асайын Байханов құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
— Бүгінде ерке Ертіс жағасындағы көрікті қаламызда 370 мыңнан астам тұрғын тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бәрімізді туған жерге деген сүйіспеншілік пен оны көркейтуге деген ұмтылыс біріктіреді. Қазіргі таңда Павлодар – серпінді дамып келе жатқан, заманауи, келбеті жаңарып жатқан қала. Көшелер абаттандырылып, жаңа нысандар бой көтеріп, инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асуда. Бұл жетістіктердің барлығы – сіздердің игі еңбектеріңіздің арқасы, – делінген құттықтауда.
Иә, шынымен Павлодар қаласы – бүгінде әлеуметтік-экономикалық бағытында белсенді дамып келе жатқан шаһар. Әсіресе, индустрия, ауылшаруашылық, инфрақұрылым, әлеуметтік салалар қарқынды дамуда. Соңғы бір жылда Павлодарда көптеген елеулі жоба жүзеге асты. Осы бағытта 30 шақырымнан астам жылу желілеріне жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ТМ-13 жаңа жылу магистралінің құрылысы аяқталды. Аталған жұмыстардың нәтижесінде жылыту маусымының қауіпсіз өтуі қамтамасыз етіліп, үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету жеделдетілді. Сондай-ақ, жылу беру маусымындағы залалдардың санын 30 пайызға азайтылды. Қаланың негізгі көшелері мен шағын аудандарындағы су құбырлары желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жоба Қамзин, Чайковский, Толстой және Катаев көшелерінің шекарасындағы тұрғын үйлердегі көптен бергі су басу мәселесін шешеді. Ал Горторг, Зеленстрой, Екінші Павлодар шағын аудандары мен Элеватор ауданында кәріз желілері салынды. Қала күні қарсаңында облыстық әкімдіктің қолдауымен Орталық жағалаудың төменгі жағында этно-стильде әрі Мемлекеттік тудың элементтерімен безендірілген сахна пайда болды. Бұл сахна ұлттық дәстүрге құрмет пен шығармашылық рухты бейнелейді. Бұл идеяны өңіріміздің шығармашыл жастары ұсынған. Сонымен қатар, «Pav_story» мобилография және «Өнерлі шаһар» авторлық ән байқауларының қорытындысы шығарылып, жеңім-паздар марапатталды.
Одан бөлек, қала көшелерінің бойындағы билбордтарда өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған ашық аспан астындағы көрме ұйымдастырылды. Онда Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлер туралы толығырақ ақпарат берілген.
Биыл Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің шешімімен алғаш рет «Қаланың дамуына үлес қосқаны үшін» арнайы төсбелгісі де тағайындалды. Марапат облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық дамуына үлес қосқан азаматтарға тағайындалған. Осы жылдың алғаш марапаты қала күні қарсаңында табысталды. Барлығы 5 адам
марапатталды. Олардың қатарында әріптесіміз, «Ertis Media» ЖШС директорының кеңесшісі және медиа орталықтың PR және өндіріс кеңсесінің меңгерушісі Гүлнаш Әбішева да болды.
Жүгіру марафонымен басталды
Қала күнін мерекелеу таңғы 07.00-де Орталық жағалауда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Qala run» жүгіру марафонымен басталды. 500-ден аса қаланың белсенді тұрғыны мен спорт сүйер қауым Ертіс жағалауының бойында 5, 10 және 21 шақырым қашықтықта жүгіріп, салауатты өмір салтын насихаттады. Жарысқа көршілес Астана, Қарағанды, Абай және Өскемен қалаларынан келген спортшылар да қатысты. Солардың бірі – астаналық Айбек Рақымжанов.
— Мен бұл жүгіру марафонына арнайы Астана қаласынан келдім. Мұндай жарыстарға жиі қатысып отырамын. Әр жылы ұйымдастыру деңгейі жақсарып келеді. Бізге ауа райы да қолайлы болды. Осындай марафондар салауатты өмір салтын дәріптеп қана қоймай, адамдарды біріктіреді, — деді ол.
Ал күндізгі уақытта қаланың әр шағын ауданында концерттік бағдарламалар, балаларға арналған ойын-сауық алаңдары мен отбасылық байқаулар ұйымдастырылды. Жастардың бастамасымен өткен
флешмобтар мен арт-жобалар мерекенің сәнін келтірді.
Бұл күні павлодарлықтар мен қонақтарға ерекше тарту жасалды. Академик Сәтбаев көшесі, 15-үйінде жаңа заманауи «Сквер 15» кофетериясы есігін айқара ашты. Жаңа мекеме келушілерге тек кофе емес, сондай-ақ, демалыс пен жылы атмосфераны да ұсынады.
Кофейняның меңгерушісі Кирилл Кузьминнің айтуынша, бұл — классикалық кофейня емес, гастроформаттағы кеңістік. Мұнда дәмді кофе мен тәттілерден бөлек, ересектер мен балаларға арналған мәзір де ұсынылады. Ерекшелігі – кең және жылы интерьері, сондай-ақ отбасылық демалыс үшін ыңғайлы жағдай.
— Біз тек кофе сатуды емес, адамдарға кездесуге, жұмыс істеуге, демалуға болатын орта жасауды мақсат еттік. Кофетерия жаңа таныстықтар мен естеліктер мекені болсын деген тілегіміз бар, –
дейді К.Кузьмин.
Қала тұрғындары жаңа кофейняны жылы қабылдады. Келушілерге есігін айқара ашқан демалыс орны алғашқы күннен-ақ адамға лық толды. Жаңа мекеменің ашылуы қала күніне орайластырылды.
— Шаһарымызда осындай зама-науи әрі жылы атмосферадағы жердің пайда болғаны қуантады. Ашылуына отбасымызбен келіп, дәм татып көрдік. Ішкі интерьері де, мәзірі де көңілден шықты, –
дейді Павлодар қаласының тұрғыны Әлия Маратқызы.
100 мың адам қатысты
Қала күніне арналған мерекелік шаралар легі Орталық жағалаудың «Ertis Promenade» сахнасында түйінделді. 100 мыңнан аса қала тұрғыны мен қонақтары жиналған бұл шара көрерменге естен кетпес әсер мен керемет көңіл-күй сыйлады.
Аталмыш мерекелік бағдарлама бұған дейінгі шаралардан өзгерек болды. Себебі, бұл концертке әлемге белгілі өнер жұлдыздары қатысып, бірнеше тілде ән шырқады.
Кештің хедлайнері Ingrid, Outlandish, Sadraddin, Ace және Луина болды. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар да өнер көрсетті. Бұдан бөлек, көпшілік асыға күткен облыстық жас талантты жандардың басын қосқан «Ertis dauysy» облыстық ән байқауының гранд-финалы өтті. Мерекелік кеш барысында финалға өткен бес үміткер ән шырқады. Олардың арасынан 17 жастағы Дәния Усина жеңімпаз атанды. Дәния жеңімпаз атана отырып, тегін бейнебаян түсіруге және авторлық ән жазуға мүмкіндік алды. Барлық қатысушы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қала күніне арналған мерекелік кеште шынайы сезімнің көрінісі болған ерекше сәт есте қалды. Бұл жайтты көпшілігі жеке парақшаларында жарыса бөлісіп, жазып та жатты. Ол – сүйікті қызына болашақ жары болуға ұсыныс жасау сәті. Осындай батыл қадамды әріптесіміз, «Saryarqa samaly» газетінің фототілшісі Есенжол Исабек жасады. «Ertis Promenade»
сахнасының алаңында жиналған 100 мыңнан астам адам алдында сүйіктісі – Меруертке ұсыныс жасап, «иә» деген жауап алды.
Мерекелік кештің түйіні отшашу болды. Ол түнгі аспанды түрлі түсті жарықпен көмкеріп, қала күніне ерекше нүкте қойды. Павлодарлықтар бұл күнді «Ерке Ертістің жағасында…» ұранымен қарсы алып, туған қаласына деген сүйіспеншілігін тағы бір мәрте паш етті.
Айдана БОРАНБАЕВА.