Қыс айларында тұрғын үйлердің өртенуі, адамдардың түтіннен, газдан улануы сынды оқыс оқиғалар жиі орын алып жататыны жасырын емес. Мұндай жағдайларға жол бермес үшін өрт қауіпсіздігі қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа талап бойынша жеке тұрғын үйлерге арнайы автономды оптикалық-электрондық құрылғылар, яғни түтін мен газдың шығуынан бірден хабар беретін датчиктер орнату міндеттелуде. Қазіргі таңда түсіндіру шаралары қолға алынуда.
Сонымен, бұл бағыттағы жұмыстар аймағымызда қалай жүргізіліп жатыр? Тұрғындар нені білуі тиіс? Осы және өзге де сұрақтарымызға Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Оразбек Уәлиханов жауап береді.
– Оразбек Тоқболатұлы, алдымен тұрғын үйлерге дабыл қағатын датчиктерді орнатудағы мақсат пен үй иелеріне жүктелетін міндеттерге тоқ-тала кетсеңіз…
– Өкінішке қарай, жылыту маусымы басталған кезеңде жеке тұрғын үйлерде өрт шығу қаупі арта түседі. Бұл жағдай адамдардың түрлі жарақат алуына, тіпті, кейде өлім құшуына дейін әкеліп соғады. Мамандар зерттегендей, тілсіз жау көбінесе түнгі уақытта орын алатындықтан, шырт ұйқыда жатқан тұрғындар білмей қалып жататын сәттер де болады. Сол себепті биыл жазда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығы бойынша өрт қауіпсіздігі қағидаларына өзгерістер енгізіліп, жеке тұрғын үйлер автономды түтінге қарсы өрт хабарлағыштарымен жабдықталуы тиіс деген талап қойылды. Сол арқылы өртті дер кезінде анықтап, адамдардың өмірін сақтап қалуға мол мүмкіндік бар. Қалай десеңіз, бұл датчиктер түтін мен газдың шыққанын бірден сезіп, дыбыс шығарып, белгі береді. Осы уақытта үйдегі адамдар шұғыл түрде өрт сөндіру қызметіне, төтенше жағдайлар мекемесіне хабарласып, өздері де қауіпсіз аумаққа кетіп үлгеретін болады. Сондықтан міндетті түрде әр үйде дабыл құрылғысы қойылғаны жөн. Ал оны әркім өз қаражатына орнатуы тиіс. Тек аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар көмек көрсете алады. Облыс бойынша осындай 1289 шаңырақ есепке алынған. Қазіргі таңда олардың үйлеріне датчиктер орнатылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.
Айта кетерлігі, бұрын салынған жеке үйлердің иелері аталған құрылғыларды өздері қойып алуы қажет. Ал енді салынатын үйлер үшін жаңа талап міндетті түрде жобаға енгізілетін болады. Сондай-ақ, көпқабатты үйлерде тұратын азаматтар да өз пәтерлеріне дабыл датчиктерін орнатып алғаны дұрыс. Себебі, құрылғылар электр сымының тұйықталуынан болатын өрттің тұтануынан да хабар беретіндіктен, қауіптің алдын алуға көмектеседі.
– Дабыл датчиктерін орнатуға бағытталған жұмыстарды бақылау мәселесі қалай жүзеге асады? Тәртіпке бағынбаған тұрғындарға шара қолданыла ма?
– Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – әрбір үй иесінің, әрбір тұрғынның міндеті. Сондықтан біз халық арасында барынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ жеке тұрғын үйлерді аралап, тексермейміз. Көршісі немесе басқа да азаматтардан шағым түскен жағдайда ғана іс құзырлы органдарға тіркеліп, тексерілетін болады. Ол үшін сол үйдің иесінің рұқсаты болуы қажет. Яғни, біздің басқарма мамандары жеке үйлерді өз бетінше тексере алмайды. Дегенмен де, талаптарды бұзған жандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды үйлерін дер кезінде қорғаныс құралдарымен жабдықтауға және өрт қауіпсіздігі нормаларын қатаң сақтауға шақырады.
– Тұрғындар нені білуі тиіс? Жалпы, қандай кеңес айтасыз?
– Әрине, тұрғындар алдымен қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс. Ол үшін автономды оптикалық-электрондық құрылғыларды орнатып алғандары жөн. Негізі, бұл датчиктің бағасы орта есеппен 2500 теңге тұрады. Оған қосымша 3 қуаттағыш батарея салып, қабырғаға орнатып қояды. Үнемі құрылғының жұмыс істеп тұрғанын қадағалап отыру керек. Ол үшін ортасындағы түймені басып, дыбыс шығып тұрғанына көз жеткізсеңіз болды. Әйтпегенде, батареяның қуаты бітіп қалуы ықтимал.
Атап өтерлігі, бұл датчиктерді орнатып қойғаннан кейін ұзақ уақыт бойы жұмыс істей береді. Сондықтан әр тұрғын өзінің және отбасының қауіпсіздігі үшін тәртіпке бағынып, үйіне дабыл құрылғысын орнатып алғаны дұрыс.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
